12 мамыр – халықаралық мейірбикелер күні

Олар бүгін де – алғы шепте

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылды халықаралық мейірбикелік және акушерлік іс жылы деп жариялады. Бұл шешім мейірбикелік істің негізін қалаған Флоренс Найтингейлдің 200 жылдығына орай қабылданды.

Ақмолалық мейірбикелер Көкшетау жоғары медициналық колледжінің «Қайырымдылық пен ерлік» музейі бекіткен «Флоренс Найтингейл» атындағы құрмет төсбелгісінің барын мақтан етеді.
Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық орталығында осындай марапатқа ие 8 мейірбике бар.
– Олардың барлығының да мейірбикелік істе қажымай еңбек етіп келе жатқандарына кем дегенде 35 жылдан асты. Осыдан-ақ, өз істеріне деген сүйіспеншіліктері мен адалдықтарын көруге болады, – дейді аурухана директорының онкологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Майя Әбдірахманова. – Олардың еңбек жолындағы бай тәжірибелері онкологиялық қызметпен тығыз байланысты. Медициналық мекеме олар үшін екінші үйлері тәрізді. Бұл қызметкерлердің бойында еңбексүйгіштік, өз жұмысы мен міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарау, адалдық пен шыдамдылық, адамгершілік пен сыйластық секілді адами қасиеттер тұнып тұр. Жастар осындай адамдардан үлгі алуы тиіс.
–Мен өзімнің әріптестерімді тәулік бойғы медбикелер жұмысында кездесетін барлық ауыртпалықтарды көтере алатын, сөйтіп, біздің кәсіпте озат қырларымен ерекшеленетін жандар дегім келеді, – дейді онкологиялық қызмет орталығының радиологиялық бөлімшесінің аға мейірбикесі Алмагүл Мұқашева.
Сегіз мейірбикенің бесеуі қазіргі уақытта зейнеткер. Ал, үшеуі жұмыстарын жалғастыруда. Өкінішке орай, біздің барлығымен кездесіп, сөйлесуге мүмкіндігіміз болмады. Оның үстіне коронавирусқа байланысты карантин уақыты. Дегенмен, өз қарамағындағы мейірбикелер жайлы Майя Әбдірахманова біраз мәліметтер берді.
– Осы атаққа ие болған сегіз қызметкерді бір-бірінен бөліп жарып, айтуға болмайды. Әрқайсысының медицина саласына сіңірген еңбегі зор. Сонда да 45 жылдық еңбек өтілі бар Қалима Исмағұловаға тоқтала кетейін. Өмір бойы онкологиялық диспансерде жұмыс істеген ол кісі біздің жастарымызға тәжірибелі тәлімгер де бола білді. Көптеген жылдар бойы хирургиялық бөлімшенің мейірбикесі болған Сайран Хабибуллина да өзін білікті маман ретінде көрсетті. Сол сияқты, біз эндоскопия кабинетін де Зәуреш Шаймерденовасыз елестете алмаймыз. Ол барлық еңбек жолын осы жерде өткізді. Дәрігерлермен бірге эндоскопиялық қызметтің құрылуы мен қалыптасуына атсалысты.
Сонымен бірге, Алма Қоспанованың да еңбек жолы жемісті. Ол операциялық мейірбике, химиотерапия бөлімшесінде аға мейірбике болып жұмыс істеді, зейнет жасына жеткеннен кейін бірнеше жылдар бойы амбулаторлық химиотерапия кабинетінде еңбек етті. Көптеген жылдар бойы күні-түні жұмыс істеп, ауыр науқастарға ем жасаған Гүлбахрам Әділова да қазір еңбек демалысында. Келесі бір жастардың құрметіне ие жандардың бірі Алмагүл Мұқашева. Ол өз жұмысын радиологиялық бөлімшеде аға мейірбике болып бастады. Қазір онкоорталықтың орта буын медперсоналын басқарады. 38 жыл еңбек өтілі мен тәжірибесі бар. Сонымен бірге, біздің салада Гүлнәр Қасенова, Салима Құсайынова да ойдағыдай еңбек етіп жатыр. Бұл мейірбикелердің бәрі «Флоренс Найтингейл» медалінің иегерлері,–дейді Майя Металовна. –Қазіргі мейірбикелер ерекше қиын жағдайда, коронавирус пандемиясы таралған кезде жұмыс істеп жүр. Жұқпаға қарамастан, өз міндетімізді адал атқаруымыз керек. Орталық мейірбикелері мен дәрігерлері карантиндік госпитальдердің жұмысына тартылып жатыр. Бұл ақ халатты абзал жандардың өздеріне қауіп төніп тұрса да, карантиндік емханаларда жауапкершілікпен, бір адамдай қызмет атқара алатындығын көрсетеді.
–Мен осындағы мейірбикелердің адамгершілігі мен өз істеріне шынайы берілгендіктеріне риза болдым. Меніңше, мұндай жауапты жұмысты атқару үшін олардың жүйкесі де мықты болу керек. Себебі, неше түрлі науқастар келіп түседі. Ота жасалғаннан кейін науқастармен қарым-қатынас жасау оңай емес. Әрбіріне ерекше көңіл бөлу керек, – дейді сандықтаулық Наталья Яшкуренко.
Жыл сайын Мейірбикелер күні орталықта тақырыптық конференциялар өткізіліп, осы мамандық иелерінің тәжірибелік және теориялық білім алуларына жағдай жасалады. Дәрігер мен мейірбикелер науқастардың өмірін ұзартып, алдағы ғұмырларына сенім ұялата алады.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар