Басты құндылығымызды қадірлей білейік

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мен Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова өңірлік коммуникациялар қызметінің ашық алаңында халықаралық отбасы күніне орай аймақ тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтап, отбасын нығайту және көп балалы отбасылары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жасалып отырған қамқорлықтар жайлы айтты.

Брифингте облыс әкімінің орынбасары алдымен, отбасы құндылықтарын асқақтататын бұл мерекенің мән-маңызы туралы кеңінен айта келіп, өздерінің туған балаларын ғана емес, ата-анасынан ерте айырылған бүлдіршіндерді де бауырына басып, қамқорлығына алып отырған отбасыларының мейірімділіктері мен сүйіспеншіліктеріне алғыс білдірді. Облыста 1693 жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар бар болса, оның 224-і ғана балалар үйінде тәрбиеленуде. Бала мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтар қалғандарын өз отбасыларында туған балаларындай бағып-қағып отырғанына риза боласың.
Сонымен бірге, Айна Мысыоәлімова өз сөзінде көп балалы отбасылар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жоғары білім, сонымен бірге, шәкіртақы алуына да қамқорлық жасалып жатқандығы жайлы баяндады. Целиноград, Бурабай аудандары мен Степногорск қаласында дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Онда отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген балалар мен жасөспірімдерге, әйелдерге психологиялық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жалпы, облыста отбасын сақтап қалу, жастардың ажырасуына жол бермеу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылып, облыстық телеарнаның арнайы бағдарламасында да өнегелі жанұялар кеңінен насихатталуда.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі де осы мақсатта жан-жақты жұмыстар жүргізіп, «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы негізінде жұмыс істеп жатқандығы айтылды. Облыста ұрпақ болашағы үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында 60-тан астам клуб іске қосылыпты. Ұлт тәрбиесінде әкелердің рөлі зор. Бұл орайда, өткен жылы Бурабай курорттық аймағында республикалық әкелер форумы өтіп, бірқатар өзекті мәселелер талқыланғаны белгілі. Бүгінде әкелер кеңесі де отбасын сақтау мақсатында біраз шаруалар атқарып жатыр.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова отбасыларына көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулар мен көмектер тұрғысында есеп берді. Облыста әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға төрт бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін жәрдемақылар және еңбек бағдарламасы бойынша берілетін несиелер бойынша нақты жұмыстар баршылық. Сонымен бірге, облыстағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әрқайсысына 1 миллион теңге сыйақы төленгені баяндалды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша республикадан бөлінген 45 миллиард теңге қаржының да бір бөлігі құрылыс, жол салалары бойынша жұмысқа орналасқан адамдардың еңбекақысына жұмсалады.
Брифинг соңында баяндамашылар облыс тұрғындарын Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суңретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар