Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин сақталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында жасаған мәлімдемесіне байланысты кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бұдан әрі атқарылатын іс-шаралар туралы брифинг өткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Қазақстан Республикасы Президентінің мәлімдемесіне кеңінен тоқтала келе, өңірдегі эпидемиологиялық қызметті жетілдіруге, білім саласына жаңаша көзқараспен қарауға, коронавирус індетіне байланысты шешімдерді дұрыс орындауға тиіс екенімізді айтты. Пандемия халық денсаулығына әлі де қауіп төндіруде. Сол себепті елімізде төтенше жағдай режимі тоқтатылғанымен, карантин тәртібі сақталып, әр өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты біртіндеп алынады. Мемлекеттің қызметтің барлық түрлерін мүмкіндігінше онлайн режимде жүзеге асыруымыз керек.
– Карантин толық алынбағанына қарамастан, бүгіннен бастап көптеген саланың қызметі қалпына келе бастайды. Қазіргі таңда облысымызда дүкендердің біразы ашылып, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жандана түсті. Барша ақмолалықтарды карантин тәртібіне шыдамдылық танытып, әлі де сақтық шараларын ұстана түсуге шақырамын, –деді Айна Мысырәлімова.
Шағын және орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істейді. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Төтенше жағдай жариялануына байланысты ашылған 100-ден астам блокбекеттің әрі қарай 70-і сақталады. Бұл біздің облыс тұрғындарының денсаулығын сақтау үшін керек шара. Сонымен қатар, төтенше жағдайға байланысты өңірлік жедел штабтың жұмысы да жалғасады.
Облыста 20 мың адам тесттен өтіп, олардың барлығы да теріс нәтиже көрсетті. Медициналық мекемелердің бәрі індеттен сақтануға арналған қорғаныс құралдарымен, дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етілді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауы тиіс. Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Әйтпесе, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін.
Брифингте сондай-ақ, Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина сөз алып, карантин режимінің сақталуына байланысты жаңадан қабылданған қаулыға тоқталып өтті. Атап айтқанда, қоғамдық көліктердің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, балабақшалардағы кезекші топтардың, аумағы 2 мың шаршы метрден аспайтын сауда-саттық дүкендерінің қызметі жанданады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар