Ұлттық бірыңғай тестілеу!

Оның да ережелерінде өзгеріс бар

Жаһанды әрі-сәрі еткен қауіпті індетке байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, мектеп оқушылары соңғы тоқсанды қашықтықтан оқып жатыр. Дәстүр бойынша төртінші тоқсан аяқталған соң 9-ыншы сынып оқушылары мен мектеп бітірушілер мемлекеттік емтихандар тапсырып, түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтулері тиіс-ті. Бірақ, биылғы жыл бұрынғыдан өзгерек болайын деп тұр. Сондықтан, ҰБТ және мемлекеттік емтихан қалай өтетіндігі жайлы арнайы мамандардан сұрап білгенді жөн санадық.

Біздің елде қашықтықтан оқу түріне алдын ала дайындық болмаса да, амалсыздан көшуге мәжбүр болғандығымызды мемлекеттік арналардан көрсетілген Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің сұхбаттарынан оңай аңғаруға болады. Оны біздің ұстаздарымыз да мойындап отыр. Себебі, шалғай аймақтарда оқу процесіне қажетті техникалық құралдардан бұрын, Интернет те нашар ұстайтындығы белгілі жайт. Десе де, оқу процесі үзілген жоқ, әркім амалын тауып, оқу жалғасып жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша оқу жылы 25 мамыр күні аяқталады, бірақ, соңғы қоңырау биыл соғылмайды.
Жалпы, түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін жылына үш-төрт мәрте алдын ала сынама тест тапсырып көретін. Биылша оның біреуі қысқарды. Сонымен, биыл түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 15-ші сәуірден 10 мамыр аралығында ent2020.testcenter.kz сайты арқылы онлайн өтініш береді. Мұндай жаңашылдық қағаз құжаттардан бас тартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Ал, тіркелу үшін электронды цифрлы қолтаңба да қажет етілмейді. Сондай-ақ, биыл мектеп бітірушілер төтенше жағдайға байланысты соңғы тоқсанды қашықтықтан оқығандықтан, ұлттық бірыңғай тестілеуде 11 сыныптың төртінші тоқсанында өтетін бағдарламалар болмайды дейді мамандар.
– Өтініш қабылдау уақыты 15-ші сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн түрінде жүргізіледі. Оқушының төлқұжаты немесе жеке куәлігі болған жағдайда өтінішті онлайн түрінде тапсыра алады. Болмаған жағдайда карантин біткен соң, біздің пункттер арқылы қолма-қол қабылдаймыз. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру барысында егер түлектерден металл іздегіш арқылы тексеру кезінде тыйым салынған заттар табылып жатса, ол балаларға сол жерде акт жасалып, әрі қарай жіберілмейді. Тағы бір айта кететін мәселе, педагогикалық ғылымдар саласының шектік балы 70 балға дейін көтерілді. Сонымен бірге, тест барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің тобы да бізбен бірге жұмыс атқарады. Тестілеудің өткізілу кезеңінде олар да бақылау жүргізеді, – деді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Қуаныш Мұхамеджанов.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілу мерзімі жылдағыдай 20 маусым басталып, 5 шілде аяқталады.
– Биыл облыс бойынша 4523 оқушы мектеп бітіреді. Аудандар мен қалалардың алдын ала болжамды ақпаратына сәйкес 3705 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш беруі мүмкін. Қатысушылардың нақты саны 10 мамырдан кейін ғана белгілі болады. Облыстық білім басқармасы бұл тұрғыда күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Қазір оқушылардың 77 пайызы, яғни, 2848-і,
tescenter.kz сайты арқылы өтініш тапсырып үлгерген. Ал, мемлекеттік емтихандар министрліктің бұйрығына сәйкес биыл болмайды және жылдық баға тоқсандық бағалардың қорытындысына сай шығарылады, –деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Облыста ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға арналған 11 пункт жабдықталған. Оның үшеуі Нұр-Сұлтан қаласында орналасса, қалғандары облыс қалалары мен аудандарында. Қазіргі таңда Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында алдын ала сынамалық тестілеуден өтуге болады. Ол үшін әр пән бойынша 70 нұсқадан арнайы тестер әзірленіпті. Сонымен бірге, биыл өңірде мектеп бітіретін 4523 оқушының 303-і Алтын белгіге үміткер және 186 түлек оқуды үздік аттестатпен аяқтауы мүмкін.

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар