Ұлы Жеңіс – 75

Ер Мәліктің ерлігі үлгі шашса…

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллин есімі берілсе, әлмисақтан ерлікті мұрат тұтатын Алаш баласы үшін ақ жарылқап күн болар еді. Ұлттық құндылықты ұлықтаудағы себі зор бұл мәселе үш жылдан бері сағыздай созылып келе жатыр.

Кеңес Одағының Батыры, запастағы гвардия полковнигі, КСРО Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллиннің Ақмола облысындағы Зеренді ауданының Қойсалған ауылында дүниеге келгендігін көзі қарақты жалпақ жұрттың бәрі біледі. Батыр Ұлы Отан соғысы кезіндегі қанқасап майданда ерен ерлігімен аты аңызға айналған панфиловшылар дивизиясының құрамында Мәскеу қаласында ерлік қорғанына қатысты. 1943 жылы 30 қаңтарда Мәлік Ғабдуллинге «Ленин» орденін және «Алтын Жұлдыз» медалін тапсырумен қатар, Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Асылында, жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин екі жоғары атақ – Батыр әрі академик атағын алған жалғыз тұлға. Майдандағы ерлігі өз алдына, 1956 жылы КСРО Педагогика Ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды.
Мәлік Ғабдуллин – майдан даласындағы қаруластарының есімін мәңгі өлмес тарих бетінде қалдырған, жан алып, жан беріскен қиянкесті соғыс оқиғаларының толық хронологиясын жазған, табиғат сыйлаған дарынының арқасында доктор, профессор, академик ғылыми дәрежелерінің асқаралы шыңына шыққан талант иесі. Гуманизм мен азаматтықтың әдемі үлгісі болып табылатын қазақ халқының көрікті ұлы үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, педагогтардың тәлімгері атанған мемлекеттік қайраткер.
Бүгінгі заманда осындай тамаша тұлғаның майдандағы ерлігі мен бейбіт замандағы ғылымға қосқан сұрапыл еңбегін насихаттау кейінгі ұрпақ үшін парыз.
–Кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып жүрген кезімде 2012 жылдан 2015 жылға дейін даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин мұраларын кеңінен насихаттау, кейінгі ұрпаққа үлгі ету төңірегінде бірнеше депутаттық сауал жолдадым,–дейді Парламент Сенатының V-VІ шақырылымындағы депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев,–бұл орайда біршама ойлар жүзеге асырылды. Мәселен, Мәлік Ғабдуллиннің он томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді. Көкшетау қаласының орталығында, көрнекі жерде Мәкеңнің ескерткіші бой көтеріп, қала жұртшылығы мен қонақтарының ерлікке тағзым ететін орнына айналды. Ендігі бір мәселе, облыс орталығындағы техникалық институтқа бірегей тұлғаның есімін беру. Егер ойымыз оңынан оралса, жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беретін, жастардың бойына отансүйгіштік сезім дарытатын, олардың бойындағы елге, жерге деген махаббат отын маздататын маңызды да мазмұнды іс болар еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институты мен облыстық мәдениет басқармасы, Мәлік Ғабдуллин мұражайы ұжымы бірлесіп өткізген «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай ұсыныс айтылған болатын.
Бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық және секциялық жұмыстарды қорытындылай келе, қарар қабылданған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы ономастика комиссиясына ұсынылатын тарихи тұлғалар тізіміне Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімін кіргізу мен өзгерістер енгізуге ұсыныс беріліп, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинді ұлықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қолдау хат жолданған. Одан кейін де тиісті орындарға ел тілегін арқалаған қаншама өтініш хаттар тоғытылған.
Міне, осыдан бері үш жыл уақыт өтті. Мәселе әлі шешімін табар емес. Дегенмен, Батыр есімін ұлықтау шаралары аталмыш институтта жүргізілуде және кең көлемді, тыңғылықты қолға алынуда. Ер Мәліктің есімі әр курсанттың жүрегінен орын тауып, ізгі нұрын шашып тұр.
–Техникалық институтта батыр бабамыз туралы көркем әдебиеттер мен ғылыми туындыларды оқыту арқылы болашақ офицерлердің көкірегін рухани байлықпен көріктендіріп, олардың бойларына ерлік пен өрліктің, батырлықтың бастау көзі саналатын балауса сезімдерді сіңірудеміз,–дейді институт бастығының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары, полковник Кендебай Райымбеков,–батырдың туған күні ескерткішіне гүл шоғын қоямыз, мұражайына барып ерлік дәстүрлерімен танысып, ғылымдағы ұшан-теңіз еңбегінің тәлімін ұғамыз. Институттың өзінде ер Мәліктің ерлігі үлгі шашу үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жас офицерге кеңес» жобасы әзірленген. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің «Сұрапыл жылдар» кітабындағы материалдар негізінде бұл күнде қанатты сөздерге айналған ой түйіндері жинақталып отыр. Мәселен, кеңес парақшасында «Шындық қандай қатал болса да, оған ашық қарау қажет», «Ұрыс басталмас бұрын қорқу – бұл мерзімінен бұрын жеңілу», «Әр адамның борышы – жолдасынан қайғыдан қалдырмау» тәрізді болашақ офицерлерге темірқазықтай айнымас жол сілтейтін, астарында атан түйеге жүк болар парасат түйіні сомдалған сөздері жазылған.
Осылайша институтта ер Мәліктің ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау және сол арқылы бойларына ізгі қасиеттерді дамыту барысында ұлан-ғайыр жұмыс атқарылуда. Институтта Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге арналған «Батыр – тағдыр, ғылыми – ғұмыр» атты ғылыми-танымдық семинар өткізіліпті. Аталған іс-шараның қорытындысы бойынша институт оқытушылары мен курсанттары батыр жайлы толық мағлұмат ала келе, өздерінің оқу орындарына ер Мәліктің есімін беру туралы бірауыздан пікір білдірген.
Жас толқын ғана емес, ел ақсақалдары, ардагерлер де бұл мәселені қос қолдарын көтеріп қолдап отыр.
– Облыстағы 112 мың ардагер, оның ішіндегі 39 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдарының академигі Мәлік Ғабдуллиннің есімін техникалық институтқа беруге өтініш білдіреді деп айтуға толық болады,–дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл.
Сөз соңын шиырып айтқанда, батыр есімі еліміздегі ешбір жоғары оқу орнына берілмеген. Рас, көше, ауыл аттары бар. Өздерінің қызмет барысындағы іс-әрекетімен үнемі қауіп-қатердің ішінде жүретін техникалық институт сарбаздары өздерінің оқу орнындағы Алаштың бірегей тұлғасының есімімен аталатынын мақтаныш тұтып, ерлік мектебінде оқыса, елдік те нығая түспес пе?! Үш жылға созылған ұсыныстың сәті Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соқса, барша ұлтжанды азаматтардың көкірегін қуаныш кернері сөзсіз. Бұл бір шын мәніндегі ақ түйенің қарны жарылған күн болар еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар