Әлеуметтік әріптестік

Бизнес жобалар шарапаты

Еліміз үшін сындарлы кезеңдерде мемлекетімізде қабылданған батыл шаралар аз уақыт ішінде орнықты отандық кәсіпкерлер буынын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Қоғамда, сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа өзгертулер жүргізуге бағытталған әрі экономиканың сапалы құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытудың кезекті дәуірі болып табылады. Осының нәтижесінде қазақстандық бизнес қоғамдық құрылымды алға жылжытушы қуат күшіне ие болып келеді. Бүгінгі тәжірибе халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да көркейетінін дәлелдеп отыр. Бұл қозғалыстың астарында әлеуметтік жауапкершілік пайымы жатқаны да анық. Бұл түсінік ақмолалық бизнес өкілдерін халыққа жақындата түскені ғанибет. Осындай игі істерді Есіл ауданынан да көптеп көруге болады.
Аталған бағыттың басты тірегі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізіндегі меморандумдарды қабылдау. Былтыр ауданда 96 миллион теңгеден астам қаржыны қамтитын 67 келісім жасалған. Сөйтіп, қол қойылған міндеттеме толық көлемінде орындалды. Осы ретте, «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 66 миллион теңге, «Компания Орион Плюс» ЖШС 13 миллион, «Агрофирма Қаракөл» ЖШС 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлгендігін атап көрсеткіміз келеді. Бұған қоса, «Ново-Приречное» ЖШС, «Қымбат» шаруа қожалығы және «Агро-Олдиви» ЖШС көп балалы отбасылардың тұрғын үйлерін жөндеуге қомақты қаржы аударды. Жалпы, меморандум жобалары негізінен, мектептерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық тазалығын сақтау, мерекелік және мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастыру, су және жылу жүйелерін, жолдарды жөндеу, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тұрғындарға қайырымдылық көмек көрсету шараларына бағытталған.
Сондай-ақ, атқарушы органдар, жұмыс берушілер және кәсіподақ ұйымдары арасында бүгінгі уақыт талабындағы өзекті мәселелер бойынша өзара ынтымақтастық келісім-шарттары бұлжытпай орындалуда. Мәселен, жергілікті өндірістік жүйені тұрақтандыру, азаматтардың еңбек қатынастары құқықтары мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін меморандумға 3178 адамды қамтитын 135 еңбек ұжымы қол қойып отыр.
Тағы бір маңызды қадам ретінде «Заречный» ЖШС экономиканың дәстүрлі салаларында жаңа технологиялардың енгізілуіне орай, адамдардың жұмыстан босап қалуын болдырмау мақсатында, «2018-2025 жылдарға арналған жол картасын» қабылдағанын айтуымыз керек. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бұл үшін ірі қара мал санын арттыру, басқа да түлік санын көбейту, озық технологияға негізделген астық пен жарма өңдеуді молайту ісін жалғастыруда. Өндірісті қуаттандыруға бағытталған мұндай шаралар жұмыссыздық мәселесін тежейтіні анық.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар