Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан ТӘШМЕТОВ:

«Туберкулез дертіне шалдыққандардың коронавирус жұқтыру қаупі жоғары екені алаңдатады»

Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансері ұжымының бұрыннан туберкулез сияқты жұқпалы ауруды емдеуде тәжірибесі мол. Бүгінде осы ұйым облысымызда коронавирусқа шалдыққан науқастарды да емдейтін басты медициналық мекемеге айналып отыр. Өз қызмет орнында осы жауапты жұмысқа басшылық жасап отырған диспансердің бас дәрігері Қ.Қ.Тәшметов көп жылдар бойы аудан, қала, облыс деңгейінде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласын басқарған, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшылық жасаған әрі кезінде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық орталығында басқарма басшысы лауазымын атқарған белгілі тұлға. Ол сонымен бірге, медицина ғылымдарының докторы, осы саладағы бірқатар ғылыми еңбектердің авторы. Осындай білікті медицина маманымен коронавирусқа қатысты төмендегі сұхбат біраз маңызды мәселелерді қамтиды.

–Қасымжан Қалижанұлы, коронавирус індетінің біздің өңірде тіркелу көрсеткіші және оған қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы айтып берсеңіз?
– Бүгінгі күнге дейін Ақмола облысы бойынша 100 адамда коронавирус індеті анықталды. Оның 59-ы ем қабылдау үшін біздің диспансердің жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта сол науқастардың 42-сі жазылып шықты, 84 жастағы бір адам қайтыс болды. 16 науқас әлі ем қабылдауда. Олардың ішінде бүгін-ертең жазылып, үйлеріне шығарылатындары бар. Мұнымен бірге коронавирус ауруы-
на тексерілген 28 адамның наурыздың 13-іне дейін біздің диспансердің провизорлық стационарында тексеруде болғанын да айта кету керек.
Осы ретте, диспансеріміздің облыста коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін негізгі медициналық мекеме ретінде таңдап алынуына келетін болсақ, өздеріңіз білетіндей, біздің облыс орталығында инфекциялық аурухана жоқ. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің ғимаратына 2019 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әрбір палатаға душ, санитарлық тораптар орнатылып, желдеткіштер іске қосылды. Осының бәрі коронавируспен ауырған науқастарды орналастыруда да басты талаптар болып саналады. Анықтай келгенде, мұндай талаптарға сай келетін бірден-бір медициналық мекеме осы біздің облыстық туберкулезге қарсы диспансер болып шықты. Сөйтіп, осы ғимарат оқшауланып, бөгде адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Біздің диспансер қызметкерлерінің қатаң эпидемиологиялық режимде қызмет атқаруға дайындықтары да бұрыннан жоғары деңгейде, олар бұған дейін де күнбе-күн жұқпалы аурумен бетпе-бет келіп жүрген жандар. Бұл қағидалар қызметкерлердің ауырып қалмауларын да қамтамасыз етеді.
–Сіздердегі жұқпалы аурулар бөлімшесі коронавирус жұқтырған қанша науқасты қабылдай алады? Дәрі-дәрмек, медициналық құралдар жеткілікті ме?
–Иә, бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Дәрі-дәрмек, төсек-орын, медициналық құралдар, қызметкерлердің жеке басын қорғауға арналған костюмдер мен респираторлар жеткілікті. Бөлімше 135 науқасқа лайықталған. Облыстық әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, кадр мәселесін өз бақылауларына алып, бірлесіп шешуде.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирусқа қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу туралы шешімі облысымызда, соның ішінде біздің ұйымда тиісті деңгейде орындалып жатқанын айтқым келеді. Үкімет Қаулысымен айлық жалақыларына науқастарды коронавирустан емдеген жұмыс сағаттарына орай, екі жүз мың теңгеден сегіз жүз мың теңгеге дейін үстеме ақы төленуде. Бұдан бөлек, наурыз айында әрбір қызметкерге диспансер тарапынан да 150 мың теңгеден сыйақы берілген болатын.
Жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметкерлері оқшауланған тәртіпте, яғни, денсаулықтарын қатерге тігіп, күрделі жағдайда жұмыс істеп жатқан соң оларға жататын жеке төсек орыны, жуынатын орыны, күнделікті бес мезгіл тамағының бәрі жан-жақты қарастырылған. Тамақтың сапасы, құнарлылығы күнделікті бақылауымызда ұсталуда. Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бөлімшесінде 9 дәрігер еңбек етуде. Олардың екеуі дәрігер-инфекционистер, ал, Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасынан Т.М.Хайдаров және Жақсы аудандық ауруханасынан Р.Т.Тәженов реаниматологтар болып табылады. Сол сияқты, 17 орта медицина қызметкері мен 12 кіші медициналық персонал да күн-түн демей, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүр.
–Ал, коронавирустан емделіп жатқан науқастарға қандай жағдай жасалған?
–Бөлімшеге түскен науқастар бір кісілік палатаға, егер бір мезгілде не бір күнде түсіп, сырқат жағдайы бірдей болса, екі кісілік палатаға жатқызылады. Ал, отбасымен ауырып қалғандар болса, үш адамға арналған палаталарға орналастырылады. Барлық палаталарда гигиеналық тұрғыдан не қажеттің бәрі бар. Науқастар аурухана киімі, орамал, ішкі киіммен қамтамасыз етілген. Медициналық құрал-жабдықтармен де солай. Күніне алты мезгіл тамақ беріледі, сырттан ас-су алуға рұқсат жоқ.
– Осы коронавируспен бір мезгілде басқа бөлімшелерде туберкулезбен ауырған науқастар да емделіп жатыр ғой, олардың жағдайы қалай?
–Біріншіден, бұрыннан стационарлық ем алатын науқастар жеке ғимаратта және Степногорск қаласындағы бөлімшеде емделуде. Қазір осындай 110 науқас ем қабылдап жатыр. Олар мүлде бөлек орналасқан, мұндағы коронавирус жұқтырғандардан еш қауіп жоқ. Сол сияқты, елді мекендерде амбулаторлық ем алып жүргендер де бар. Олар үйдегі стационар жағдайында емделуде, яғни, медицина қызметкерлері өздері үйге келіп көмек көрсетеді. Мұндайда өткен жылдан бері науқастың дәрі қабылдауын смартфон арқылы қадағалау тәртібі енгізілген.
Қазіргі уақытта туберкулезбен ауырған адамдардың көбі, материалдық көмекке өте мұқтаж жандар, ешқандай кірістері жоқ. Міне, осы санаттағы адамдар коронавирус инфекциясына тез шалдығатын жоғары қаупі бар топқа жатады және оны жұқтырған жағдайда тасымалдап, таратушы болып табылады. Сол себепті, коронавирус індетінің алдын алуда туберкулезбен ауырғандарды әлеуметтік қолдау мәселесі өте маңызды. Жергілікті басшылар қазіргідей кезде осыны естен шығармай, ондай адамдарға қолдан келген көмектерін көрсетулері керек, мәселелерін шешуге мүдделі болулары қажет. Олай болмаған жағдайда туберкулезге шалдыққан аурулар да, коронавирусқа әкеліп соғатын қауіпті топ қатары да көбейе түседі.
–Осы арада біржола облысымызда туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан шараларға да тоқталып өтсеңіз. Өйткені, оның сіз айтқандай қатері болып тұр ғой.
– Облысымызда үстіміздегі жылдың 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы айлық өткен болатын. Осы айлықтың аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, туберкулезбен ауыратын науқастарға биылғы жылдың үш айында көрсетілген әлеуметтік көмектің мөлшері 11815,4 мың теңгені құрады. Мұндай көмекке туберкулездің белсенді түрімен ауырып, амбулаториялық ем қабылдап жүрген 377 науқастың 251-і немесе 66,5 пайызы ие болды. Сөйтіп, бір науқасқа шаққанда бұл көмек 39765 теңгеден айналды. Көкшетау қаласы бойынша амбулаториялық ем қабылдап жүрген 67 пациентке 2664,2 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Бүгінгі таңда әлі 21 науқас осындай көмекке мұқтаж. Сонымен бірге, Атбасар, Біржан сал, Егіндікөл, Ерейментау, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Степногорск қаласында әлеуметтік көмекпен қамту көрсеткіші төмен.
Биылғы жылдың басынан туберкулезбен ауырған адамдар санының 107 адамға өскендігі байқалады. Бұл туберкулезбен ауыратындар санының өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға көбейгенін көрсетеді. Есепті мерзім ішіндегі өсім 100 мың тұрғынға шаққанда 11,6-дан 14,5-ке дейін жетіп отыр. Осылайша біздің облыс туберкулезге шалдығу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында тұр. Әсіресе, Ақкөл, Астрахан, Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Сандықтау, Целиноград және Шортанды аудандарында туберкулезбен ауыратындар саны көбейгені байқалады.
Жоғарыда атап өткен 107 науқастың жартысына жуығы жұмыс істемейтін азаматтар, 48,6 пайызының материалдық-тұрмыстық жағдайы нашар. Бұл дертке шалдыққандардың арасында ішімдікке әуес адамдар да кездеседі. Өкінішке орай, соңғы кездері бұл індеттің балалар арасында да жиі тіркелетіні, тұрғындар арасында да көптеп таралып жатқаны алаңдатады. Осының себебін іздей келгенде, көп мәселе халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына келіп тіреледі. Мұндайдың алдын алу үшін жоғары қауіп тобындағылар, былайғы жұрт та флюорографиялық тексерістен уақытында өтіп тұруы қажет. Балаларға міндетті түрде манту сынамасы жасалуы керек. Облысымызда бұл жағынан кемшіліктер де жоқ емес, бар.
Туберкулез дерті неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу анағұрлым жеңілірек болатыны анық. Осы ретте, бактерия бөлінулердің жаңа түрлерін емдеу тиімділігі 100 пайыз нәтиже берді. Ал, бұл орайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныс шегі 85 пайыз.
– Сіз денсаулық саласында көп жылдар бойы тәжірибе мен ғылымды тығыз ұштастырған адамсыз. Ендеше, коронавирус болсын, туберкулез болсын, осы жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында не айтар едіңіз?
–Ежелден «Ас – адамның арқауы» деген белгілі қағида бар. Әр адамның жеке басының гигиенасы, тазалығы – оның денсаулық кепілі. Міне, осының бәрі адамның дені сау болуының негізгі принциптері болып табылады. Гиппократтың «Ауру – адам мен табиғат арасындағы байланыстың үзілуі» деп айтқан сөзі бар. «Дені сау адам табиғаттың ең құнды шығармасы» деп те айтылады. Халық ұғымында «Табиғат» деген сөз Жер-Ана, атамекен сөздерімен тығыз байланысты. Жер – тіршіліктің белгісі. Табиғаттың бар байлығы осы жермен байланысты. Туған жерің – мекенің – Отаның. Демек, біз өз денсаулығымызды, тіршілігімізді табиғатпен бірге қарастыруымыз керек. Бұл шама келсе, табиғатта, таза ауада көп жүріп-тұру деген сөз. Қазіргі уақытта ел болып коронавирус пандемиясына қарсы тұра алсақ, Отанымыздың мызғымас бірлігін, тұтастығын да ойдағыдай сақтағанымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар