Қазақ білсін!

ҚАПЕРДЕ ЖҮРЕР ҚАҒИДАЛАР

(Жазушы-публицист Марат Тоқашбаевтың жазбаларынан)

Сөздің анасы – сәлемдесу
Сәлем беріп, сәлем алғанда жылы жүзбен көзге тіке қарап, шын пейілмен амандасады. Қолдың ұшын тигізіп немесе басын басқа жаққа бұрып тұрып амандасуға болмайды Кім бұрын «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем берсе оның алатын сауабы көп болмақ. Сондықтан, жастардың көбірек сауап жинағаны жарасады. (Бұл тәртіп коронавирустық карантин кезінде жүрмейді).
Еркек пен әйел қол беріп амандаспайды. Бірақ, әйел бірінші болып қол созса оны дереу алу керек (карантин кезінде жүрмейді).
Көпшілік орында, дастархан басында кейін келген адам жағалай бәрімен қол беріп амандаспайды. Бәріне ортақ «Ассалаумағалайкүм» деп амандасса жетіп жатыр. Отырғандардың бірі «Уәликүмсалам» десе бәрі сәлем алған болып есептеледі.
Дәретханада, моншада сәлем бермейді, сәлем алмайды. Бас изесіп, амандасуға, хал-жағдай сұрасуға болады. Одан сыртқа шыққан соң ғана «Ассалаумағалайкүм!», «Әликүмсалам!» деп сәлем беруге, сәлем алуға болады.
«Періштенің құлағына шалынсын!» деп айту керек.
«Алланың құлағына шалынсын!» деп айтуға болмайды.
Пайғамбар жасы туралы түсінбестік көп. Біреулер 61 десе біреулер 63 деп таласады. Дұрысы қайсы? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздің қазіргі қолданыстағы григорян күнтізбесі бойынша 571 жылы туып, 632 жылы 61 жасында қайтыс болған. Сонда Пайғамбар жасы 61 екен. Ал 63 жас григорян күнтізбесі мен мұсылманша Хижра жыл санауының айырмашылығынан туған. Григорян күнтізбесінде бір жылда 365 күн болса, Хижрада 355 күн бар. Бір жылда он күн, үш жылда бір ай, отыз жылдан асқанда бір жыл, 60 жылдан асқанда екі жыл айырмашылық шығады. Сонда григорян бойынша 61-іңіз хижрамен 63. Әлгі 63-ке толдым, Пайғамбар жасына жеттім деп жүргендер іс жүзінде хижрамен 65-ке толғаны.
Енді мүшел жас туралы
Адам 24-ке, 36-ға, 48-ге, 60-қа, 72-ге толып, бір күн асқанда мүшелге кірген болып табылады. 25-ке, 37-ге, 49-ға, 61-ге, 73-ке толған күні мүшелден шығады. Биыл 1960 жылы туғандар мүшелге кіріп жатыр.
Біреу түшкірсе…
Біреу түшкірсе «Сау бол!» деу – орысша «Будь здоров» дегеннің калька аудармасы. Дұрысы түшкірген адамның өзі алдымен «Әлхамдулилләһ!» деу керек, мұнысы Аллаға шүкіршілік айтқаны. Оны естіген адам «Яркаму каллах» (Алла саған рақым етсін!) дейді. Қазақша «Жәрәкімалла!» дегеніміз сол.
Алтын мен күміс әшекейі туралы
Ер адам алтын сақина, алтын шынжыр, алтын жүзік (печатка), алтын сағат, алтын әшекей тақпайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алтын мен жібекті ер адамға харам еткен. Некелік рәсімде ер адам алтын орнына күміс сақина тағуына болады.
Неке әйел мен еркектің одағы
Неке әйел мен еркектің одағы әрі Алла тағала тарапынан еркекке берілген аманат. Еркек пен әйелдің бір-бірінің алдында хаққылары, яғни, міндеттері болады.
Еркектің әйелінің алдында оны бірінші – баспаналы ету, екінші – ішіндіру, үшінші – киіндіру, төртінші – оған имандылық қағидаларын үйрету сияқты төрт міндеті болады. Еркекке үш тыйым бар: бірінші әйелін себепсіз ұруға, екінші балағаттауға, үшінші бір жаққа шыққанда жөнін айтпай кетуге болмайды.
Әйелдің күйеуінің алдында төрт міндеті болады. Бірінші күйеуінің абыройын қорғау, екінші күйеуінің ата-анасы мен туыстарын сыйлау, үшінші күйеуінің тапқанын ұқсату, төртінші балаларына күйеуінен үйренген, өз бетімен үйренген имандылық тәрбиесін беру. Әйелге де үш тыйым бар: бірінші, күйеуінің рұқсатынсыз үйге бөтен еркек қондырмайды, екінші, күйеуінің рұқсатынсыз жол жүрмейді, үшінші, күйеуінің рұқсатынсыз үйдегі затты, бұйымды, құралды біреуге бермейді.
Әкесін құрметтейтін бала тәрбиелеген әйелді жақсы әйел дейді. Балаларын әкесіне қарсы тәрбиелеген әйелді жаман әйел дейді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар