Жарқын бейнесі жадымызда

Беу, шіркін, зымырап өтіп бара жатқан уақыт-ай, десейші! Күні бүгінгідей, тіпті соның бәр-бәрі әлі есте. Қара шаңырағымыз саналған облыстық газет редакциясының табалдырығын тұңғыш рет аттаған сәттегі көңіліміздің қобалжып, жүрегіміздің өрекпіген кезі де, қолына қалам ұстаған мүйізі қарағайдай әз ағаларымыз бен техникалық қызметкерлер қатарындағы апаларымыздың да бет-бейнесі әлі күнге көз алдымызда.

Өз басым жарты ғасырға жуық журналист атанған ғұмырымда көптеген дарынды әріптес ағаларыммен, бүгінде көбісі о дүниелік болған жоғарыда атап өткенімдей, әз ағаларыммен үзеңгі қағысып, қатар жұмыс істеген екенмін. Солардың арасында екі тілде де бірдей өте зерек, майдалап отырып арадай шағып алатын тұңғыш редакторым Өміржан Оспанов (расында да бұ кісі кезінде республикалық «Ара-Шмель» журналында қызмет істеген екен), оның сол тұстағы орынбасарлары Әбділда Дүйсенов, Естай Мырзахметов, Сүлеймен Ақтаев, одан бертінгі Жанайдар Мусин, Баян Нұрпейісов, Әуез Өтеев, Октябрь Бұхарбаев, Кәрім Ілиясов, Мәтен Бижанов, Маман Ементаев, Жомарт Оспанов, Нұрқан Ысқақов, Сәкен Хасенеев пен Сәкен Әубәкіров, Жұмабай Есекеев, Кенжетай Ғазизтегі, Ерғали Досбаев, секретариатта күні-түні әр беттің макетін сызумен айналысқан Қайыргелді Оспанов, Дулат Сапиханов сияқты ұстаз болуға лайық әріптестерімді қайтіп ұмытпақпын. Аруақтары риза болсын деймін, меншікті тілшілеріміз: қызылтулық Ешім Ыбыраевтың, щучьелік Самат Рахымберлиннің, уәлихановтық Жағыпар Қосановтың, еңбекшілдерлік Айдархан Кәріпхановтың, зеренділік Елубай Жәкеновтің, айыртаулық Қайыржан Хайрулиннің, чистопольдық Дүйсенбі Қазбектің, ленинградтық Шұғай Өсіповтің, красноярлық Қошан Оразалиннің, тағы басқаларының есімдерін қайтіп ауызға алмасқа.
Ал біреулері 40-тан аса бере, енді біреулері 50-ге жетер-жетпес-
те оқыста о дүниелік болып кеткен Ойрат Асанбаевты, Мәули Әлімовті, Кемел Жетпісовті, Нүркен Нарғожинді, Бауыржан Бектасовты, Тоқтар Баймағанбетовты, осыдан бірер жыл бұрын ғана бақилық болған Дәуренбек Шөрентаевті, тағысын тағыларды қайда қоймақпыз.
Ұзын сөздің қысқасы осы арада сол кезгі редакторымыз Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің тұсында оның оң қолы іспетті орынбасарлық міндетті атқарған Хакімтай Қасымұлы Әміров ағамыз жөнінде әдейілеп тоқталып өтпекпін. Ол кісі бұрындары білім ошағы саналған – орта мектептерде қатардағы ұстаз, кейінірек директорлық лауазымдарда жұмыс істеген өте зиялы, білімдар әрі көңілі көлдей кеңпейіл адам болатын. Өзі мына іргедегі, нақтырақ айтсақ, Зеренді ауданына қарасты Кіші Жамантұз ауылының тумасы көрінеді. Мұны артынан сұрастырып білгеніміздей және Тоқтардың, Тоқтар Баймағанбетовтың айтып жүретініндей.
–Бұл кісі менің ағатайым, әрі аталаспыз,–деп мақтаныш сезімімен қайта-қайта лепіріңкіреп сөйлейтін. Әйтсе де, біз оған оншалықты мән бермейтінбіз. «Болса болсын, енді қайтеміз» дейтінбіз де қоятынбыз.
Бір жақсысы, Хакімтай аға біз сияқты жастарға әркез ағалық ақыл-кеңесін айтып, қандайда бір мәселені қалайша шешуді, жазбақ материалыңды қайтып жазуды үйретіп отыратын. Бұған намыстанған кейбіреуіміз алғашқы кезде ауылдан келген бұл «мұғалімсымақ» бізге неғып ақыл айтқыш болып кетті, бұл өзі неткен білгіш «ғұламасымақ» деп мұрнымызды шүйіріп жүрсек те, артынан білгеніміздей, Хакең өзімізден де бұрын, мында келмей тұрып, аудандық газетте қызмет істеп, қаламы жүйрік, ойы терең журналист атанған жан екен.
Сөйтіп жүргенде, уақыт өте келе Хакең де ердің жасы – 50-ге толғанын атап өтпекші болды. Ол уақытта Көкшетауда, осы тұрған қалада дәмхана, мейрамхана дейтіндерің саусақпен санарлықтай ғана еді. Және бұған дейінгі «бастықтар» біз секілді кейінгі жас-
тарды кішісінеме немене, оншалықты елеп-ескере бермейтін. Үйіне шақырмақ түгілі, қастарына ертіп жүруге арланатын. Бірақ, Хакең өйтпеді. Өзінің ер мінезі, қолы ашық, кеңпейіл жан екендігін осы жолы анық байқатты. Сөйтіп, не керек, оншақты қыз-жігіт Хакімтай ағаның шаңырағына бет алдық, қолымызда өзара жиналып, мерейтойға арнайы әдейілеп алған сыйлығымыз бар. Көп қабатты үйлердің бірінде тұратын Хакімтай ағамыз есік алдында өзі тіке тұрып, қарсы алды. Сол кезгі жымия қарап, күлімсіреп тұрған бейнесі әлі күнге көз алдымда.
Сонымен жарастықты әзіл-күлкімен кешті өткізген манағы онымыз іңір қараңғылана үйді-үйімізге тарастық. Үй дейтін үйіміз де жоқ ол уақытта, вокзал маңындағы жатақханалардың бірінде тұратынбыз. Көбіміз пәтер жалдап, күн көріп жатқан шақ.
Осы арада өткенге сәл тоқталсақ, анада Хакеңнің жұбайы – Күләндаш жеңгеміз Еркебұлан, Алтай есімді балаларымен өзара ақылдаса келе шаңырақ иесінің дүниеден озғанына бәлен жыл деп, осы Көкшетауда арнайы құран бағыштап, ас берді. Хакең туралы бейнефильм де көрсетілді. Жиналған көпшілік арасынан ол кісі жайлы естеліктер айтылып, жылы-жылы лебіздер білдірілді. Міне, тегінде «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, жақсының ісі ешқашанда өшпейтұғынына сол жылы көзіміз анық жетті.
Сонымен тойдың жөні бір бөлек. Шаруаның қат-қабат шағы. Шынтуайтқа келгенде, журналистер қауымында жылдың қай маусымында да еш тыным болмайды ғой. Әлемде болып жатқан күллі жаңалық өз алдына, облыс аумағындағы өзгеріс, оны-мұны кемшілік, жақсылық атаулыны көзге түрте отырып, жазу керек. Оның үстіне Компартияның дүрілдеп тұрған кезі. Горкомнан да, обкомнан да қоңырау жиі түседі. Горисполком, облисполком тағы бар. Олардың атауын әдейілеп орысшалап жазып отырғанымыз, ол тұстағы нұсқау солай болатұғын. Жоғарыдан материалдар көбіне орысша түседі. ТАСС-тан, ҚазТАГ-тан материалдар шоғыры аударылып, жер-жердегі редакцияларға телетайп арқылы жеткізіледі. Әсіресе, СОКП-ның съездері, конференциялары кезінде журналистер қауымында тыным деген болмайды. Аптасына 5 рет шығатын үлкен форматтағы газеттер кейде 6, кейде 8-бетке дейін көбейтіліп, қатардағы подчитчицадан бастап, корректорлар дейсің бе, біз сияқты «қырағы көздер» ме, әйтпесе өзім біздің үстімізден қарайтын редакторлар ма, әйтеуір, бәріміздің түн ұйқымыз төрт бөлінетін. Мұндайда ұстаздық тәжірибесі бар Хакең әр беттегі материалдарды елен-екшеп, мұқият оқып шығуға тырысатын.
Ал біз болсақ, терілген қайсыбір материалды болсын, сыдыртып, тездетіп оқып шыққанға мәз болатынбыз. Бірақ, мұндай салғырттығымызды әу бастан аңғарып, байқап жүргендіктен бе, Хакең ұрыспаса да, ақырын ғана байыппен:
–Жігіттер, газеттің қай нөмірі деме, бәрі жауаптылықты талап етеді. Ал, мына шыққалы жатқан нөмір тіпті бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан, аса сақтықпен оқығандарың жөн,–деп ескертіп қоятын.
Съезд демекші, ол уақытта өзім редакцияның идеология (бұрынғы насихат және үгіт) бөлімінің меңгерушісі лауазымында қызмет істейтінмін. Бірде қалыптасқан әдетпен бізді «Көкшетау правдасы» және орыс тілінде шығатын «Степной маяк» газетінің редакцияларына екі адамның оңтүстік астана – Алматыдағы Жоғары партия мектебінің жанындағы идеология қызметкерлері бас қосатын курсқа оқуға жібермекші болды. Сөйтіп, Хакең және мен, көрші газеттен партия тұрмысының меңгерушісі Анатолий Федорович Лысенко, облпартком нұсқаушысы Кәкім Нұрпейісов, төртеуіміз жолға шықтық.
Онда барған соң Хакең мен өзі тұстас Лысенко екеуі – бір бөлмеде, Кәкім екеуміз келесі бөлмеге орналасып, жайғастық.
Таңғы тамақты ішісімен аудиторияда отырып, лекция тыңдаймыз. Лекция оқитындардың көбі – жоғары оқу орындарының профессорлары мен орталық комитеттің лауазымды қызметкерлері. Кешкісін аз-мұз көшеде сейілдеп, бөлмеге қайтып келген соң Хакең, Кәкім үшеуіміз кәдімгідей қарт ойнаймыз. Ермегіміз сол. Телевизор деген жоқ. Ортада тұрған
телефонмен кей-кейде үйді-үйімізге хабарласамыз.
Сонымен, әдейілеп белгіленген мерзім де өте шықты. Елге қайтқан соң тағы қарбалас жұмыс басталды. Айтайын дегенім, сол тұста жазған әр мақаламызда жарықтық Бірекеңнің, СОКП-ның бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің әр сөзінен цитат келтіру алдымызға міндет етіп қойылатын. Бірде күнделікті кезекті «запас-
ты», яғни, секретариатқа тапсырылатын материалдарды әзірлеп болған соң, марқұм суретші-ретишер Дулат Сапиханов екеуміз кабинеттің есігін іштен жауып алып, шахмат соғып жатқанбыз. Спорласқан түріміз – әр партияда ұтылсаң, қарсыласыңа бір «штук» сигарет бересің. Онда темекі дегеннің қат кезі. Және дүкендерде талонмен ғана босатылады. Жастау болған соң, Дулат екеуміз де ол тұста шылым шегетінбіз. Содан ойын қызықты болсын деп, бәс тігіскеніміз ғой бұл.
Не дерің бар, содан әлдебір мезгілде сырттан есікті біреу жұлқылағандай болды. Демімізді ішке тартып, дыбыс шығармай үн-түнсіз отырмыз. Тым-тырыс. Әрі-беріден соң есікті әлдебіреу тағы тықылдатып қақты. Тегі, біздің іште отырғанымызды кім-кімде болсын, сезсе керек. Енді болмас түге, деп ашып қалсақ, ар жақта Хакең, Хакімтай ағамыз көзілдірігін қайта-қайта түзеп қойып, қарап тұр. Бізде үн жоқ. Кабинеттің іші көк түтін. Тұман түсіп тұрғандай. Не айтарымызды білмей Хакеңе қарап, сілейіп қалыппыз.
–Е, сендерге айттың не, айтпадың не? Бар тіл қатқаны осы болды.–Жұмыстан кейін де уақыт жетеді емес пе?–деді қолын бір сілтеп, әрі бұрыла бере Хакең.
–Сайлау, тап қазір тездетіп маған кіріп кетші.
–Мына бір цитатты түпнұсқасынан екеулеп тексеріп жіберейік,–деді.
Шіркін-ай, деймін, қазір сол оқиғаны қайта есіме алып. Біздің Хакең, жүрегі ізгі, неткен ақжарқын да кеңпейіл жан еді… Басқа біреу болса ғой тегі, біздің манағы теріс қылығымызды бетке басып, жұмыс уақытында бостан босқа «азартный» ойын ойнап жатқанымызды көріп, мындағы бастықтардың бірі ретінде басқаша шара қолданар еді-ау!..
Иә, дейміз-ау, жалпы Хакімтай ағай ұстазға тән сабырлы мінезімен ұжымда шығармашылық ахуалды сақтауға, газет беттерінде жаңа айдар ашып, осы басылымның оқырмандар арасында кеңінен тарауына және оның мазмұнының жақсара түсуіне елеулі үлес қосып, басқалармен қатар көп еңбек сіңірді. Оның жарқын бір мысалы, «Көкшетау правдасы» (қазіргі «Көкшетау») газетінің Мәскеудегі Бүкілодақтық көрме павильонына қойылуы, орталық «Правда» газетінде арнайы мақаланың жариялануы дер едік. Тіпті, кейін Хакеңнің өзі бас болып, газеттің бірнеше қызметкерлері КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, мақтаулы марапаттарға ие болды.
Аруағы риза болғай дейміз, жалпы кейінгі жастар жағы Хакеңнің өзін-өзі ұстау мәдениетіне, жүріс-тұрысына, тіпті киім-киісіне дейін қызыға қарайтынбыз. Атақты Қанай бидің ұрпағы болғандықтан да, өзінің көзі тірісінде ағамыздың тілеулес ағайын туыстары, сыйлас достары, ізін басқан шәкірттері де көп болды.
Иә, күн мен түн кезекпен алмасып, ай соңынан ай, зымырап жылжып жылдар білінбей өтуде. Әйткенмен бүгінде өзіміздің де жүзімізді әжім басып, жасымыз жетіп, егде тартқанымызбен, күні кешелері жаны жайсаң, жүрегі ізгі әз ағаларымыздың жарқын бет-бейнесі әлі күнге есімізден кетпейді. Құдай тағаладан иман тілеп, жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа болсын дейміз оларға…
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
еңбек ардагері.

Суретте: (солдан оңға қарай) Сайлау Көшкенұлы, Хакімтай Әміров, Кәкім Нұрпейісов және Анатолий Лысенко.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар