Жақсының жақсылығын айт!

Іскер басшы, кішіпейіл азамат еді

«Арқа ажары» газетінің биылғы жылғы 19 қаңтарында жарияланған «Сот ісіне сіңірген еңбегі ұмытылмайды» атты мақаланы оқыған соң қолыма қалам алдым. Өйткені, мақалада сөз болған Ақмола облыстық сотының бұрынғы төрағасы Ақжан Жайлауханұлы Ештайдың мен де біраз жақсылығын көріп едім. Қазақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?!

Өзім прокуратура саласында ұзақ жылдар жұмыс істегенмін және осы саланың ардагерімін. Зейнет демалысына шыққаннан кейін көрген-білгендерім туралы кітап жаздым. «Артыңда ұлағатты сөзің қалсын» деген түсінік бар ғой. Көріп, көкірегіме түйгендерімді кітап етіп шығарсам, жастарға үлгі-өнеге болар деген ниет қой менікі. Сөйтіп, «Ақиқат пен аңыз» атты ғұмырбаяндық кітабым жарық көрген еді.
Бір күні жолым түсіп облыстық сотқа барғанымда, жаңадан тағайындалған сот төрағасы Ақжан Ештайдың қабылдауына кірдім. Бұрынғы сот төрағасы Өмірсерік Қожабаевты жақсы білуші едім және ара-тұра сәлем беріп кіріп шығатынмын. Қазақы тәрбие алған азамат үлкен деп сыйлап, кіргенімде хал-жайымды сұрап, арқа-жарқа әңгімелесетінбіз. Сол әдетпен жаңа төрағаға кірдім. Аласа бойлы, мығым денелі иманжүзді кісі екен. Бірден қос қолын беріп амандасып, бастықпын деп шіренбей кішіпейілдік танытып ақжарқын әңгімелесті. Менің Торғай жерінде қызмет еткенімді естіген соң «Мен де сол қасиетті Торғай өңірінде жұмыс істеп, еңбек жолымды сонда бастағанмын. Сіз қызмет еткен Амангелді ауданында адвокат болып, содан кейін сот саласына ауыстым. Сіз туралы да жұрттың жақсы пікірін естігенмін», – деп бірден жылы қабақ танытты.
Жас болса да облыстық соттың алқа төрағасы, Жоғарғы соттың судьясы сияқты біраз лауазымды қызметтер атқарған, енді астаналық іргелі облыстың сотын басқарып отырған азаматтың бойындағы кішіпейілділігі мені қатты сүйсіндірді. Содан разы көңілмен өзім жазған «Ақиқат пен аңыз» кітабын қолтаңбаммен сыйға тарттым. Сол арада Ақжан Жайлауханұлы суырмасынан 10 мың теңге алып шығып, «кітабыңыздың байғазысы» деп берді. Жөн білетін азаматтың мына қылығы одан сайын сүйсіндіріп, «осы кітабыма пікір жазып берсеңіз қайтеді» деп ұсыныс жасадым. «Жақсы, оқып шыққан соң пікірімді жазармын, содан кейін хабарласып айтамын», – деді ол.
Қоштасарда сот төрағасы баспасөз хатшысын шақырып, бірге ескерткіш суретке түстік. Арада үш-төрт күн өткенде оның көмекшісі телефон шалып, төраға сіздің кітабыңызға арнап пікір жазып қойды, соны алып кетіңіз деп хабарласты. Содан облыстық сотқа келіп, Ақжан Жайлауханұлының кітабым туралы жазған пікірі мен өткенде түскен суретті алып кеттім. Ақжан бауырыммен бірге түскен сурет ескерткіш болып сақталып тұр. Одан кейін де оқта-текте облыстық сот төрағасына кіріп, әңгімелесіп тұрдық. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, ол зейнеткер екен деп көкірегімнен итермей, әрдайым жылы шыраймен қабылдап, уақытын бөліп, әңгімелесетін.
Ақжан Жайлауханұлының кітабым жайлы жазған сол пікірден кішкене үзіндіні оқырман назарына ұсына кеткенді жөн көрдім.
«Кітапты оқып шыққанда оның өзі өмір сүрген ортаның жақсысы мен жаманына немқұрайлы қарай алмайтын аға өмірінің ақиқат пен аңызға толы белестері бейнеленген туынды екеніне көз жеткіздім. Мұндай туындылардың болашақ ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екені сөзсіз. Сондықтан, Бекболат ағамызға қаламыңыздан ақиқатқа жалған араласпаған осындай өткір туындылар дүниеге келе берсін деген тілек білдіремін.
Кітап авторына деген ізгі тілекпен Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақжан Ештай. 27 қыркүйек, 2011 жыл, Көкшетау қаласы».
Ақжан Ештай бауырым іскер басшы, білікті маман судья, жақсы азамат еді. Ажал арамыздан ерте алып кетті. Бірақ та, ол атқарған жақсы істер көп адамдардың көкірегінде естелік болып сақталып қалды. Өзім көріп, куәсі болған Ақжан бауырыма қатысты жай осы еді.
Бекболат СӘДУАҚАСОВ,
прокуратура органының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар