«Шапағаттағылардан» коронавирус анықталмады

Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының жанындағы тері-венерологиялық бөлімшесі төтенше жағдай мерзіміне байланысты провизорлық стационар болып қайта жасақталғаны белгілі. Бүгінгі күні бөлімшеде 143 ақмолалық тұрғын індет жұқтыру қаупіне байланысты тексеруден өтіп, дәрігерлердің бақылауында болды. Солардың 24-і «Шапағат» арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының қамқорлығындағы егде адамдар.

«Шапағат» әлеуметтік орталығының 200-ден астам тұрғынының 42-сінен әлем жұрты күресіп жатқан коронавирус жұқпасы анықталды. Олардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласы мен облыс орталығындағы арнайы індет жұқтырғандар жататын мекемелерге орналастырылып, ем-шара қабылдады. Тері-венерологиялық ауруханасында жабдықталған провизорлық орталық келіп түскендерге тәулік бойы медициналық бақылау жүргізеді. Бүгінге дейін мұнда вирус жұқтырған жандармен байланыс-та болған 143 азамат тексеруден өтті. Қауіпті індет солардың ішінде 10 адамнан анықталыпты. Дәрігерлер бақылауына алынған ерекше топ «Шапағат» арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының қамқорлығындағы жандар.
– Өздеріңіз білетіндей, Целиноград ауданындағы бұл «Шапағат» орталығы індет тараған ошақтардың біріне айналған-ды. Олардың көпшілігі арнайы медициналық күтімді талап ететін жандар болғандықтан, аталмыш індет оңай қосарласып кете алады. Сондықтан, оларға бұл жағдайда ерекше күтім жасалды. Коронавирусқа тест екі рет тапсырылды. Нәтижелері теріс, яғни, қуанышымызға орай, ауру анықталмады. Медициналық бақылауда жатқандардың барлығының да денсаулық жағдайы қалыпты, ауру белгілері жоқ,–деді провизорлық стационардың жетекшісі Жамбыл Қабдырәшитов.
Індет жұқтыру қаупі бар азаматтар теміржолшылар ауруханасы, қалалық аурухана мен тері-венерелогиялық ауруханасында да медициналық тексеруден өтуде. Мұнда дәрігерлер экстремалды жағдайда қызмет атқарып отыр деуге болады. Әр екі апта сайын, ауысып отыратын барлық медициналық қызметкерлер отбасынан туған-туыстарынан оқшауланып, жеке жатақханаға қоныстандырылған. Денсаулығы сыр берген, егде тартып, кісі қолына қарап қалған «шапағаттықтар» ақ халатты абзал жандардың еңбегіне дән риза.
Әр ауысымдағы 34 маманның өздері де 14 күн сайын қауіпті індетке тексеруден өтеді. Қуантарлығы қазір мұнда вирус жұқтыруы мүмкін деген 11 адам ғана қалыпты. Олардың инкубациялық мерзімі 30-шы сәуірде аяқталады. Ал, «Шапағаттың» қамқоршылары өздерін панасына алған мекемеге қайта оралады. Қазір нысанда толық дезинфекциялау жүргізілген.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар