Қыз жүрегі жан әкесін іздейді

Қара аспанды бұлт торлап, ұйып отырған шаңырақтардың шырқын бұзған зұлмат соғыс қаншама ананың етегін жасқа толтырды. Балаларын ерте есейтіп, балалық шақтың бақытын да сезіндірмеді. Олар әкенің мейірімге толы көздері мен ананың аялы алақанын сезіне алмады. Солардың бірі – бүгінгі менің кейіпкерім. Ұлы Отан соғысының зардабынан әке-шешеден ерте айырылған жанның бірі – Жұма Бейсекейқызы.

Әкесі Бейсекей Жетпісбайұлы соғысқа кеткенде ол небары үш-төрт жаста, ал, сіңілісі Күлпәш бір жасқа да толмаған сәби болыпты. Анасы Бестиін Жанқожақызы екі баламен жалғыз қалған соң, өзінің ет-жақын туысқандары тұратын сол кездегі Еңбекшілдер ауданындағы «Жаңалық» колхозына көшіп кетеді. Балаларын асырау қамымен колхоз жұмысына араласып, тылда еңбек етеді.
Әкесі Бейсекей Жетпісбаев 1905 жылы қазіргі Ақмола облысының Біржан сал ауданы Жаңалық ауылында дүниеге келген. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жұмысшы және кедей шаруа жастарына жалпы білім беру үшін ашылған Ташкенттегі жұмысшы факультетін бітіріпті. Туған жеріне оралған соң, колхоз председателі болып жұмыс істейді. Маңайындағы ұсақ қожалықтарды біріктіріп, ұжымшарлар ашуда белсенділік танытыпты. Сол кезде өзінің ауылын бірнеше ұсақ қожалықтармен біріктіріп, жаңадан пайда болған ауылды Жаңалық деп атапты. Еңбек еткен жылдары «Киров» колхозын (қазіргі уақытта ол жерді Қасқат деп атайды) ұйымдастырады. Белсенділігімен көзге түсіп, оны «Сәуле» колхозына басқарма төрағасы етіп жібереді. Сол жерге отбасымен көшіп барып, колхоздың шаруасы деп тыным таппайды. Алайда, 1941 жылы соғыс басталды деген хабар жеткенде, Степняктағы әскери комиссариатқа шақыртылып, елін неміс басқыншыларынан қорғау үшін майданға аттаныпты. Шаңырақ көтеріп үлгермеген туған інісі Жақсылық жас болса да, өз еркімен Отанын қорғауға кетеді, ал, ағасы Бегалы жасы үлкен болып, тылда жұмысқа қалады.
–1942 жылдың соңында, қысқа таман болуы керек, анама пошташы үш бұрышты сары қағаз әкеліп ұстатты. Анамның әкемнен хат алғандағы қуанышы әлі есімде. Ол кезде бірінші класта оқушы едім. Хатта «Ардақтыларым, амансыңдар ма?! Мәскеу түбінде ұрысқа дайындалып жатырмын. Таңертең үлкен әрі ауыр шайқас болғалы тұр. Алла бұйыртса, жауды да жеңеміз! Жұмашым мен Күлпәшым, аналарыңды тыңдап, сабақтарыңды жақсы оқыңдар» деп жазыпты. Одан кейін әкемізден хабар болмады, –дейді Жұма Бейсекейқызы.
Сол хаттан кейін көп ұзамай, 1943 жылдың қаңтарында Бейсекей атаның майданда қаза тапқандығы жөнінде қаралы хабар келеді. Отанын жаудан қорғауға аттанған ерінің қазасын уайымдаумен жүрген аналары, екі қызын жеткізу үшін күн-түн демей тылда жұмыс істейді. Бірақ, тағдырға қарсы келер шара бар ма? 1946 жылы ауырып, қайтыс болады. Соғыс бір жағынан екі балапанның қанатын қайыстырып әкеден айырса, енді бұған бейбіт күндегі аналарының қазасы қосылады. Осылайша қос бәйтерегінен айырылған қыздар шырылдап қала береді. Не істесін, кейін өмірдің бұл басқа салғанына да көндігеді.
–Анамыз қайтыс болғанда Күлпаш бірінші, ал, мен үшінші класта оқыдым. Екеуімізді сол кездегі Казгородок ауылына балалар үйіне алып кетті. Кейін сіңілім кішкентай деп, оны әрі қарай Айыртаудағы балалар үйіне менен бөліп, айырып әкетті. Мектепті балалар үйінен бітірдік. Мен жастардың комсомол бригадасында болдым. Түрлі колхоздарға барып, жүгері егіп, сауыншы болып жұмыс істедік. Солай жүріп, Сәрсенбай Мұқатайұлына, өмірлік серігіме жолықтым. Сөйтіп, онымен бірге колхозда қалдым. Сіңілім мектеп бітірген соң Алматыға барып, тігінші оқуына түсті. Кейін Мәскеуде білімін жалғастырды. Алматыда тұрмыс құрып, үлкен лауазымды қызметтер атқарды. Қазір зейнеткер, бала-шағасымен, жарымен бақытты өмір сүріп жатыр. Әкеміздің нақты қандай адам болғаны жайлы айта алмаймын, тек бала кезімде есімде қалған жарқын бейнесі мен жылы жүзін ғана көз алдыма елестете аламын. Сіңілім танымайды да, білмейді де. Басқа салған соң, біз осылай тез есейдік. Тағдырға бас идік. Кейбір балалар әке-шешесінің фотосуреттерін алып шығып, қарап отырғанда сіңілім екеуіміздің көңіліміз босайтын. Себебі балалар үйіне алып кеткенде бізде ешқандай да естелік болмады, –деп өткен күндерді есіне алады тағы да Жұма апа.
Соғыс ерте есейткен қыздар бой жетіп, тағдырға бой ұсынып, өмірлік серіктерімен отасып, ел игілігі үшін қызмет етеді. Қазір Жұма Бейсекейқызы татулығы мен бірлігі жарасқан, ырыс-берекесі тасыған, ұрпаққа өнеге болатын үбірлі-шүбірлі әулеттің сыйлы да құрметті ақ әжесі. Алтыннан алқа тағынған Батыр ана! Еңбегі елеулі аяулы әжеміздің сонымен бірге, кешегі озат еңбеккер деген де атағы бар. Өмірлік жолдасы ұлдарын ұясына, қыздарын қиясына қондырып, немерелерінің алдын көрген соң, бұл дүниеден озыпты. «Өзімнің ұрпағым, бала-шағам болса да, әкемді сағынамын» дейді аяулы ана Жұмаш апа.
–Менің пайымдауымша, әкем Ақмола өңірінен жасақталған дивизияның қатарында болып, үлкен қанды ұрыс кезінде қаза тапқан болар. Өзімде нақты дерек жоқ, толық білмеймін. Ұлы Отан соғысы туралы бір жылт еткен жаңа зерттеулер, хабарлар шығып жатса, менің әкемнің есімі айтылмас па екен деп құлақ түріп отырамын. Өзімнің балаларым мен сіңілім Күлпәш, қыздарым, немерелерім іздеу салып, тиісті жерлерге хабарласпады емес, хабарласты. Бірақ, алатынымыз бір жауап – «із-түзсіз жоғалғандар тізімінде» дейді. Әлі де жатқан жерін таба алмай жүрміз. Бір жерде жерленді деген хабар болса, шіркін, барып өз қолыммен туған жердің бір түйір топырағын салар едім. Жылда 9 мамырда ауылда өтетін митингке барып, әкеме арнау оқимын,–дей келе, әжеміз:
Әке сенің жасыңнан асып келем,
Өткен сайын өмірден жасып келем.
Жылда келем бұл жерге асығумен,
Кездесердей бетпе-бет өзіңменен.
Көз алдымда тұр мәңгі асыл бейнең…
–деп, немерелерінің жинақтап берген өзінің жинағынан бір өлеңін оқып берді.
Бейсекей Жетпісбайұлының туған інісі Жақсылық та соғыстан оралмапты. Зұлмат басталған тұста Қарағандының техникумында оқып жүрген кенже інілері Сүйіндік те 18-ге толған шағында майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Бір үйдің арыстай үш ұлы осылай тым болмаса майдан даласынан біреуі оралмастан, Отаны үшін жат жерде жан тапсырыпты. Жетпісбай атаның ұрпағынан бүгінде үлкен ұлы Бегалының Қоңқабай (шын есімі Жұмағұл) есімді баласынан тараған ұрпақтары мен осы Бейсекейден қалған екі қыз ғана бар екен. Сұм соғыстың нәубеті осылайша, қаншама ерді еріксіз ұрпағынан айырды десеңізші.
Жалпы, тарих парақтарында өзіндік
сипаты ерекше Ұлы Отан соғысы еліміздің әр шаңырағында өзінің өшпес ізін қалдырды. Біреулері аталарының батырлығын айтып жігерленсе, енді бірі хабарсыз кеткен әкелері мен бауырларын іздестіруде. Қаншама адам, соншама тағдыр бар. Алла тағала бізді аспаннан нұрын төккен бейбіт күннен айырмасын!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретте: Бейсекей Жетпісбаевтың майданға аттанар алдында түскен суреті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар