Бір үйдің от кешкен жалғызы

Тарихшыларды, өлкетанушыларды, жалпы, Ұлы Даланы сүйетін қауымды қызықтыратын киелі мекендер біздің Ақмола өңірінде баршылық. Осы тұрғыдан алғанда Біржан сал ауданы, оның ішінде Құдықағаш ауылы сырт қалып тұрған жоқ. Ауылдың ерекшелігі, Ұлы Отан соғысы кезінде орыстың «Киелі соғыс» («Священная война») деген әнінен кем болмай, қазақ жауынгерлерінің әнұранына айналған «Жас қазақ» әнін жазған майдангер композитор Рамазан Елебаев осы ауылдың тумасы.

2010 жылдан бері Ақмола облыстық сотының басшылары, судьялар Одағының облыстық филиалы, ардагер судьялар кеңесі өңірдің майдангер-судьяларының өмірбаяндарын зерттеді. Нәтижесінде 27 майдангерге арналып, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сот ғимаратында музей ашылып, олар туралы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Ғибәділов жазған очерктер жинағы шығарылып, біршама аудандық соттардың қабырғаларында мемориалдық тақталар орнатылған еді. Осы іс-шаралардың аясында, 2020 жылдың басында өңіріміздің 28-ші майдангер судьясының өмірбаяны белгілі болды. Ол Құдықағаш ауылының тумасы Уәлихан Кәменұлы Кәменов болып шықты.
Бұл жерлесіміздің бізге белгілі болуына ұрпақтарының, әсіресе, Сәуле деген қызының асқан көмегі ықпал етті. Айта кететін бір жәйт, Сәуле Ақмола және 1944-1955 жылдары Көкшетау облыстық сотының тұңғыш төрағасы болған Әлімжан Баймұқанов ақсақалдың келіні.
Уәлихан аға 1924 жылы өңірдегі құрметті азаматтардың бірі Кәмен Қыстаубаев (1894-09.12.1963ж.ж.) ақсақалдың жанұясында өмірге келді. Ол кісі өткен ғасырдың 30-шы жылдары Еңбекшілдер ауданының Маркс, Данилов, Ақсу және Жаңа Арқа ауылдық Кеңестерінің төрағасы болған. Сонымен қатар, бірнеше мәрте партияның облыстық конференцияларына делегат болып сайланған. Ұлы Отан соғысы кезінде «Құдықағаш» колхозының төрағасы қызметін абыроймен атқарған. «Ерен еңбегі үшін» медалі, өзге наградаларына қосымша, «Ұлы Отан соғысы ардагері» деген медалімен де марапатталған.
Біздің кейіпкеріміз Кәмен ақсақалдың жалғыз баласы болатын. Анасы ерте қайтып, балалық шағынан жетім өсті. Сондықтан болар, әкесі оны 1942 жылдың сәуір айында көршілес Кішкентай деген ауылдың ақылды және әсем бойжеткені Жамал Алдашқызына үйлендірді. Уәлихан ағайдың әкесі Кәмен ақсақал және келіні Жамал жөнінде бөлек, ауқымды сөз арнауға болады деп ойлаймыз. Ал, Уәлихан аға жөніндегі осы жолдар белгілі тұлғаның кескін-келбетін болашақта егжей-тегжейлі әңгімелеуге кіріспе іспетті.
1942 жылдың қазан айында Уәлихан ағай әскер қатарына шақырылды. Абырой, беделі зор Кәмен ақсақал жалғыз баласын үйде қалдыруға мүмкіндігі болғанына күмән жоқ. Бірақ, жоғары отансүйгіштік сезімі ақсақалды ол қадамға жібермеді. Майдан шебіне жас жауынгерлерді әкетіп жатқан эшелондардың біріне жалғыз баласын өзі отырғызып, ақ батасын беріп, ауыр сапарға аттандырады. Тек үйіне оралғаннан кейін ғана ұлын енді көрмей қалу үрейін сезіп, бөлмесін жауып алып, Кәмен ақсақал көз жасына жол беріпті.
Бірақ, тағдыр әкелі-балалы екеуіне де мейірімін төккен. Талай қантөгіс жолдардың азабынан өтіп, екі рет ауыр жараланып, офицер Уәлихан Кәменов Жеңіс күнін өзі азат еткен Кенигсберг қаласында қарсы алды. Бір қызық жағдайды айта кету керек. Осы қаланы азат етуге Ақмола өңірінің тағы да екі майдангері, болашақ судьялар қатысқаны кейін белгілі болды. Олар артиллерист Торкин Александр Петрович (29.04.1919ж.-01.04.2020ж.) және жаяу әскер капитаны Құрмашев Есләм Ғазизұлы (1923-1984ж.ж.).
Ұлы Жеңіс күні У.Кәменовтың жауынгерлік жолы аяқталған жоқ. Ержүрек және сауатты офицер Кенигсберг қаласының комендатурасында қызметте қалдырылды. Туған ауылына солдат 1946 жылдың ақпан айында оралды. Аудандық мәдениет бөлімінде қысқа мерзім ғана жұмыс істеп, жұбайы Жамал екеуі білім қуып, Алматы қаласына кетті.
1951 жылы заңгерлік білім алған майдангерге республика басшылары бейбіт майданның шебіне жолдама берді. Ол майдан – соғыс зардабынан қажыған елге заңдылық пен құқық тәртібін орнату майданы, яғни, судьялық қызмет еді. Өкшесінен шықпай қалған зеңбірек оғының сынығы 3-ші топтағы мүгедектікке әкеліп, өмір бойы мазасын алатын. Бұл қиындықты және жалпы, елдегі ауыртпашылықтарды жеңе отырып, 1951-1987 жылдары, яғни, 36 жыл артығымен Кәмен ағамыз өзге салаға ауыспай, судьялық қызмет атқарды. Осы жылдары ағамыз Ермаков, Железин, Өрлітөбе, Краснокут және Павлодар аудандық соттарында судья және сот төрағасы қызметтерін атқарды.
Осы ұзақ жыл судьялық қызметінде, ағамыз жауынгерлік табандылық, қатал тәртіптілік, асқан адалдық, зор білімділік және өзге де ең үлгілі қасиеттер бойында мол екенін көрсетті. Сондықтан, Уәлихан ағамыздың омырауы толы жауынгерлік ордендер мен медальдарына бейбіт майдандағы ерен еңбегі үшін сан алуан жоғары марапаттар қосылды. Сәйкесінше, ағамыздың келбетін сипаттауға тек қана республиканың емес, Бүкілодақтық бұқаралық ақпарат құралдары да ат салысқан. Мысалы, Москвада Одақтың Жоғарғы Соты және Бас Прокуратурасы шығаратын «Адам және Заң» («Человек и Закон») деген қалың журнал 1980 жылы ағамыз туралы ауқымды очерк жариялады.
1987 жылы Уәлихан ағамыз құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Өкінішке орай, жаңада бала-шағасының, немерелерінің қызығын көре бастағанда, 1989 жылы небары 65 жасында дүниеден озды. Ал Жамал апай 30 жылдан кейін қайтыс болып, ағамыз көре алмаған балалардың бақытына куә болды. Уәлихан ағамыз екеуінен 6 ұл-қыз, 11 немере, 20 шөбере өрбіді. Ұрпақтары, тіл-көзден аман болсын, ата-анасының ең жақсы қасиеттерін, дәстүрлерін абыроймен жалғастырып келеді.
Ақмола облысының судьялары жауынгер ағамызға тағзым етіп, есімін жас судьяларға насихаттау үшін қолдан келген іс-шараларды жасауда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай, Уәлихан ағамыздың ұрпағына зор денсаулық, бейбіт өмір, жанұяларына бақыт тілейміз!
Мейрам ҒИБӘДІЛОВ,
Ақмола облыстық сотының ардагер судьялар кеңесінің
төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар