Облыстық әкімдікте

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген жедел штаб отырысында бұрнағы күні соққан дауыл мен нөсер жауынның зардаптарын жою мәселесі талқыланып, тиісті әрі нақтылы тапсырмалар берілді.

Өңір басшысы ағымдағы жылдың 7-8 сәуірдегі облыс аймағында секундына 30 метрге дейін жететін қатты желдің әсерінен күшті дауыл тұрып, тұрғын үйлердің, әлеуметтік объектілердің шатырларының зақымдануына тоқталып, соған байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын пысықтады. Қазіргі мәліметтер бойынша, зақымданған шатырлардың шамамен 65-70 пайызы қалпына келтірілген. Десе де, әлі де атқарылатын жұмыстар жетерлік.
–Бүгін түндегі жаңбырдың өзі ұзақ уақыт бойы жауды. Сондықтан, шұғыл жиналып отырмыз,–деген облыс әкімі бұдан бұрынғы дауыл зардаптарының әлі толық қалпына келтірілмей жатқандығына көңілі толмайтынын білдірді.
Отырыста алдымен, Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко хабарлама жасады. Ол өз хабарламасында бүгінгі таңда 150 нысан қалпына келтірілді. Олардың 84-і білім беру, 6-ы денсаулық сақтау нысаны және 9-ы әлеуметтік, 4-еуі әкімшілік нысан және 37-сі көпқабатты тұрғын үйлер. Тоғыз елді мекендегі коммерциялық бағыттағы он нысан екі күн ішінде электр қуатымен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі күні ауа райының қолайсыздығына байланысты зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстары бойынша жол картасы бекітілген. Онда негізінен білім беру мен мәдениет нысандарының құрылысы және көпқабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар көзделген. Қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты 4 аймақ сертификатталған. Бұл Көкшетау қаласы, Ақкөл, Бурабай және Есіл аудандары. Ақкөл ауданында зақымданған бір көпқабатты тұрғын үй, Бурабай ауданында зақымданған 11 көпқабатты тұрғын үйдің 5-еуі және Есіл ауданындағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің 16-сы аудандық бюджет есебінен қалпына келтірілген.
Өз кезегінде Көкшетау қаласының әкімі Аманкелді Смайылов бүгінде Көкшетау қаласы бойынша 12 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары зақымданғанына, 162 өтініш келіп түскенін және оның 11-і қалпына келтірілгеніне, бүлінген үйлердің арнайы жұмыс көлемі анықталып, заңды түрде шешім шығарылатынын, яғни, шатырды толығымен ауыстыру үшін сметалық құжаттар жобасымен 6 үй белгіленіп, 15 мамырда сараптама алынатынына тоқталды.
Өңір басшысы тұрғындардан үздіксіз қоңыраулар түсіп жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстардың ұзаққа созылып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бұған жауапты адамдардың жайбасарлық танытпай, тезірек жұмыстарды аяқтауын тапсырды. Одан әрі Бурабай, Зеренді ауданы әкімдері де өздеріндегі зақымданған шатырларды жөндеу жұмыстары туралы хабарлама жасады. Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаевтың айтуынша, аудандағы жұмыстар 100 пайызға орындалып қалған.
Облыс әкімі отырыс соңында бүгінгі таңда шатырлардың зақымдануына байланысты тиісті комиссия тұрғындармен кездесіп, жағдайды түсіндіруі тиіс, қайткен күнде де адамдарды келеңсіз жағдайда қалдырмауымыз керек дей келе, қала мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді және жұмыстың қатаң сұралатынын ескертті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар