Ешкім де қамқорлықсыз қалып жатқан жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдімдемесін жүзеге асыру үшін қабылданған шаралар туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен баяндап берді.

Брифинг барысында Айна Ермекқызы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары төтенше жағдай режимінің жеңілдетілген екінші кезеңіне өткенін, ал, өңірлер бірінші кезеңге көшірілгенін хабарлады. Осыған байланысты өңірлік жедел штабтың шешімі және облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданған.
– Бүгінде баршамыздың міндетіміз – коронавирус індетінің жаңа деректерінің тіркелуін болдырмау және облыста әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақты сақтау. Біздің облыс сәуірдің 13-інен бастап қатаң карантин режиміне көшірілгені белгілі. Өңірде дер кезінде қолға алынған шаралардың, атап айтсақ, уақытылы жүргізілген заласыздандыру, жиын-тойларды жаппай тоқтату, оқушыларды қашықтықтан оқытуға көшіру, облыс орталығынан аудандарға жол қатынастарын шектеудің арқасында коронавирустың жаппай таралуының алды алынды. Қауіпті індетке шалдығу көрсеткіші айтарлықтай азайды. 29 сәуірге дейінгі жағдай бойынша облыс-та коронавирустың 98 дерегі тіркелді. Оның ішінде 9 бала бар болатын. Олардың барлығы аурудан айықты, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары брифингте сөйлеген сөзінде төтенше жағдай кезінде Президенттің тапсырмасымен бизнес және аграрлық сектор өкілдеріне, табысынан айырылған азаматтарға екі әлеуметтік пакет тағайындау жүзеге асырылғанын айтып өтті. Нақтырақ тоқталсақ, облыста 152 мың адам 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 160 мыңнан асады деген болжамдар бар. Өңірімізде «Біз біргеміз!» қорынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесу мақсатында «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқаны атап өтілді. Акция басталғалы 8 мың адамға жалпы көлемі 400 миллион теңгенің қаржылай көмегі көрсетілген. Бұдан бөлек, 4057 отбасына тегін азық-түлік, маскалар мен антисептиктер таратылған. Бұл шараларға облыстың 700-ден астам волонтері жұмылдырылған.
Қазіргі таңда жергілікті жердегі мемлекеттік органдармен әлеуметтік осал таптағы азаматтарға коммуналдық шығындарды төлеу бойынша көмек көрсету тетіктері ойластырылуда. Алдын ала есеп бойынша 50 мың тұрғын осы көмекті алады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау шаралары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Кинотеатрлар мен театрлардың, ірі сауда орындарының иелері мүлік салығынан бір жылға босатылады. Және де жеке кәсіпкерлер белгілі бір мерзімге табыс салығын төлемеуге құқылы. Облыста көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселелері негізінен, шешімін тапқан. Осы мақсатта 70 мың тонна дизель отыны бөлінген. Аграрлық-несие корпорациялары арқылы шаруаларға несие жарнасын 5 пайыздан асырмау мәселесі шешілген. Соның арқасында ақмолалық аграршылар 20 миллиард теңге көлемінде несие алып үлгерген. Бүгінде аграршылардың көбі жұмысқа қызу кірісіп кетті, – деді Айна Мысырәлімова.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, облысымыздағы Ұлы Отан соғысының 36 ардагеріне 1 миллион теңгеден ақшалай сыйақы берілетінін жеткізді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар