Тағзым

Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары аян. Өмірдің өзі керемет болғанымен, өтетіні өкінішті… Туған өлкеміздің тарихында есімдері қастерлі ұғымға айналған азаматтар баршылық. Ізденіске толы өмір жолындағы атқарған еңбектерін басшылыққа алып, еңселі бейнесін темірқазықтай үлгі тұтып, ұстанатын биік тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Арқа өңірінің тумасы Кәрім Шаймұратұлы Жүсіпбеков десек қателеспейміз.

Елбасымыз «Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру – үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді»,–деп атап көрсеткеніндей, бүгінгі ұрпақтың бірі білсе де, бірі білмейтін нар тұлға, нағашы атамыз жайлы қалам тербеуді жөн санадым.
Бар ғұмырын елінің болашағына арнаған Кәрім Шаймұратұлын туған өңірі зиялы азамат, елінің дамып, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан іскер басшы ретінде таниды. Ол кісімен жұмыс істеген, тәрбиесін көрген, басқа да себептермен жанында жүрген, сырттай білген адамдардың кез келгені осы бір аяулы жанның бойындағы азаматтық, тәлімгерлік қасиеттерді зор ілтипатпен еске алып, есімін қадірлей жүретіндігі анық. Кәрім аға 1939 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданының Конюхова ауылында дүниеге келген. Сол кезде әлі жас бала болса да, соғыстың бүкіл елге салған қайғы-қасіреті мен ауыртпалығының шет-жағасын көріп, ой жағынан ерте есейеді. Сөйтіп 50-ші жылдары жоғарыдағы облыстың «Киров» колхозында қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастайды.
Бірақ, бойында бар от-жалын сол кездің өзінде балаң жігіттің тұлғасын, болмыс-бітімін басқалардан өзгешелеу етіп көрсетіп тұратын-ды. Сол ет тірлігі көп ұзамай өз жемісін беріп, жоғары оқу орнынан кейін екі жылдай аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы қызметін атқарады. Бұдан кейінгі өмір және еңбек жолы көбіне-көп Көкшетау облысының Көкшетау ауданымен тығыз байланысты болып келеді. Олай дейтініміз, абзал азамат 1964-1968 жылдар аралығында осы ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, жастарды жігерлі істерге жұмылдырды. Ал, кейін, 90-шы жылдары араға біраз уақыт салып барып, кемелденіп жетілген, ел ағасы жасына тақаған шағында осы ауданның әкімшілік басшысы, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда әкімі қызметінде істеді. Сол кезде кейін жабылып тынған байырғы, іргелі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы ойдағыдай өрбігенін айтсақ, Кәрім ағамыз сияқты ел басшыларының осы жолдағы тынымсыз еңбегі, әр нәрсенің түйінін халқына қарай тарқатып шешкені жақсы аңғарыла түседі.
Бұл екі аралықта Кәрім Шаймұратұлы шалғайдағы Рузаев ауданының «Шарық» кеңшары партия комитетінің хатшысы, Ленинград аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, халық депутаттары Чистополь аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде де үлкен өрлеу, өзінің бар күш-жігерін өмірдің өркендеп, ілгері басу игілігіне арнау жолынан өтті. Сол қызметтердің кейбірінде басшылық тізгінін он жылға дейін ұстауы қай істе де тұрақтылығын, билік пен халық алдында сенім биігінен көрінгенін, азаматтық, басшылық тұлғасымен көп көңілінен шыққанын көрсетсе керек. Осы күні де соның айғағындай, көзі көргендердің Кәрім ағаға жылы лебіздері, көрсеткен көмек-қолдаулары үшін алғыс сезімдері жиі құлағымызға жетіп жатады.
Өмір жолында еңбексүйгіштік қасиетімен әрі қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп, жарқын да сабырлы бейнесімен, кеңпейілімен ел есінде қалған Кәрім Шаймұратұлының өмірдегі жарқын ізі сол кезде өзі ерең еңбегі үшін ие болған «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерінен, көптеген медальдар мен «Азаматтық қорғаныс саласының үздігі», «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінен де шуақ шашып тұрғандай. Сол тұстағы өзге де партия, кеңес қайраткерлерімен бірге халқының дауылда ығы, суықта шуағы, ыстықта көлеңкесі бола білген абзал аға өз ағайынының ортасында да басқа салған небір ауыр жүкті қайыспай арқалаған болатын. Асылдың сынығындай бәрімізді жан шуағына бөлеген, демеп қолдаған жақсылығын осы күні туған-туыстары, жиендері, соның ішінде Есеновтар әулеті де зор ілтипатпен, аузымыздан тастамай айтып отырамыз.
Иә, шынында, бүгінгі күні біз де қияға өрлеп, шыңға шықсақ, соның бәрі сол кісінің арқасында деп білемін. Бізге үйреткен ақыл-өнегесі, тағылымы мол тәрбиесі мәңгілік жадымызда сақталмақ. Сонда да бізді емес, өзін емес, әрдайым қоғам мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын жоғары қойған Кәрім ағамыздай асылдарымыздың өмір және еңбек жолы бүгінгі ел басқарған азаматтарымызға да әрдайым есте ұстар берік бағыт-бағдар болса ғой дейсің. Бірақ, олай бола бермейтіні өкінішті-ақ.
Әлі есімізде, Кәрім аға облыс таратылғанға дейін Көкшетау облыстық еңбек басқармасының бастығы болып қызмет атқарғанында да, үнемі қарапайым халықтың жағдайын, тұрғындардың жұмыспен дұрыс қамтылуын, соның мүмкіндігінше бейнетін емес, зейнетін көруін ойлаумен болатын. Әрқашан ұлық болса да кішік болып, кішімен де, жаспен де тең дәрежеде сөйлесіп, аңқылдап жүретін. Қашан көрсек те, қашан сөйлессек те, әр жағындағы тектілік пен тереңдік, сырбаздық пен сабырлылық, кішіпейілдік пен ізеттілік өзін танытпай қоймайтын. Сұлу Көкшесінде осындай ізі, осындай өзіндік орны бар Кәрім нағашымызды бұл күнде жалғыз біз емес, елі де сағынатындығына ешбір шүбәміз жоқ. Сондықтан, жылдар көші жүйіткіп жатқан мына толассыз уақытта көпшілікке Кәрім Шаймұратұлы Жүсіпбековтің аяулы тұлғасын тағы бір жаңғыртып өткім келген осы шағын мақаламды мынадай өлең жолдармен аяқтағым келеді.
Жақсылықтың нұрын төккен маңайға,
Тұлғасыз ғой үлгі болған талайға.
Өзіңіздей халықтың бір перзентін,
Ұмытпайды елің-жұртың қалайда!
Иә, «елім» деп өткен жақсы ағалар есімі жүректерде мәңгі жарқырай берсінші.
Алма ЕСЕНОВА.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар