Сыйластық бар жерде ынтымақ бар

Көп ұлт бауырына басқан халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығы, бейбіт сүйгіш мемлекетіміздің басты жетістігі. Әсіресе, ел ішіндегі ұлтаралық татулықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны айрықша.

Отанымыздағы бейбітшілік пен келісім, ел тұрақтылығы мен этносаралық қарым-қатынастың, достықтың бастауы – Қазақстан халқы Ассамблеясы. 130-дан астам ұлттың өкілдері тұратын Қазақстан өткен жиырма жыл ішінде халықтардың бірлігі мен ынтымақтастығының арқасында әлемге танылған ел болуы – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. Қазақстанның көк байрағы көптеген халықаралық ұйымдардың төрінде желбіреуде. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда өткен үлкен саммиттер мен іргелі форумдар еліміздің әлемдік аренадағы биік орнын көрсетеді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев елдің ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттарын нақты айқындап берді. Оның ішінде, әсіресе, қоғамдағы тұрақтылық, азаматтық келісім мен этносаралық татулық мәселелері ерекше назарға алынды. 1990 жылдардың басында Елбасы еліміздегі барлық ұлттық-мәдени бірлестіктерді бір ортақ ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясына біріктіру туралы идеясын жариялады.
Міне, осылай 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ұйымның басты мақсаты –­ Қазақстандағы барлық этностардың рухани тұрғыда қайта жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз ету, барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру еді.
1992 жылы Қазақстан халқының кезекті форумдарының бірінде жасаған баяндамасында Елбасы: «халықтар достығын қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы қалыптастырды. Бүгінгі таңда, тарихымызды қайта таразылау кезінде, бұл байлықты жоғалтуға, интернационализмнің игі дәстүрлерін жоққа шығаруға хақылы емеспіз. Олар соңғы он жыл бойында және партиялық нұсқаумен қалыптасқан жоқ. Қазақстанға бұл халықтар барлық жағдайда өз еркімен қоныстанбаған. Біздің жеріміз барлығын жылы қабылдап, мыңдаған адамдардың туған үйіне айналды. Бұл жағдайда қазақ ұлты, оның ашықтығы, ғасырлардан келе жатқан қонақжайлық және бейбіт көршілестік дәстүрлері ең шешуші рөл атқарды. Бірлескен еңбек, аға ұрпақтың басына түскен ауыртпашылықты еңсеру, күнделікті тұрмыстық тіршілік пен мерекелер арқылы республика халықтарының қазіргі келбетін таныстыратын өзіндік ортақ дүниесі қалыптасты» деп, тарих пен тағдыр ортақтығы жағдайында қазақстандық ортақ мәдениет пен бауырластық ұстаным қалыптасқандығын айтып, ел бірлігінің тұғырнамасын анықтап берген болатын.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді. Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессия аралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты. Әр облыста ассамблеялар құрылып, Достық үйлері мен орталықтар ашылып, этно-мәдени бірлестіктер жұмыс атқарып келеді. Біздің ауданда да Достық үйі ашылған. Ел ішіндегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты насихаттау, оны халыққа түсіндіру, соның негізінде қоғамдық пікірді қалыптастыруда осындай орталықтардың маңызы ерекше.
Қазіргі және келешек ұрпақтың басты міндеті – бір-біріне деген құрмет, ұрпақтан-ұрпаққа береке-бірлікті сабақтастыру. Біз елімізде өмір сүріп жатқан әрбір халықтың тілі мен мәдениетін құрметтеу арқылы бейбітшілікті сақтап қаламыз. Соған дәнекер болатын бірлік. Бірлігімізді бекем сақтау баршамыздың парызымыз деп түсіну қажет.
Түйіндей келгенде, «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаса керек дана халқымыз. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрғанда ғана нәтижелі істер орын алады. Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі екендігін естен шығармауымыз керек. Бабалар жүріп өткен жолдың өзі тарихи тағылымы бізге береке бастауы – бірлікте, ырыстың алды – ынтымақта екенін айқын көрсетіп келеді.
Дидар ОРАЛБЕКҰЛЫ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар