Жол сапасы қатаң қадағаланбақшы

Көкшетау қаласында биыл қала көшелеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ, жаңа жолдар салуға барлығы 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Қала әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында он шақты көше жөнделіп, тағы бірнеше көше жаңадан салынбақшы.

Дегенмен, қаламыз көркейіп, жолдары жөнделгенімен, оның сапасына тұрғындардың көңілі соншалықты толып отыр деуге болмайды. Қала тұрғындары Әуелбеков, Әуезов тәрізді көшелердің жыл сайын жаңартылғанымен, көктем шыға ойдым-ойдым болып қалатынын айтуда. Жол саласының ардагері Эдуард Кохалин бұны соңғы жылдары жол құрылысымен айналысатын компаниялардың көбейіп кетуімен байланыстыруда. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, оның сөзінше, жол құрылысы компанияларының көбеюі оның сапасына кері әсер етуде. Сондықтан, олардың жұмысына бақылауды күшейту керек.
Ал, аймақта жол сапасын бақылайтын мекемелер мен қоғамдық ұйымдар жоқ емес, баршылық. Мәселен, солардың бірі – «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының» Ақмола облыстық филиалы жақында Көкшетаудағы жөнделіп немесе жаңадан салынып жатқан жолдардың барлығын бақылауға алмақшы. Тексеріс екі кезеңді қамтиды.
«Алдымен, салынған жолдың қалыңдығы мен тегістігі тексерілсе, ал, құрылыс материалдарының сапасына арнайы зертханада баға беріледі. Кеткен кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші мен мердігерге ескерту жасалады. Ал, жолдың сапасыз болуына көбіне, суағарлардың дұрыс қарастырылмауы сеп болады, – дейді сапа орталығы филиалының инженері Александр Волков.
Мамандардың айтуынша, асфальт бетінде қалған су жолдың тез бұзылуына әсер ететін көрінеді. Аталған мекеме тарапынан биыл қала жолдарына 25 тексеріс жүргізіліп, 127 мың шаршы метр асфальт жабындысын қамту жоспарланған. Бұл жұмысқа жергілікті жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де атсалысады. Олар тек сапаны ғана емес, мемлекет қаржысының тиімді игерілуін де бақылауға алмақшы.

«Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығының» Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар