Қара шалы мен қара кемпірі бар ауыл

Көкшетау-Қостанай тас жолының бойында он бір шақырым шығысқа қарай, бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты менің Сарыбұлақ ауылым орналасқан.

Үлкен қариялар қарағайы мен қайыңы, терегі мен талы араласа өскен орманның ортасындағы бұл ауылды Андай елі деп те атайды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдары аталарымыз томар-томардың басында бес-алты үйден отырса керек. Кешегі ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, яғни, ашаршылық басталған жылдарда сол аталарымыз Сібірдің тайгасын паналап, орысқа жалданып жұмыс істеп, аман қалды. Бұл жөнінде Дастан деген ақсақал былай дейді: «Біздің әкеміз Свердловскінің түбінде (қазіргі Екатеринбург) тайгада ағаш дайындап, поек алады, сөйтіп аштықтан аман шықтық. Бір күні бие мініп атам келді, менің бала кезім. Әпкем Күлсін бар. «Елдің жағдайы түзелді, елге қайтыңдар» деді. Сөйтіп, елге қайтуға дайындалдық.
Сонда Көкшетау мен Свердловскінің арасында биемен бір ай жүріп, барады екен. Бұл шамасы 1934 жыл болуы керек. Кейін 1936 жылы Шерияздан және Дайыр деген кісілердің басшылығымен ел болып, жұрт болып тұрайық деп, қазіргі Сарыбұлақ ауылының шаңырағын құрады. Менің атам Дайыр Мамаев деген кісіні жалдап, саманнан екі бөлмелі мектеп салдыртты. Каганов ауылдық кеңесіне қарап, «Микоян» колхозы, кейін екі-үш ауыл «Мәдениет» колхозы болып тұрған. Ол өз алдында бөлек әңгіме. Осы ауылдың тумасы және мамандығым тарихшы болғандықтан, ауылымның өткен тарихы жайлы аз да болса деректер жинап, естіп-білгендерімді оқырман қауыммен бөлісу азаматтық парызым деп қолыма қалам алып отырмын.
Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Сол кешегі қанды қырғын Ұлы Отан соғысы да біздің ауылды айналып өтпепті. Соғыс басталған кезде біздің ауыл алпыс боздақты майданға аттандырған екен. Ауылдың мектебінде тарихшы болып қызмет атқарып жүрген кезде жерлестеріміз жайлы мәліметтер жинақтай бастаған едім. Бірақ өте аз болды. Өйткені, соғысқа қатысқандардың туған-туысқандарының кейбіреуінен мәлімет алу мүмкін болмады. Үлкендер жағы о дүниеге кетіп қалған, кейінгілер жете білмейді, туыстары жоқ, не басқа жаққа көшіп кеткен. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына 1996 жылы Алматыда шыққан «Боздақтар» деген кітапта жерлестерімізден бес-алты адам ғана бар. 2010 жылы ұлы Жеңістің 65 жылдығына Ғ.Мүсірепов ауданы шығарған «Жеңіс солдаттары» кітабында да жеті-сегіз ардагердің тізімі ғана жазылған екен. Сондықтан, жерлестеріміз туралы мәлімет жинау үшін мен ауылымызда қырық жыл педагогикалық салада қызмет атқарып, мектеп директоры болған соғыс ардагері Төкен Әбілқасымов ағайға жолығуды жөн көрдім. 2005 жылы сол кісінің үйіне барып, жағдайды түсіндірген соң, баласын көп жылдар жинаған қағаздарын алып келуге жұмсады. Содан Төкен ағай, Мәруар шешей және мен әлгі жерде сол қағаздарды ақтара отырып, майдангер жерлестеріміздің тізімін жасадық. Сол алпыс ауыл азаматының 24-і соғыстан оралмаған екен, тіпті кейбір үйлерден екі баладан оралмаған.
Менің осы мақаланы «Қара шалы мен қара кемпірі бар ауыл» деп атауымның да өз себебі бар. Біздің үйдің жанында көрші Ахмет атай мен оның кемпірі тұрды. Тым жас болғандықтан, өкінішке орай, әжеміздің есімі есімде жоқ. Үйінің шатыры шыммен жабылған болатын. Шешем айтып отыратын, менің атамнан жасы үлкен болса да, атамнан рұқсат сұрап, «жалғыз ұлды отыз жыл күттім, бойымнан күш-қуат кетті, енді жалғыз қыздың қолына көшемін» деп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары көшіп кетті. Сол Ахмет атайдың Ерғали деген баласын іздеп, «Боздақтар» деген кітапты ашып қарап отырсам, «Ахметов Ерғали Сарыбұлақ ауылынан аттанған, 1945 жылдың мамыр айында қаза тапқан» деп жазылыпты. Әттеген-ай, соғыс аяқталуға бірнеше күн қалғанда қаза тапқан екен деп қатты қапаландым. Сол жалғыз ұлды қара шал мен қара кемпір отыз жыл күтті. Алтынбек Қоразбаевтың «Қара шал», «Қара кемпір» әндері менің көршім Ахмет атай мен сол үйдегі әжейге де арнап жазылғандай.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сол Сарыбұлақ ауылында жүз жиырма бес шаңырақ болды. Қазақстан тәуелсіздік алды деп бөркімізді аспанға атып, қуанып едік, жиырма сегіз жылда ауыл тоз-тозы шығып, халқы жан-жаққа көшіп кетті. Қазір сол ауылдан он бес шаңырақ қана қалды. Тек әке-шешеміздің басына жылына бір рет құран оқуға ғана барып тұрамыз. Осы мақаланы оқып отырған жерлестеріме айтарым, майдангер аталарымыздың жақын тума-туыстарында бұрын-соңды жарияланбай жүрген құнды деректер мен қандайда бір мәліметтер болса, маған 8 775 157 05 40 ұялы телефоныма хабарласуын сұраймын.
Смағұл ДАЙЫРОВ.
Егіндікөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар