Айтайын дегенім!..

Мектеп жабылса, ауыл одан сайын құлдырайды

Қазір еліміз күрделі кезеңді басынан өткеріп жатқаны әмбеге аян. Соның ішінде білім саласында да түрлі реформалар қабылданып, өзгерістер болып жатыр. Цифрландыру, компьютрлендіру, тәжтажалдың шығуына байланысты қашықтықтан оқытудың салдары туралы сөз қозғамай-ақ, ауыл мектептерінің қазіргі ахуалы жайлы айтқым келеді. Ауыл мектептері жайлы тебіренбей сөз қозғау мүмкін емес.
Естуімізше, келесі жылдан бастап мектептер облыстық білім басқармасынан қаржыландырылатын болса, оқушы саны 81-ден кем мектептер негізгі мектепке ауыстырылуы мүмкін екен. Осындай жағдай орын алатын болса ауылдағы негізгі мектептер толық емес, яғни, тоғыз жылдық болады деген сөз. Мысалы бір ғана Біржан сал ауданының 15 мектебі осындай кепті киюі мүмкін. Олай болатын болса, ата-аналар балаларының болашағы үшін аудан орталығына не қалаға қоныс аудара бастаса, елдің іргесі одан сайын сөгілмесіне кім кепіл?!
Кеңес Одағының кезінде «болашағы жоқ» деген желеумен ұлттың ұйтқысы болып отырған жүздеген ауылдарды қасақана жойып жіберген болатын. Қазақ тілінде білім беретін мектептер аралас мектептерге айналдырылып, жергілікті халықты мәңгүрттендіру науқаны жүргізілді. Ауылдармен бірге қазақтың салт-дәстүрі, менталитеті жойылып, рухы сынды, тілі мен ділінен айырылды, сөйтіп, құлдық психология қалыптаса бастады. Бұл сол кездегі Кеңес Үкіметінің басқа ұлттарды жымысқы саясат арқылы отарлауы десек, өз алдымызға азат, дербес мемлекет болғанымызда ауылдарды жоюды, ондағы мектептерді қысқартуды қалай түсінуге болады?!
Қазірдің өзінде күні кеше ірі кеңшар орталығы, іргелі бөлімше болған талай ауыл жойылып, құр орны ғана қалды. Өмір көрсетіп отырғанындай, солардың ең әуелі мектептері, мәдениет ошақтары жойылды. Сөйтіп, бауыр еті – балаларын қалай оқытарын білмеген халық жан-жаққа көше бастады. Енді келіп тағы да мектептерді ықшамдаймыз дейміз. Сонда сол ауылдардың азаматтарын ұлттың қаймағы болып отырған ауылдарды жабудың артында қандай саясат тұруы мүмкін деген ой мазалайтыны анық.
Елдің аграрлық секторын дамыту арқылы халықты өзіміздің өнімімізбен, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ауылдық жерлерге басымдық беру керектігі айтпаса да түсінікті. Қандай құнарлы жеріміз, кең-байтақ жайылым мен шабындықтар бола тұра, азық-түлікті шет елден тасымалдау ақылға сыйымсыз. Сондықтан, елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған елді мекендерді, ауылдарды сақтайық десек, мектептерді қысқартпау керек. Түсіне білген адамға бұл май шаммен қарайтын мәселе.
Білім және ғылым министрлігі, заң шығарушы органдардағы депутаттар, облыстық, аудандық білім басқармалары мен бөлімдері асығыстық жасамай, салдарын зерттеп барып, оң нәтиже шығаратындай шешім қабылдаса игі. Қазақтың алтын бесігі – ауылды сақтайық десек, елдің саяси, мәдени, тағы басқа толып жатқан іс-шараларын атқарып отырған білім ошағы – мектептерді сақтау мемлекеттік деңгейдегі мәселе ретінде қаралуы керек. Онсыз да жүдеу тартып тұрған ауылдағы ағайын жоғарыдағылардан бұл мәселеде ауылды тұқыртпайтындай оң шешім күтеді.

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар