Көрмегені жоқ майдангердің бірі еді

Әкем Шаяхмет Смағұлұлы 1913 жылы 10 қаңтарда Ақмола облысының Жақсы ауданындағы Қызылту ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1939 жылы кеңес әскері қатарына шақырылып, әскери борышын атқарған. Енді елге қайтайын деп тұрғанда, Ұлы Отан соғысы басталып, №717 атқыштар полкінің жауынгері ретінде соғысқа қатысқан.

Әкем соғыста көрген бейнеті, азабы, қайғы-қасіреті ме екен, әйтеуір, соғыс туралы әңгімелегенді онша ұнатпайтын. Бірде кешке үйде отырғанда есіне алған. «Совет әскеріне толы пойыз вагондарымен соғыс жүріп жатқан жаққа бет алды. Өзім сияқты солдаттармен вагонда түнде ұйықтап кеткен екем, Алланың әмірімен оянып, өзімді жайсыз сезініп, вагонның тамбурына шықтым. Қасымдағы солдаттар ұйықтап жатыр. Бір кезде неміс самолеті ұшып келіп, біз келе жатқан пойыздың составын пулеметпен атқылай бастады. Аяқ астынан бәрі астан-кестен болды, солдаттар оянып, вагоннан секіріп жан-жаққа қаша бастады, мен жанталасып «вещмешогымды» алуға келсем, мен жатқан төсекті пулемет оғы кесіп өтіпті. Нәрсемді ала сала мен де жұртпен бірге вагоннан секіріп жерге түстім. Осылай, мені Алла сақтады» деп айтатын әкем.
Әкем Шаяхметтің әскери билетінде «С 17/06-1942 г. по 21/6-1945 г.
находился в плену в Австрии, г.Вена» деген жазу бар. Қарасаңыз, 3 жыл, 4 күн тұтқында болған. Осы уақыт ішінде күнде өлім мен өмірдің арасында жүрген. Біз, баламыз, кешкі астан кейін дастарханнан бір үзім нан жерге түсіп кетті, біз оны тез көтере қоймадық, сонда, алғаш рет әкем ренжіп, бізге ескерту жасады. «Мен тұтқында осы бір үзім нан үшін көрмеген азабым жоқ, осы нанға қолы жетпей аштықтан қаншама совет әскерлері жандарын пида етті. Тұтқында жарты жыл өткенде бәрімізге іш ауруы келді. Дезинтерия. Көп солдаттар осыдан шетінеп жатты. Арамызда менен ересек қазақ азаматы бар еді, ол маған «інішек, сен мына түріңмен өлесің, күнде беретін бір үзім нанды жеме, жина, сосын оны тұзға айырбаста» деді. Сол кісінің айтқанын істеп, тұзды суға ерітіп іштім. Әуелі, Алла, сосын сол азаматтың ақылымен аурудан құтылдым. Бірде тұтқында қатты қарным ашты, жүруге шамам қалмады. Сөйтіп, отырғанда ұйықтап кетіппін. Түсімде, апам Айман маған үлкен кесемен бір кесе айран берді. Оянсам, тұтқындамын, бірақ, қарнымда тамақ бар сияқты болып сезінеді. Осындай жағдай Алланың әмірімен бірнеше есе қайталанды».
Тұтқындағы адамның өмірі, әсіресе, неміс әскерінің тұтқыны болу, ол бір азап қой. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, әсіресе, біздерге, бейбіт өмір өмір сүрген жандарға. 1945 жылы 21 маусымда Америка әскері совет солдаттарын тұтқыннан босатып, Кеңес үкіметіне қайтарды. Содан әкем Шаяхмет 1947 жылдың жазында елге оралды.
Соғыс үлкен нәубет, қасірет, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс. Есіліп аққан Есіл өзені мен Терісаққан өзенінің қиылысындағы шағын ауыл Қызылтудан қаншама боздақ сол соғыстан оралмады. Ауылда Төлеген атаның төрт азамат баласы майдан даласында қалды.
Аллам алдарынан жарылқап, иман байлығын берсін, соғыста шәйіт болған мұсылмандарға деп тілеймін! Атам Смағұл, әжем Қайша күнде тәубаға келіп отыратын, шүкір Аллаға деп. Соғысқа барған екі баласы Шаяхмет пен Бәдір аман-есен елге оралды. Тек, көкем Бәдір сол қолының иығынан төменгі жағын майдан даласында қалдырды. Әкем Шаяхметтің 9 класс білімі болды, енді әрі қарай оқиын десе, әкесі мен шешесі жібермеді. Көп жыл болмадың, енді көз алдымызда бол деп. Содан әкем Шаяхмет «агент госдоходов» болып қызмет істеді. Жылқы малын өте жақсы көретін. Жылқыны танитын, жылқыдан қорықпайтын, олардың мінезін жақсы білетін. Агент болып қызмет істегенде торы биесі болды. Жануар өте ұшқыр, әкемнің сенімді серігі еді.
1954 жылы қазақ жерінде тың көтеру басталды, елге сырттан көп адамдар келді. Әрине, көпшіліктің ішінде бірен-саран мінезі нашар адамдар да болды. Жұмыс бабымен әкей ауылдарды аралайды, бірде қыстың күні мидай далада келе жатса, шананың бір-ақ ізі бар, жолдың жиегінде екі кісі тұр. Әрине, оларға керегі ат-шана ғой. Ақырын келе жатып, әкем кісілерге таяғанда торы биені қамшымен тартып жібереді. Сол кезде жануар бар күшімен шаба жөнеледі. Ондайды күтпеген екі кісіні шананың жақтауы аяқтарынан қағып түсіреді, біреуі ұшып түседі, екіншісі қолымен шананың ағашынан ұстайды, торы бие сол екпінімен шаба береді, содан манағы кісі сүйретілген күйі шанадан қолын босатып жібереді. Әкем атының осы ерлігін жиі есіне салатын.
Әкем өте бауырмал адам еді. Атам мен апамның, екі інісінің барлық шаруаларына бас-көз болатын. Ешкімнен қамқорлығын аяған жоқ. Аштық кезінде елден кетіп қалған, туыс болып кеткен екі апасына іздеу салып, тауып алып, оларды елге көшіріп әкелді. Аяқтарынан тұрғанша көмектесіп тұрды. Біздің Ешім ауылында әр ұлттың өкілдері тұрды, солардың арасында әкем Шаяхметтің беделі жоғары болды, қайсысы болсын, әкемнің айтқан сөзін жерде қалдырмайтын, сыйлайтын. Әкем әділ, адал кісі еді, қысылған адамға үстіндегі киіміне дейін шешіп беретін. Жалғыз менің әкем емес, сол кездегі соғыс ардагерлерінің бәрі солай болды ғой. Үкіметтің жұмысына дейін шын беріліп атқаратын. «Біз соғыста болдық, олай-бұлай» деген артық сөз болмайтын. Майдангер екендіктерін бұлдамайтын, міндетсімейтін адал жандар еді. Әуелі Алла, сосын сол кісілердің көзсіз ерлігінің арқасында біз тыныш, жақсы заманда өмір сүріп жатырмыз. Күнделікті, күйбең тіршілікте оны байқай бермейміз.
Шіркін, зымырап өтіп жатқан уақыт. Сол әкелеріміздің бізге әперген Жеңісіне де міне, 75 жыл толғалы тұр. Сол ұлы мереке қарсаңында әкем Шаяхметті есіме алып, осы ойларымды жазып отырмын. Майдан даласында шәйіт болған, өмірден өткен ардагерлерге иман байлығын тілеп, Алладан жатқан жерлері жайлы болсын, алдарынан жарылқасын деп сұраймын.
Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар