Ізгілік

Қадір түні қарсаңында пәтер берілді

Қасиетті Қадір түні қарсаңында Көкшетау қаласында жақсылықтың жарасым тапқан ізгілік шарасы көрініс тауып, Науан хазірет мешіті және «Зекет» қорының бірлесуімен «Ел үлесі – пәтерге!» жобасы аясында төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға Краснояр кентінен екі бөлмелі пәтердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.

Пәтер кілтін табыс ету рәсіміне дін өкілдерімен қатар, зиялы қауым өкілдерінен мемлекет қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев және Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев қатысып, құттықтау сөздерінде адамзатқа келген індеттің қатері сейілмей тұрған кезде мешіттердің осындай қайырымдылық іске көбірек назар аударып отырғанына ризашылықтарын білдірді.
Міне, осылайша ізгілікте жарысқан жамағат қиындық көріп жүрген тағы бір отбасын жайлы пәтерге орналастырып, үлкен сауапқа кенелді. Төрт баласын жетектеп, үйдің қиындығын басынан өткерген жалғызбасты ана Гүлнәр Қасымованың жанарын қуаныштың жасы жуып тұрды. Ол «Ел үлесі – пәтерге!» жобасына үлес қосқан барлық қайырымды жандарға аналық алғысын жолдады.
Өңіріміздің бас имамы Қуаныш Сәбиттің айтуынша, аталған жоба бойынша елімізде 205-інші, ал, Ақмола облысында он бірінші пәтер мұқтаж отбасыларға табыс етіліп отыр. Алғаш рет бұл бастама осыдан бірер жыл бұрын біздің Көкшетау қаласында бастау алып, Мүфтияттың қайырымдылық жобасына айналғаны белгілі. Бүгінде бұл жоба еліміздің басқа өңірлерінде де қолдау тапты.
Биылғы Ораза айында Көкшетау және Атбасар қалаларында тағы екі үй берілгелі отыр екен. Демек, тағы екі отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар