Ақын, жазушы-журналист Серік Жетпісқалиев 60 жаста

Серік Жетпісқалиев – әдебиетші жігіт, ақын. Содан да болса керек, диплом жұмысы лепті, көтеріңкі жазылған. Сондықтан, жақсы оқылады. Келтірген мысалдары, сүйенген дәлелдері, айтқан пікірлері, қысқасы, бәрі-бәрі орынды, әдемі. Еңсесі биік тұрған татымды еңбек. Жоғарғы бағаға лайық.

Қадыр МЫРЗА ӘЛІ,
Қазақстанның Халық жазушысы.

Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев 1960 жылы Атырау облысының Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің түлегі. Поэзия, проза жанрында бірнеше кітаптары жарық көрген. 10 томдық «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясы антологиясының жетінші томына өлеңдері енген. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық форумда «Үздік балалар жазушысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Құрметті Серік Сапарұлы! Сізді 60 жасқа толған мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Арқа ажарында» бір кезде бөлім меңгерушісі болып жемісті қызмет атқарған сіздің де қарымды қаламыңыздың ізі, айшықты қолтаңбаңыз бар. Алпыс жасыңыз өзіңізге, отбасыңызға амандық, жақсылық пен табыс әкеліп, жаңа, абыройлы биіктерден көріне беруіңізге тілектеспіз. Әрқашан қаламыңыз ұшқыр болып, оқырмандарыңызды тың туындыларыңызбен қуантуыңызға жазсын!

Ізгі ниетпен,
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Талғам тәрбиеленбесе…

Замандастарымыздың бойындағы кейбір келеңсіздіктерді көрген сайын тәрбиенің олқы соғып жатқандығын байқаймыз. Сөз қадірі бөз қадірінен қымбат болған кешегі кеңес заманында әдебиеттің ауылы түтінін түзу ұшырып тұр еді. Ал, бүгінгі күні ше? Осы ойлар төңірегінде асқаралы 60 жасының қарсаңында Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Серік Жетпісқалиевке жолығып, әңгімелескен едік.

– Серік, әдеби ортадан жырақта жатқан біздің өлкеде көркем әдебиеттің жайы қалай? Қоғамдағы көп кеселдің емін табатын да, адам жанын жақсылыққа баулитын да әдебиет емес пе еді? Бүгінгі күні сөз өнерінің сұйылуына не себеп?
–Талантты, талғамды қаламгерлердің қолынан шыққан көркем әдеби шығармалардың бір мың, екі мың данамен ғана жарық көруі, аздығы көптен сынға алынып келеді. Оның зардабын орталықта емес, шетте, шалғай облыс, аудандарда отырған біз анық сезініп отырмыз. Көптеген керемет, құлшына оқыр кітаптарымызды көре де, ала да алмаймыз. Газеттерден ғана «сондай кітап шықты» деген қысқа хабар, анонстарды байқап қаламыз.
Бұған дейін «Кеңестік қоғамның бір жақсы жері көрнекті қаламгерлердің туындыларын кем дегенде қырық, елу мың данамен басып шығаратын. Оқырманнан сұраныс болса, қайта бастырып тарататын. Қазір де сондай тиражбен шықса» деуші едік. Енді, бүгінгі таңда басқа бір шындық шаншудай қадала бастады. Ол – ғаламтор, әлеуметтік желіні ерттеп, жастардың кітап оқымауы, әңгіме, повесть, хикаяттар жарияланатын газеттерді қолға алмауы. Қанша түрткілесең де олар: «Әлеуметтік желіден, интернеттен оқып аламын» деп, кітап ұстаудан жалтара береді. Қалың-қалың роман-повестерді шұқшиып отырып, тұшынып оқиды дегенге көңілі түскір сенбейді. Шындықтың бетіне тура қарасақ, біздің өңірде соңғы он, жиырма жылда прозалық шығарма жазуға құлшынған жас көрмеппіз. Себебі сол – прозалық шығармаларды оқымау шығар. Сондықтан, өресі биік, талғамы түзу, талапқа сай деңгейдегі әдеби туындылар әзір қырық, елу болмай-ақ, жиырма, отыз мың данамен таралса да жететін сияқты. Соны таратып, насихаттап, оқуды жолға қойып алған соң сұранысқа қарай басыла бермей ме? Дәл бүгін кітапқа таласып жатқан жастар жоқ қой… Қолға алып, астын сызып газет, кітап оқудың берері көп-ау. Кей тұсында ойға бөгіп, кей тұсын қайыра оқып, оңаша, әсем бір күй кешудің әсеріне не жетсін? Ерекше ықпалы бар мәдениет қой.
Кітап оқымаған соң талғамның төмендейтіні жанға батады. Орталықтарда, әдеби-мәдени ортасы қалыптасқан ірі қалаларда оңай шығар, шалғайда, еңселі дүниелер оқылып жатпаған, алып авторлар алшаң басып келіп, озық пікірлерін айтып ортамызда жүрмеген жерлерде оқырман талғамы өкінішке орай құлдырап барады. Жұрт оқу оқып, көз майын тауысып, арман етіп, мақсұт қылып, өмірін сол жолға арнап, жазу машығын жетілдіріп ақын, жазушы атанғандармен «ауылдың алты ауызы» демекші, ағайын-туғанына, құда-жегжатына туған күніне орай құттықтау өлең жазып, оларын жинақтап, кітап қып түптеткендерді тең көреді. Жалпы, саз әлемінде, ән-өлең әлемінде болсын, «әуесқой» деген ұғым болушы еді. Ұмытылды. Асылықтан, біреуді кемсітуден Аллам сақтасын, бірақ, жұрт кәсіби шығармашылық, кәсіби өнер мен әуесқойлықтың ара-жігін айыра алмай қалды. Бұл көркемдікке көзқарасты түсіріп жіберетін жағдай болса керек. Сонда, өсіп-жетіліп келе жатқан жастар талғамын қалай тәрбиелейміз?
–Біз мұндай халге қалай жеттік? Себептері мен салдарын айта аласыз ба?
– Оның салдары мен себептері жетерлік. Бірақ, біздің ойымызша, солардың ішіндегі негізгілері шын мәнісіндегі көркем әдебиеттің жетімді таралмауы, қалың оқырманға жетпеуі. Олар қолжетімді болып, жалауы желбіреп тұрса, қалың оқырман оқып, айтып жүрсе, оның айбары айналасындағы «шөп те өлең, шөңге де өлеңді» жасқар еді, мысы басар еді. Керемет, көркем шығарма қолына тиіп, тамсанып оқып шыққан әкесі соткаға үңілген баласына: «Мына кітапты міндетті түрде оқы!» деп тапсырмас па еді, сонда. Оқып болған соң пікір алмаспас па еді? Ол жолдастарына айтып, кітап қолдан-қолға өтіп, жалғаспас па еді? Қолына мықты кітапты нықтап ұстатып, тапсырмаған соң бала жай «кітап оқы» дегенді тыңдап тұр ма, бұл күнде?
Екінші, қара қылды қақ жарған әдеби сынның үнсіз қалғаны. Бар болса, тағы бізге жетпеуі. «Бүгінгі қаламгерлер, бүгінгінің адамдары сынды көтере алмайды» деген тұжырым сыншыларды тежеп тастағандай. Төбеден төніп тұрған сыншысы жоқ әдебиетке енді ерінбегеннің бәрі өңмеңдеп кіріп жатқандай.
Бұрын, иә сол кеңестік заманда жаңа бір шығарма оқысақ, көп кешікпей ол туынды туралы Зейнолла Серікқалиев, Бақыт Сарбалаев, Сағат Әшімбаев, Бекен Ыбырайым сияқты сыншылардың рецензияларын, талдау мақалаларын оқып, оның жақсы-жаманын, кем-кетігін, жетістігін, әдебиетке әкелген жаңалығын, қаламгердің стиль ерекшелігін түсінетін едік. Басқа кітаптарға сол көзқараспен, сол талғаммен қарай бастаушы едік. Сыншылар мақалалары арқылы білгеніміз толығып, шынайы әдебиет туралы түсінігіміз түзеліп, талғамымыз өсетін еді. Не оқып, қай кітапты іздеуіміз керек екенін айқындап алушы едік. Қазір, сол шынайы шындықтан шет қалдық. Әсіресе, шалғайдағы біздер. Қазақша айтқанда шұлғауымызға шырмалып, сүрініп-қабынып жүрміз. Демек, тек әдебиеттегі емес, қоғамдағы сыншылар атқарар жұмыс, ықпал орасан екен ғой!.. Жарасқан ағамыздың ақын-жазушы, өнерпаздарға жазған бір-бір ауыз эпиграммалары, пародияларының өзі бір үлкен дүние екен ғой! Қаншама пікір тудырып, талайларға етек-жеңін жидырып, кейінгілерді жайсыз күйге түсіріп, жасқап тастайтын еді ғой!
–Қысқасы, сыншылардың терең, уәжді, қисынды, әрі-беріні қамтыған өрелі талдауларына қолымыз жетпей, тақыл-тұқыл жүрміз дейсіз ғой. Демек, талғам байғұсымыз да там-тұмдап жиған білімімізге қарамастан тоқырап, таяздана түскені ме?
– Әйтеуір, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі, М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастыратын ғылыми конференцияларға келетін еліміздің үлкен ғалымдарының баяндамаларын тыңдап, бір жасап қаламыз оқта-текте. Әңгімелерін соңдарынан қалмай, аяқтарын үзеңгіге салғанға дейін тыңдаймыз. Өйткені, шарада берілген он бес-жиырма минутта олардың қоржынындағы жиған-тергені түгел айтылмайтыны белгілі. Айлап-күндеп жатуға олардың уақыттары жоқ. Кітаптарының жағадайы – жаңағы… Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония жылына бір «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» деп аталатын Арқа әндерін насихаттауға арналған фестиваль өткізіп, арқа-жарқа етеді. Әрине, олардың қонақтары да асығыс. Бар білгендерін өңір халқына сарқа жеткізіп кете алмайды. Тамсанып қала береміз.
Содан да «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сияқты газеттерге, ежелгі серігіміз «Жұлдызымызға», облыстық «Арқа ажары» газетіне жүгінеміз. Дидар Амантай, Амангелді Кеңшілікұлы сияқты білімдар әдебиетшілердің пікірлері шыға қалса оқып, қасқалдақтың қанындай кітаптарын іздестіреміз. Сирек кездестіреміз. Онымыз тәттінің дәмін әлдеқашан ұмытқан шалдың аузына немересі мұз кәмпит салып жіберген әлегі сияқты көрінеді. Қызығымызды созып, ұзақ қаужаңдаймыз. Алмас қылыштай әдеби сын болмаған соң талғам түзеуге тырысып ірі қаламгерлердің әлдебір әріптестері туралы жазған мақалаларын, пікірлерін, эсселерін оқимыз. Олардың қатарында Серік Қирабаев, Роллан Сейсенбаев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Ғарифолла Есім, Сауытбек Абдрахманов, Сұлтанәлі Балғабаев, Ғаббас Қабышев, Көпен Әмір Бек сияқты ағаларымыз, Қали Сәрсенбаев, Жүсіпбек Қорғасбек сынды замандастарымыз бар. Жабал Ерғалиев, Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Нұрғали Ораз сияқты жазушылар шығармаларынан сөз бен ой сұлулығына қанығамыз. Амангелді Айталы, Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдіковтер, Құлбек Ергөбек сұхбаттарын сүземіз. Қадыр Мырза Әлі қалдырған сырлар, Шерхан Мұртаза қалдырған «Бір кем дүниеге», Жақау Дәуренбеков ағамыздың ой ұшқындарына жаутаңдап, айтқандарының астарын ұқпаққа ұмтыламыз. Қайран, Әшірбек Сығай ағамыздың хабарын, сыр-сұхбатын қолға қалам алып, рахаттанып отырып көріп, көкжиегімізді кеңітер кездер көзден бұл-бұл ұшты ғой! Баяғы, Ақселеу, Жәнібек ағалар хабарлары сықылды аңызға айналып жүре берді. Ондай сырбаз, білімдарлар эфирден көсіле сөйлеп отырса кәні?!.
«Сын түзелмей – мін түзелмейді» деуші едік қой. Өткір тілді, орамды ойлы, жеті қат жер астындағыны білетін біртуар сыншылардың мақалаларын жиі оқыса оқырман да, қаламгер де өсер еді. Кім қолына қалам алмасын желкесінен сыншы төніп тұрғанын сезіп, маңдайынан шып-шып тер шығар еді. Өзіне-өзі сыншы болу, сөз қасиетінен қорқу, жауапкершілікті сезіну дәрежесіне жету зор күш болып тұр.
Талғам төмен болған соң қоғамның, жұрттың жел сөзге еруі оңай екен. «Ә» дегенде ақ пен қараны айыра алмай, көрінгенге иланып, әлдебір орынсыз уәжге бас изеп, жүгенсіздің пікіріне жығыла кету дегеніңіз жиі ұшырасады. Кәсіби, салмақты, сабырлы журналистиканың алдын көбіне ермек немесе танымалдылық, табыс іздеген блогерлер орап кетті. Мүмкін блогер емес, телефон ұстаған қарапайым тұрғын. Алдымен айтады, көбіне асыра сілтейді. Оның сөзінің шыншылдығын, айтқанының жөн-жосығын анықтауға ешкім мән бермейді. Содан орынсыз пікір өрбиді. Қоғамдық пікір туғызуда үлкен үлесі бар, әлеуметтік желінің жалауын желбіретіп жүргендерге әлдебір жауапкершілік жүктеліп, әдеп, мәдениет, сауаттылық, ұлттық ұстаным төңірегінен талап қойылып, ғалымдар бағыт-бағдар сілтеп, ағалар ақыл айтуы керек сияқты. Еркіндік жақсы, алайда отансүйгіштік, өз халқын, өз жұртын сүю, оның салт-дәстүр, әдет-ғұрпын құрметтеу, қалпын сақтау қажет емес пе? Кітап оқымаған, үлкенді сыйламаған, ұлттық құндылықтар бойына сіңбеген әлгіндей белсенділер «атың шықпаса жер өрте» деп біреу сүрінсе, біреу жығылса оның себебін ескермей, түймедейді түйедей етіп, желдірте жөнеледі. Өйткені, «сары басылымдардың» басты ұстанымы – сенсация екенін құлағы шалғаны бар. Сөйтеді де, жар басында жамандық күтіп жарбиып отырған байғұз, не қара қарғадай бағып отырады. Бола қалса, оған өтірікті қосып, оқиғаны үстемелеп, «тұздықтап» құтыртады. Оған көпшілік қосылып, әңгімені қоздырса, атының озғаны. Арада бірер күн өткен соң оның айтқанының дені өтірік болып шығады. Онысына қысылып жатқан кім бар? Өтті – кетті. Ол келесі оқиғаны күтулі. Оны сынап-мінеп жатқан ешкім жоқ. Дұрысында, сенсация іздесе, оны жақсылықтан да табуға болар еді. Ел ішінде ерекше ерлік жасағандар, ерекше өнері, қасиеті барлар толып жатыр. Тек оларды іздеу, тер төгу керек қой. Тосын оқиғаны қара аспанды төндіріп, төпелей жөнелу оңай.
Орталық телеарналарда хабарды арнайы білім алған кәсіби журналистер емес, әншілер, әртістердің жүргізуі сынға алынғалы қашан. Соңғы кезде бұл үрдіс мүлде күшейіп кетті. Экраннан әдемі көріну, танымалдылық арқылы аудитория тарту жөн. Алайда, әнші-әртістерде дәл кәсіби журналист ұғып, сезіп-білер кәсіби түйсік, шеберлік жетіспейді. Соның салдарынан эфир қонағы еркінсіп, өзінің әлдекімде кеткен өшін алып, әдепсіздік көрсетіп, менмендік байқатып алып жатады. Кәсіби маман болса әңгіме ауанын алдын ала аңғарып, оған жеткізбей, қонағын елге керек мәселені айтуға жетелер еді. Жақында бір тележүргізуші өзі хабарына тақырып етіп алған кітабын өзі оқымағанын айтты. Эфирден. Хабар үстінде. Мұны қалай түсінуге болады? Сынға құлақ аспағанның, сынның әлсіз болуы осындай кемшіліктерді көбейте беретін шығар.
Айтпағымыз, өресі биік көркем шығармалар көбірек тиражбен басылып, өңірлерге кең таралса, білікті ғалымдар, жазушылар, сыншылар белсендірек болып, өткір ой-пікірлерін шалғайдағы оқырманына да жеткізіп отырса, оқырман талғамын қалыптастыруға көбірек көңіл бөлсе. Бәлкім, сыншыларды ынталандырудың, оларды қорғаудың жолдары қарастырылса. Әйтеуір, талғам тәрбиеленбесе түсінбестік көбейіп, тірелер тығырықтың көбейе түсері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген ақпарат саласының үздігі Байқал БАЙӘДІЛОВ.

«Намысты төсін ұрғылап, Махамбет жырлап тұр, бірақ!..»

Серік Жетпісқалиев

Қаройдағы ой

Түнереді Қаройдың қанды аспаны,
Ой үзілді, ұштасып, жалғаспады.
Сатқындардың, қинайды, төрге өтіп-ап,
Қапылыста жағаға жармасқаны!

Нағашы ма, жиен бе, қандас бәрі,
Өзгерді ме пиғылы, жолдас па әлі?
Ақшасы үшін сұлтанның, айдап салған,
Қалай қиып өлтірді нарқасқаны?!

Ақылдасып, келісіп, қамдасқаны –
Батыр басы… шауып-ап, ал қашқаны!
Басын алар батырдың батыл болса,
Майдан салып, неге ашық жандаспады?
Ақша тескен көкейін әумесерлер,
Аллаға емес, патша мен ханға сенген.
Балталарын сілтеді-ау, хас батырға,
Қаруларын ел қорып, жауға сермер.

Көп ой ұлып, миымда қанқақсайды,
Қисын тауып қайғыдан, жалғаспайды.
«Мен тірімін!» дегендей аспанда тек,
Жарқылдайды Махаңның алдаспаны!

Елес емес, көремін мұны шындай,
Құламайды Махамбет ұлы шыңдай.
Найзағайлар жаниды жігерімді,
Махамбеттің қайралған қылышындай!

Қаройдың қара жусаны

Қаройдың қара жусаны,
Қайғыдан қажып түнерген.
Махамбет қаны тамған жер,
Өзіңнен жастай сыр емгем.

Көлбеңдей өтіп көк сағым,
Дүбірдің көкте тұр шаңы.
Томсара қапты алыста,
Қымтанған мұңды құм шағыл!

Алау да жүзін нұр шалып,
Арша да мойнын қылша қып.
Елестеп өтті-ау, батырдың,
Қапыда кеткен бір шағы!

Тербеген желге мұң шағып,
Төбесін талмай күн шағып.
Қайғыдан қажып теңселді,
Қаройдың қара жусаны!

Арман да арман арман бел,
Әлекті тағдыр салған жер.
Махамбет ақын өкініп,
Қапыда, шіркін, қалған жер!

Намыс

(1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне)

Үзілгенді талай қайта күрмедім,
Елемедім әумесердің үргенін.
Жағымды ашпай көктей өтіп жатса да,
Қара нарша шыдадым да…
Кірледім.

Жетесізбен ой өргізер бірге кім,
Құсалықпен өтті талай күндерім.
Ой-хой, бірақ,
Қазақ десе жарқ еткен,
Намысымды жер ете алар кім менің?!

Қойдан жуас, деп жүрдің бе,
Білмедің!
Қаймықтырмас көр бөлмесі түрменің!
Білмедіңдер әр қазақтың қанында,
Алшаң басып Махамбеттің жүргенін!

Жалғандық арбай бастаса

Шындықтың аршып қабығын,
Жалаңаш ұстап тұрғандай.
Түнекті серпер жарығың –
Хас батыр жазған жыр қандай!

Тірліктің күйі басқаша,
Қайтпайды зілсіз жасқасаң.
Махамбетті оқы, ағайын,
Жалғандық арбай бастаса!

Досың кім, байқа, қасың кім,
Кімге сыр айттың, ашылдың?
Махамбетті оқы, күйбеңдеп,
Қамын жеп кетсең басыңның!

Қайғырма жоққа, барға да,
Ұлт үшін болсын әр қадам.
Таусылмас тірлік әлегі,
Өзіңді өзің алдама!

Халқың бар бағың жандырған,
Халқым деп өтті сан құрбан.
Үлгі алғын таңның нұрындай,
Махамбет өткен тағдырдан!

Өтемістің он ұлы

Төтеп бердім дауылға,
Құламадым, теңселдім.
Қарамадым жауынға,
Талай жолды еңсердім.

Сөз арнадым қауымға,
Шын сөзіме ел сенді.
Суарылған жалынға,
Қында жүрген семсермін.

Бөкпесін деп ар мұңға,
Тасты құмдай үгіттім.
Өз ұятым алдында,
Сында жүрген жігітпін.

Татимын деп он ұлға,
Құлшынған зор дәмем бар.
Нар түйенің жолында,
Жүк қалмайды деген бар.

Жарасар ма жалғанда,
Жігітке ез, қор болған.
Тәуекелге барғанның,
Құдай жолын оңғарған.

Ауылы алыс мазақтың,
Намыс оты жаныса.
Әр жігіті қазақтың
Он жігітке татыса!

Тер төкпеген төрге озбас,
Қамал алмас қорғанған.
…Өтемістің он ұлы,
Жер қайысқан қол болған!

Түс немесе Махамбеттің батасы туралы жыр

Бұрысым көп, қиысым көп, қатам көп,
Жырларымда жалындыдан қасаң көп.
Жығылуға бірақ, мұрша бермейді,
Көкірегімде сайрап тұрған Махамбет!

Тіледі ме: «Мәңгі өлмесін, батам!» деп:
– «Әр жүректе кезім күтіп жатам!» деп,
Әр қазақтың кеудесінде, әйтеуір,
Табаласаң –
түрегелер Махамбет!

Ақиқатты айтсын бүкпей хат-өрнек,
(Қап түбінде қажетсіз боп жатар ма ек?)
Бала кезім…
Ұмытқам жоқ, түсімде,
Дүрілдетіп бата берді Махамбет!

…Қос уыстай бір төмпешік,
Орта тұстан ағаш қазық қағылған.
Тағзым етіп отыр екем,
Махамбеттің бейітіне кеш табылған.

Бата берген ақын үні,
Термелетіп төккен жыр.
Күркіреген өр дауыстан,
Қара аспан қақ жарылған!

Жер бауырлап бұлттар көшті,
Бұлттар көшті асығыс.
Жыл мезгілі ол да ауысты,
Көктем соңы, басы қыс.

Ақ Жайық та алас ұрды,
Мінезге сап тасығыш.
Құлан біткен құйғыды-ай кеп,
Түскендей-ақ басына іс.

Күңгірт әлем
Абыр-сабыр көшіп жатыр айналам.
Ызу-қызу сабылған жұрт,
Салып жатыр байбалам.

Бәрі-дағы білетіндей,
Келерін бір көшкіннің.
Қалғысы жоқ бір сәтке де
Қалғысы жоқ ешкімнің.

Тек мен ғана қалтыраған,
Қара терге малшынып.
Шоқтай жанған намысымды
Жыр-батаға қайраған!

Күн – төбеде, күйдіреді,
Бірде жауын толассыз.
Бірде қар ма, бұршақ па әлде,
Төрлер қалған қонақсыз.

Иен далада адам, айуан,
Соңында көш-жарыстың.
Бәрін салған әбігерге,
Алау оты намыстың!

Ботасы өлген боз інгендей,
Боздап тұр бар атырап.
Қара жер де шыдас бермей,
Шытынады қақырап!

Ал жыр-бата төгілуде,
Қалтыратып денемді.
Содан кейін…
Әлем нұрға бөленді!

Кеудемдегі сол бір әсер,
Қалай ғана сөнер-ді.
Айтып жүрдім жатқа сол кез,
Кей жолдарын өлеңнің…

…Он бір жастар шамасында,
Көрген түсім бұл менің.
Қара тер боп оянғанмын,
Кеудемді өртеп жыр демі.

Еліме айтар аманат сөз,
Содан міндет мойнымда.
Түсімде алған сол ақ бата,
Сарайымда жүр менің!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар