Орман өртіне жол беріп алмайық

Өрт – бұл адам өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін, қоршаған ортаға үлкен материалдық зақым келтіретін тілсіз жау. Әсіресе, жаз бен күз айларында егін салу мен егін орағы және шөп шабу кезінде дала өрттері жиі орын алатыны белгілі. Оның басты себебі – адамдардың далалы жерде, орманды алқаптарда өрт қауіпсіздігін сақтамауынан белең алып жатады.

Орманды өрттен сақтау қашан да ерекше назарда тұрады. Басты байлығымыз саналатын табиғат көркін «тілсіз жаудан» қорғау жерде де, әуеде де жүргізіледі. Мәселен, адамдар жаз басталғаннан орманға серуенге шығып, жаққан оттарын толықтай өшіруді ұмыт қалдырады немесе шөпке темекі тұқылдарын тастай салады. Қарағайлы жердің өрті бір лап етсе, сөндіру қиынның-қиыны. Сондықтан да, біздің орман шаруашылығының қызметкерлері табиғат әр адамның қорғауында болу керектігін де үнемі түсіндіріп отырады. Өртті сөндіргеннен гөрі алдын ала халыққа ескерту жұмыстарын жүргізу тиімді. Ол үшін ауыл халқына далалы жерде от жағудың тәртібін түсіндіріп, ереже жазылған үндеу парақтары таратылады.
Осыған орай, дәл қазіргі жаз айларының енді басталар шағында өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында Қазақстан, Раздольный, Күсеп, Ортақ, Қызылтаң тағы басқа да ауылдардың механизаторлары мен малшылары арасында оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, кейбір жағдайда тракторлардың мұржасынан шыққан ұшқын да өртке себеп болады. Сонымен бірге, адамдар көп шоғырланған жерлерде де өрт шығу қауіпі жиі кездеседі. Әсіресе, қоршаған ортадағы заттардың бақылаусыз жануы соның бір дәлелі.
Міне, сондықтан ірі азық дайындау және астық жинау кезіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары дұрыс сақталуы тиіс. Астық жинайтын машиналарды және агрегаттарды өртке қарсы дайындау, механизаторларға өртке қарсы нұсқау беруді ұйымдастыру және жем дайындау мен егін жинау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басшысы жауапты адамдарды тағайындайды. Жем дайындау және егін жинауға қатысатын трактористер, комбайнерлер, олардың көмекшілері және басқа механизаторлар арнайы бағдарлама бойынша өртке қарсы нұсқаудан өтуі керек. Сол себепті даладағы өрт сөндіруге байланысты оқу-жаттығу жиынына ауылдық округтердің өрт сөндіру техникалары, құтқарушылары, механизаторлары түгел қатысады. Осылайша ауыл шаруашылығы алқаптарындағы жұмыстары басталғаннан бастап біздің орман шаруашылығы қызметкерлері механизаторлар мен трактор жүргізушілері арасында дала қосында және жұмыс орындарында жұмыс істеуде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуді бастап кетті.
Тұрғындарға қатаң ескертетін бір жайт, орманда от жағуға мүлде тыйым салынады. Егер, сақтық шаралары қатаң сақталмай қандайда бір жағдай туындаса, мына 87052995827 нөміріне хабарласуларыңыз сұралады. Өйткені, орманда от жағу қатты жел тұрған кезде өкінішті жағдайлар туғызуы әбден мүмкін. Сондықтан, туған табиғатты аялайық, орманда от жағуға болмайтынын естен шығармайық. Орман-көлдерді аялап, табиғатты бағалайық! Табиғатты баға жетпес байлыққа теңейміз, ал оның қорғалуы мен сақталуына келгенде салғырттық танытып жататынымыз да жасырын емес. Әр адам орман мен қорықтардағы аң-құстардың, тал-теректің көбеюіне, өсіп-өнуіне себепкер болып отырса нұр үстіне нұр. Өйткені, болашақ ұрпақ алдында бабадан қалған енсіз байлық табиғаттың құрып кетпеуі бүгін біздің қолымызда болса, ертең балаларымыз сол дәстүрді жалғап, келешек ұрпаққа жеткізуі үшін де мақсатты жұмыс керек-ақ.

Серік ЕРДЕНОВ,
«Бұқпа» орман шаруашылығына қарасты Қыпшақ бөлімшесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар