Жәлел Қизатов өмірінің үш белесі

Алдымен осы үш белесі деп алғанымызға тоқталсақ, ол Жәлел Қизатұлының өмір жолында жасаған үш ерлігіне байланысты. Бірінші белесі оның майданда жасаған жауынгерлік ерлігі, екіншісі – партия, совет, қоғамдық және шаруашылық салаларындағы атқарған қызметтері, үшіншісі – шығармашылықтағы табысты еңбегі. Ағымдағы жылы Кеңес Одағының Батыры, белгілі мемлекет пен қоғам қайраткері Жәлел Қизатұлының туғанына жүз жыл толғалы тұр. Осы айтулы оқиға мен көп жылдар бойы іскерлік және туыстық қарым-қатынаста болған нағашы ағайыма арнап мақала жазып, ұсыныстар айтпақшы ниетпен қолыма қалам алып отырмын.

Жәлел Қизатұлы 1920 жылы бұрынғы Көкшетау уезіне қарасты Айыртау ауданының Аяқкөл ауылында Қизат Бекмағамбетұлы мен Жамал апайдың отбасында дүниеге келген. Жәкең ағамыз өзінің «Өмір мен өлім» атты кітабында былай деп жазады: «Көкшетау мен Солтүстік Қазақстан облысының шекарасында Жалғызтау атты тау бар. Бұл атақты Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ата мекені. Осы таудың бір жотасына шығып, күн батыс жағына көз тастасаң, теңіздей теңселіп жатқан Аяқкөл көлін көресің. Осы көлдің жағасында Аяқкөл ауылы тұр. Міне, мен осы Аяқкөл ауылында (Көкшетау уезі) 1920 жылы 9 қазанда дүниеге келіппін» (5 бет). Ал, енді батыр ағамыздың ата-тегіне келсек, ол былай өрбиді. Арғын тайпасы қарауыл руының жақсылық тармағының Баян атадан тараған Малтабар – Құлтабар деген ағайынды екі адамнан тараған ұрпақтары Көкшетау уезіне қарасты Айыртау ауданын (қазір Солтүстік Қазақстан облысы) мекендеген. Малтабардан аты бүкіл қазақ даласына кең тараған әйгілі Ақан сері Қорамсаұлы туады. Құлтабардан Тілеп, одан Байзақ, Байзақтан Бекмағамбет, одан Жәлелдің әкесі Қизат туады.
Ендігі жерде Жәкеңнің балалық шағы мен оқу оқыған жылдарына тоқталсақ, әкесі апаттан 1922 жылы 33 жасында қайтыс болған, анасы Жамал апай күйеуінің қайтыс болуынан бір жыл асқан соң қазақтың ежелгі әменгерлік дәстүрімен күйеуінің туған інісі Баhраммен отастырылыпты. Сондықтан, жас шағында Жәлел көбіне атасы Бекмағамбеттің қолында өседі. Әкесінен жастай қалса да, оның жетімдік, жоқтық, қорлық көрмей өсуіне атасы мен өз анасы көп еңбек сіңіріпті.
Көп ұзамай Бекең атай отбасымен, ағайын-туыстарымен жақын арадағы Қарағай ауылына қоныс аударады. Сол ауылда Жәлел 1927 жылы мектепке барады. Мектеп оқушылары екіге бөлініп отырады екен, бір жағында ересек балалар, екінші жағында жасөспірімдер. «Қыз дегенде,–деп жазады аталған кітабында Жәкең,–менің немере апайым Көшпастың Ажары, мен сол апайымның жанына отырып, алдындағы қағаз-қарындаштарын көріп, үйдегі еркелікке салынып, ақтарып, төңкере бастадым». Ол кезде ауыл мектебінде тек қана бастауыш сыныптар болатын. Сондықтан, бірнеше баланы ата-аналары Қызылжарға апарған. Қаланың ФЗУ-ында елге таныс бір жігіт сабақ береді екен, сол жігіттің кеңесін тыңдап, ауылдан барған балалар түгелдей сол училищеге оқуға түседі. Онда екі жыл оқып, Жәкең ауылға қайтады. Ауылда есепші болып, бірер жыл қызмет атқарады. 1935 жылы Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде есепшілер курсы ашылып, ауданның жер бөлімінің басшысы сол курсқа Жәкеңді шақыртады. Курсты тәмамдағаннан кейін қызметін одан әрі жалғастырады. Сол кездің өзінде болашақ батыр ағамыздың әрбір тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, оны мұқият орындайтыны байқалады.
Алайда, Жәлел атасына оқуын жалғастырғысы келетінін айтқан соң Бекең немересін 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ленин ауданының Покровка селосындағы ауыл шаруашылығы техникумына апарады. Қабылдау емтихандарын тапсырып, Жәкең сол техникумға оқуға қабылданады. Сабақ орыс тілінде болғандықтан, мұнда оқу қазақ ауылдарынан келген оқушыларға оңай болмаған. Оқушылардың ішінде барлық пәндерді беске оқып, ерекше көзге түскені Бәйкен Әшімов болыпты. Айтпақшы, бұл күнде аталған техникум Жәлел Қизатовтың есімін иеленген. Сол оқу орнының алдындағы алаңшада Бәйкен Әшімовке арналған мрамордан жасалған үлкен тақтаға оның суреті, қысқаша өмірбаяны, 14 жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, кейін ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметін атқарғаны көрініс тапқан.
Техникумды бітіргеннен кейін Жәкең алған мамандығы бойынша қызмет атқармақшы болады. Бірақ, ауылдың бас көтерер сыйлы тұрғындары Бекеңе келіп, ауылда бала оқытатын мұғалім жоқ екенін білесіз ғой. Сондықтан, немереңізді бірер жыл мұғалім болып істеуге көндіріңіз деп қолқа салады. Атасының айтқанынан шықпайтын Жәкең оған көніп, ауылында бастауыш мектептің меңгерушісі қызметін атқарады. Алайда, 1940 жылы ақпан айында әскерге шақыру қағазы келеді. Әскери қызметін Жәкең Чернигов облысының Нежин қаласында бастайды, аз уақыттан кейін Новороссийск қаласындағы 422-інші артиллерия полкінде барлаушы болады. Сол полктің құрамында алғаш тікелей майданға қатысуы Одесса қаласын қорғау тұрғысындағы сұрапыл шайқаста басталады. Онда да артиллерияның барлаушы тобында жаудың оқ ататын ұялары мен қорғаныс бекіністерін анықтап, олардың тұрған жерін атқыштарға жеткізіп отырады. Артиллерия барлаушыларының бір ерекшілігі, оларға тұрақты пайдалануға ат бөлінетін болған. Ол атты ағамыз кітабында былай сипаттайды: «Маған меншіктелген ат Аранжир деп аталатын. Есік пен төрдей, қамыс құлақ, қаз мойын, көздері жұлдыздай, қорқу, үрку дегенді мүлдем білмейтін. Желдей жүйрік болғанымен басы өте жұмсақ».
Соғыстың бас кезінде фашистік Германияның әскері қару-жарақпен қамтамасыз етілу жағынан, әсіресе, танк пен ұшақтардың саны мен сапасы тұрғысынан алғанда, Қызыл Армиядан көп басым болғаны белгілі ғой, сондықтан, біздің жауынгерлердің асқан ерліктеріне қарамастан, жалпы алғанда совет армиясы шайқастарын шегіне отырып жалғастыруға мәжбүр болды. Дәл осындай жағдай 1941 жылдың шілде айында неміс әскерінің бір бөлігі Киев қаласын оңтүстік жағынан айналып өтіп, шығысқа қарай екпінді қарқынмен Днепр өзеніне келгенінде орын алды. Атақты маршал Жуковтың айтуынша, жау әскерінің Днепропетровск пен Одессаға қауіп төндіруі совет армиясының жалпы, оңтүстік-батыстағы жағдайын біршама қиындата түсті. Дегенмен, бұл жеңіс неміс әскеріне оңайға түскен жоқ. Олар арып-шаршап, көп шығынға ұшырады.
Міне, Жәлел Қизатұлының соғысқа тікелей қатысуы осы Одесса қаласын қорғау үшін болған қанды шайқастан басталады. Полк Одессаға теңіз арқылы келіп, бірден қаланың оңтүстігіндегі майданның алғы шебінде жаумен бетпе-бет шайқасқа кіреді. Совет әскері қанша қажырлылықпен қаланы қорғағанымен, ол кезде қару-жарағы басым жау әскері қалаға шабуылдан шабуылды үдетіп, біздің әскерлерді Одессадан кетуге мәжбүр етті. Жоғарғы командованиенің «Керчьке дейін шегіну керек» деген бұйрығын орындап, қаланы қорғаған әскер түн қараңғысын пайдаланып, теңіз арқылы Қырымға тартады. Полк қазан айының 5-сі күні Феодосия қаласына жақын жерге келіп жайғасады. Ол кезде неміс әскері көп қиындықсыз Феодосияны басып алған болатын. Сондықтан, олар қаланы емін-еркін билеп, жайбарақаттыққа салынған екен. Осындай жағдайды ұқыпты пайдаланып, біздің әскерлер жаппай шабуылға шығып, Феодосияны да, Керчьті де азат етіп, жаудан босатып алады.
Совинформбюроның хабарлауынша, Қызыл Армия осы шабуылында фашистердің бір жаяу дивизиясын, теңіз жағасын күзетіп отырған екі артиллерия полкін түгелдей жоқ қылып жіберген. Алайда, фашистік Германия бүкіл Европаның әскери потенциалын иемденіп алғандықтан, ол шығынның орнын толтыру оған аса қиын болған жоқ. Фашистер әскері шабуылды үдете түсіп, мамыр айының орта кезінде Керчьті, ал, шілде айының басында тоғыз айға созылған теңдессіз қорғаныстан кейін Севостопольды, одан Қырымды қайта басып алады. Енді Кавказ қауіп төндіреді. Осындай жағдайға байланысты жоғарыдан тағы да шегінуге бұйрық келіп түседі. Бұл жолы 422-інші полктың дивизияның құрамында Дондағы Ростовқа тездетіп жетуі керектігі айтылған. Кешікпей бөлім Ростов қаласына жақын Ольчинка станциясына келіп жайғасады. Мұнда полк жауынгерлері күні-түні алдағы сұрапыл шайқасқа дайындық жасаумен болады.
Жәкең сондай жаттығу үстінде жүргенде бір күні полктің кезекші командирі келіп, «жолдас Қизатов сізді штабқа шақырады» дейді. Онда барса, штаб бастығының орынбасары оған «сіз жоғарыдан келген бұйрық бойынша қысқа мерзімді оқуға баратын болдыңыз» деп қолына пакетті ұсынады. Лейтенанттар дайындайтын қысқа мерзімді курс Сталинград түбіндегі Бекетовка дейтін пунктте екен. Мұнда курсанттар екі жарым ай оқып, әскери білімдерін жетілдіріп, курсты бітіріп шығады. Әскери тәжірибесі мол, емтиханды жақсы тапсырғандарға лейтенант, көбіне кіші лейтенант атағын береді. Жәкең лейтенант лауазымына ие болып, өз бөліміне оралады. Полктің комиссары майор Гарошеко оны алтыншы батареяның саяси жұмыс жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды.
Бұл кез шілде айының орта шені болатын, осы уақытқа дейін Жәкең майданда қатардағы жауынгер ретінде қатысса, ендігі шайқастарға командир ретінде кіріспек болады. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік екенін батыр ағамыз қатты сезінді. Ендігі шайқас Сталинград қаласының түбінде болатыны белгілі болғаннан кейін оған қызу дайындық басталды. Мұның алдында 28 июнь күні Жоғарғы Қолбасшы И.В.Сталиннің №227 бұйрығы жарияланған. Бұл бұйрықтың жүктеген міндеті – бір қадам шегінбеу! Әлемдік тарихта болған соғыстарда қырғын шайқастар аз болмаған ғой, алайда, әскери мамандардың айтуынша, тап осындай Сталинград түбінде болған қиян-кескі, жеті айға созылған қанқұйлы шайқас бұрын-соңды болып көрмеген. Жәкеңнің осындай сұрапыл шайқастың бел ортасында болып, жауынгерлік міндетін ерлікпен орындағанының айғағы – оның Жоғарғы Қолбасшының Алғыс хатына ие болғандығы. Г.К.Жуковтың айтуынша, «Сталинград шайқасы 1942-1943 жылдардың қысында болған әскери науқандардың ең ірісі және халықаралық маңызы зор оқиға болды». (ГКЖ. Т.3 с.7).
Ендігі жерде Жәлел Қизатұлы өз бөлімімен бірге Орел-Курск доғасында болған тағы да бір сұрапыл шайқасқа қатысты. Мұнда да ол өмір мен өлімнің ортасында жүріп, әскери қызметін аянбай, майданның алдыңғы шебінде жалғастырады. Оның бір көрінісін Жәкең өз кітабында былай сипаттайды: «Бір күні командиріміз маған үстелде жайылған картадағы бір ноқатты көрсетіп:
–Міне мына бір ноқат жау позициясының бер жағында қирап қалған біздің танк. Бүгін түнде қасыңа екі жауынгерді ертіп алып, осы танктің ішіне кіріп алыңдар. Жау позициясын түгелдей анықтауларың керек. Сол жерден рация арқылы жау жағдайын түгелдей хабарлап отырасыңдар. Бұл, әрине, Қизатов, өте қауіпті тапсырма. Ал, енді өте мұқият болыңдар. Сау оралуларыңа тілектеспін, – деп шығарып салды. Біз танкке қарай жүгіре басып келеміз. Немістің қол ракеталары бірінің артынан бірі аспанға көтеріледі. Ракета сөнісімен тұра жүгіреміз. Ақыры, танкке жеттік, жауынгерлерімді танк астынан окоп қазуға жіберіп, өзім жау шебін мұқият зерттеуге кірістім. Менің көргендерімнің бәрін телефон арқылы хабарладық. Зеңбіріктер біз берген нақтылы мәліметтер бо-йынша пулемет ұялары мен зеңбіректерін қиратып, жаяу әскерін қырып салды. Біздің жақ енді жаппай шабуылға шықты. Бұл күні біз жиырма шақырым алға жылжыдық». (Ж.Қ. 159 бет).
Совет әскери басшылары неміс әскерінің шабуылы басталмай ұрып, олардың әрекетіне тойтарыс бергеннен кейін контр шабуыл жасауды жоспарлап қойған болатын. Міне, енді біздің әскер сол жоспарды іске асыруға кірісті. Маршал Жуковтың бағалауынша: «Курск Орел аймағында болған шайқас Ұлы Отан соғысының және бүкіл екінші дүниежүзілік соғыстың ең бір сұрапыл шайқастарының бірі болғаны сөзсіз». (ГКЖ т.3 с.57).
Кеңес әскерінің алдында тұрған келесі басты мәселе – ол Украинаны азат ету болған. Курск доғасындағы жеңілістен кейін фашистік-неміс әскерінің енді ауқымды шабуыл жасауға қауқары болмағанмен, әлі де басып алған біздің аймақтарда белсенді қорғаныс әрекетін жүргізуге мүмкіндігі жеткілікті болатын. Дегенмен, бұл кезде біздің әскер қару-жарақпен жабдықталуда сан жағынан да, сапа тұрғысынан да жау әскерінен басым бола бастаған. Украинаның жері мен халқын фашистердің бұғауынан жедел азат ету үшін Совет командованиесі әрбір бөлімнен екпінді топтар құру шешімін қабылдаған болатын. Ол топтардың міндеті – біздің әскерлердің алдыңғы шебінде болып, жаудың әскері шегінгенде поселкелер мен орманда жасырын қалдырған атқыш нүктелерін анықтап, біздің артиллерияға кординатын жеткізу, ал, жау әскері үдірей қашқанда оларға тоқтап есін жиюға мұршасын келтірмей, батысқа қарай қуа беру. Бұл топтарға армияның әртүрлі құрамдарынан – артиллеристерден, танкистерден, ұшқыштардан да өжет те жігерлі, әсіресе, әскери тәжірибесі мол жауынгерлер алынған. Міне, Жәкеңді осындай бір топтың командирі етіп тағайындапты. Оның құрамына байырғы барлаушылардан іріктеп алған бес жауынгер кіріпті. Олар автоматпен қаруланып, үш күндік азық-түлік, оқ-граната алып, жолға аттаныпты.
Бұлардың әр қадамы өте қауіпті болған ғой. Екі жылға жуық талай шайқастардан аман өткен Жәкеңнің жан досы, аға сержант Григорий Мазманьян ауыр жараланып, госпитальға жіберіледі. Жәкеңнің бұл тобы бірнеше рет біздің жаяу әскерді өте қауіпті жағдайдан құтқарады, әсіресе, Чернигов қаласын жаудан құтқаруда асқан ерлік көрсетіпті. Осыған байланысты Жәкең тағы да Бас қолбасшының Алғыс хатына ие болады. 1943 жылдың 27 қыркүйегінде жаудың жасырын орналастырылған бекінісін талқандауға қосқан үлесі үшін полк командирінің айрықша алғысына ие болады. Келесі күні кешке Жәкең тобы Днепрге жақын орналасқан Любеч селосына жетеді, оның тұрғындары бұларды қуанышты көңілмен қарсы алады. Мұнда немістер жоқ екен, олар бір күн бұрын түгелдей Днепрдің батыс жақ бетіне өтіп жайғасыпты. Жәкең тұрғындардан қайықтарың бар ма деп сұрастырады. Бір балықшы шал келіп, өзінің шіліктің ішіне тығып қойған екі қайығын береді, оны арбаға салып, Днепр-
ге жеткізеді. Бұл жердегі өзеннің жалпақтығы 1000 метрге жетеді екен.
Кешкі тамақтан соң Жәкеңді командирі шақырып алып, «Жолдас лейтенант! Тағы бір өте жауапты бұйрық алдық» дейді. Әрі қарай сөзін жалғастырып: «Сен түн көрпесін жамылып, Днепрдің арғы жағына өтіп жайғасып, үлкейткішіңмен жаудың атқыштар ұясын дәл тауып, оны тура көздеп жойғызып жіберсең, осы бағыттағы бүкіл Совет Армиясының мерейі үстем болады» дейді (183 бет). Түн қараңғысы түсе Жәкең қасына үш сенімді жауынгерін алып, төртеуі шалдан алған қайыққа отырып, жылжып жүре береді. Днепрдің түйдек толқындары қайықты суға толтырады, арпалысып каскаларымен суды тез-тез төгіп, әупірімдеп өзеннің батыс жағасына жетіп, жерді қазып, бекініс жасайды. Таң ағара барлауға кіріседі. «Қарасақ, – деп жазады Жәкең кітабында, –су бетінде қайықтар қаптап кетіпті. Олар осы бағыттағы біздің жаяу әскерлер бөлімдерінен екен. Көп қайық өзен жағасына жүзіп келеді. Жау шебіне қарап тұрмын. Екі пулемет ұясын көріп қалдым. Мен Бондаревқа бұрылдым да: «Батареяға тез хабарла! Атсын! Жаяу әскерлерімізге қауіп төнуде» дедім. Кешікпей оқ жаудырған екі пулеметтің үні өшеді. Жаяу әскердің бір командирі келіп, рахметін айтып, «манағы пулеметтер мен минометтерді сендер құртпағанда, біз ендігі Днепр балықтарының жеміне айналған болар едік» дейді.
Жәкең немістің алдыңғы шебін үлкейткіш арқылы қарап байқаса, жау шегініп барып, топтанып, қарсы шабуылға шығайын деп жатыр екен және әр жағынан төрт танк келіп, оларға қосылады. Оларға жақын жерге екі зеңбірек жайғасады. Осының бәрінің координатын Жәкең біздің батареяға жеткізеді. Олар тез арада жау шебіне снарядтар жаудырады. Неміс танкілері келе жатып, біздің позицияны атқылауға кірісті. Ол аздай, немістің бомбы тастайтын ұшқыштары шабуылға шығады, олардың соңынан іле-шала мессершмидтер ұшып келе жатады. Дәл сол сәтте шығыс жағынан біздің «як» пен «лак» және «миктер» самсап келе қалады да, аспан шайқасы басталады. Нәтижесінде жаудың төрт бомбылағышы мен бір истребителі жер жастанып, қалғаны қашып құтылады. Сол сәтте әлгі танктер жүре атып, біздің позицияға жақындап қалады. Сөйткенше Жәкең «біздің батареяға атыңдар» деп бұйрық береді. Олар туралап атып, үш танкті жандырып жібереді де, артында келе жатқан жаяу әскерін шрапнелмен атады.
Келесі бір шайқаста оң қолына оқ тиіп жараланып, Жәкең госпитальға жіберіледі. Сонда емделіп жатқанда бір күні газет оқып отырса, онда 1944 жылғы январьдың 15 күні СССР Жоғарғы Советі Президумның Указы жарияланыпты. Указда «Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын тамаша орындап, Днепрден өткенде көрсеткен асқан ерлігі мен батырлығы үшін СССР Жоғарғы Советі Президумының Указы бойынша төмендегі солдаттар мен командирлерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін» деп жазылыпты. Тізімді оқып отырса «Қизатов Жәлел – лейтенант» деген жазуды көреді. Ол тізімді госпиталь басшылары да оқыпты, олар келіп, Жәкеңді қызу құттықтап, мәре-сәре болады. Осыдан 4-5 күн өткеннен кейін Жәкең госпиталь бастығына барып, мен өзімді жақсы сезінемін, сондықтан, мені емделуден босатуыңызды сұраймын деп жалынып- жалбарынып, босатылды деген анықтамасын алып, өзінің бөлімшесіне келеді.
Беларуссия мен Польшаны азат етудегі шайқастарға қатысады, аға лейтенант атағын алады. Сөйтіп жүргенде бір күні полк штабына шақырып, онда Мәскеудегі офицерлер дайындайтын жоғарғы курсқа барасыз деген бұйрықты алып, ел астанасына ат басын тірейді. Мұнда төрт ай оқып, курстық емтихандарды барлық пәннен өте жақсы деген бағаға тапсырып, сол қаладағы Дзержинский атындағы әскери академияға жолдама алады. Онда барып, кадр бөліміне құжаттарын тапсырады. Алайда, бөлім бастығы академияға түсуге офицерлік стажыңыздың бір жылы жетіспейді деп, қолына Алматының Дала әскери округіне жолдама беріп, шығарып салады. Алматыға келген соң әскери округтің кадр бөлімінің бастығына барып, өзінің отбасының мән-жайын айтып, әскери міндетінен босатуды өтінеді. Ол кісі қарсы болмайды. Ертеңінде «әскери міндетінен босатылсын» деген бұйрықты алып, содан Петропавлға келеді. Мұнда партияның обкомына кіргенде ертеден аздап таныс Жұмабек Ташеновқа кездесіп қалады. Ол кісі Жәкеңді кабинетіне алып келіп мән-жаймен танысқасын обкомның бірінші хатшысы Г.А.Мельниковқа алып келеді. Григорий Андреевич Жәкеңнің құжаттарымен танысып, әңгімелескеннен кейін обкомның кадр жөніндегі хатшысына «Совет ауданы партия комитетінің кадр жөніндегі хатшылығына тағайындау жөнінде құжаттар дайындаңыз» деп тапсырады. Жәкең Григорий Андреевичке алғысын айтып, «сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын» деп уәде береді.
Араға екі күн салып, аудан орталығы Смирнов селосына келіп, жайғасқаннан кейін Жәлел Қизатұлы өмірінің екінші белесі осылайша басталып кетеді. Бұл қызметті екі жылдай уақыт атқарғаннан кейін оны Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына тағайындайды. Осы қызметті атқарып жүрген кезінде Жоғарғы партия мектебін сырттай оқып бітіреді, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. 1950 жылы Булаев аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Келесі жылы СССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. 1956 жылы аудан шаруашылығының барлық саласындағы, әсіресе, мемлекетке астық тапсырудағы жетістіктерін ескере отырып, Жәлел Қизатов Ленин орденімен марапатталады. Дегенмен, 1957 жылы ол мынадай бір келеңсіз жағдайға кез болады. Сол жылдың қараша айында өтетін Жоғарғы Кеңестің соңғы отырысына шақырылады. Москва-Қарағанды маршруты бойынша пойыздың жұмсақ вагонына жайғасып, Қарағандыдан, Көкшетау мен Петропавлдан сессияға бара жатқан депутаттар бас қосып әңгімеге кіріседі. Әңгімені бұрын ҚазССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген, кейін орнынан алынып, Солтүстік Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Д.Керімбаев бастайды. Ол Хрущевтың Г.К.Жуковты Қорғаныс министрі қызметінен босатқанын, сол жылы ЦК-ның июнь пленумында В.М.Молотовты, Г.М.Маленковты, Л.М.Кагановичті антипартиялық топ құрды деп айып тағып, барлық лауазымдары мен қызметтерінен айырғанын оның асқан көрегендігі деп мадақтайды. Жәкең Керімбаевтың айтқан пікіріне қосылмайтынын айтып және Хрушевтің ел басқарудағы қызметін қатты сынайды. Бұл бейресми болған әңгімені Керімбаев Мәскеуге барысымен телефон арқылы обкомға жеткізеді. Сессия бітерден бір күн бұрын Жәкең атына телефонограмма келеді, онда жедел қайтып, 26 қарашада болатын партияның обком бюросына жетуі керектігі айтылады. Бюроның шешімін сол жазылған тілінде сол күйі беруді жөн көріп отырмын: «Тов. Кизатов в пути следования в Москву на сессию Верховного Совета СССР, в вагоне поезда, в присутствии трех депутатов вел антипартийные разговоры, осуждающее решение президиума ЦК КПСС в части по освобождению Жукова от должности министра обороны». Ол кезде Хрущевтің айдарынан жел есіп тұрғанда кез-келген облыстық, республикалық, тіпті одақтық деңгейдегі басшының бұлай айтуға батылы жетпес еді. Бұлай айтуы батыр ағамыздың майданда даңқты қолбасшының тікелей басшылығымен Бірінші Белоруссия майданында соғысуы ғана емес, шын мәнінде ақыл-ойы мен адами қасиетін биік ұстауында болатын. Алайда, обкомның шешімі мынандай болды:
«4. считать невозможным дальнейшее оставление т.Кизатова на посту председателя Булаевского райисполкома. 5.Отозвать предложение бюро обкома в ЦК КП Казахстана о рекомендации т. Кизатова в Верховный Совет СССР нового созыва».
Осыдан кейін бір айдан соң Жәкең Таман дивизиясы атындағы совхозға директор қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті алты жыл абыроймен атқарады, сол жылдары қызметтен қол үзбей, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіреді. 1963 жылы Қарақоға элеваторына директор болып ауысады. 1964 жылы Совет Одағы Орталық Партия Комитеті октябрь пленумының шешімімен Н.Хрущов қызметінде жіберген қателіктері мен басшылықтағы волютаристік ұстанымы үшін қызметінен босатылады.
Осы оқиғаға байланысты Жәкең Алматыға шақырылып, Қызылорда облысы нан және құрама жем өндірісі басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Осы қызметті 1988 жылы пенсияға шыққанынша абыроймен атқарды. Бұдан кейін де Жәлел ағамыз қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланады.
Ал, енді Жәкеңнің үшінші белесіне қысқаша тоқталсақ, ол былай. 1976 жылы Алматыда «Жазушы» баспасынан «Өмір өткелдері», 1990 жылы «Жалын» баспасынан «Испытание войной» атты кітаптары жарық көрді. Жәлел Қизатов Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Жәкеңнің соңғы «Өмір мен өлім» атты туындысы 1995 жылы «Ғылым» баспасында басылып шықты. Кітап мемуар жанрында жазылғандықтан, соның канонына сәйкес шыққан ортасы мен балалық шағынан басталады. Бірінші тарауының ерекше тартымды жері Бекмағамбет атасының атақты Ақан серімен туыстық қарым-қатынаста болғаны, Құлагердің шабысы жөніндегі әңгімесі. Кітаптың келесі бес тарауында Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін алдыңғы шепте – барлаушылар тобында болғанда, әрдайым ажалдың өзімен қатар жүргенде көзімен көргендері тамаша сипатталған. Жәкеңнің бұл туындысының соңғы 25 беті өзінің майдандас жан досы, Совет Одағының Батыры, атбасарлық жерлесіміз Ақан Құрмановқа арналған поэмамен бітеді.
Мақаламның қорытындысы ретінде айтпағым, Жәлел Қизатұлы өмірінің үш белесі де ерлікке толы болғаны. Батыр ағамыздың үлгілі өмірі мен сүйікті Отанына атқарған қалтқысыз қызметі өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз деп ойлаймын!

Қадыржан ӘБУЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Көкшетау қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар