Жүрек заңы жақсылыққа бастайды

Жарқайың ауданының әкімдігіне Шолпан Атымтаева қоңырау шалды:
– Маған блок бекетке баруға бола ма?– Не үшін? Туысқандарыңыздың бірі полиция немесе медициналық қызметкері ме еді?
– Жоқ. Мен жай ғана көмектескім келеді. Бола ма?..
– Мұндай диалогтарға жиі куә болудамыз,–дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қымбат Балғабаева. Бізге хабарласушыларды жасына, кәсібіне, діни ұстанымдарына қарап бөле де алмайсыз. Ізгі жандардың тілектерін төтенша жағдай талаптарына сай қанағаттандыруға тырысудамыз. Мәселен, жаңағы Шолпан апайымыз штаб мүшелері арқылы бекеттерде кезекшілік атқарып жүрген азаматтарға өз қолымен дайындаған түскі тамақты жеткізіп отыр.
Кәсіпкер Нұржан Ақмағанбетовтің де әрекеті осы сияқты. Ол 12 адамға арналған кешенді түскі асқа тапсырыс жасап, өзінің жеке автокөлігімен Державин қаласының үш блок бекетіндегі медицина және полиция қызметкерлеріне түскі астарын апарып берген.
Тағы бір мысал. Қаланың «Жастар» шағын ауданындағы «Городок» дүкенінің тұрақты келушілері «Мейірімділік сөресі» жанынан ешқашан жай өтпейтін жас жігітті жиі көретін болды. Ол күн сайын оншақты бөлке нанды сатып алады да сол сөреде қалдырады. Бұл аудандық аурухананың орта медициналық қызметкері Тәжібек Нұрсейіт екен. Қариялар: «Бұл Тәжібектің наны ғой» деп алғыстарын жаудырып жатады. Қандай ғанибет десеңізші!
Әскери қалашық ауданындағы көп қабатты үйлердегі Нұрсейіт пен Гүлімжан дейтін азаматтар да жұмыстарынан қайтар кезде көрші қариялардың нан-тұзы мен дәрі-дәрмегін ала келетіні кәдуілгі дағдыға айналыпты.
Ал, ресми тіркелген еріктілердің ізгі қарекеттерін санамалап жатудың өзі артық. Бұларды ешкім міндеттеген жоқ. Олар жүрек қалауын, ізгілік заңдарын, кәдуілгі адами парыз қағидаттарын басшылыққа алған абзал жандар!
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар