Мерей

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің майталманы

Бұл күнде жетпіс жастың жотасынан көрініп отырған Кенжебек Шайсұлтанұлы Шайсұлтанов Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы ең ірі кәсіптік мамандардың бірі. Оның келелі ақыл-кеңесі, ойлы пікірлерімен министрлік, басқа да құзырлы ведомстволардың басшыларының өзі санасады. 2014 жылдың жазында да осылай болған. Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосылып, бұл салаға Тамара Дүйсенова министр болып келгенінде жұмысы шатқаяқтап тұрған санитарлық-эпидемилологиялық қызметтің, былайша айтқанда, СЭС-тің жағдайы туралы нақ осы медицина ғылымдарының докторы, профессор Кенжебек Шайсұлтанов пен бұрын республика деңгейінде осы қызметті басқарған Анатолий Белоногпен ақылдасады.

Сонда әрқашан елдің қамын, халықтың мүддесі мен ортақ істі ойлайтын біздің Кенжебек ағамыз СЭС саласындағы бұған дейін жүргізілген барлық тұрлаусыз реформалардың істі қожыратқаны болмаса, түк пайда бермегенін ашық жайып салады. Сөйтіп, сол кезде Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитет деп аталған СЭС қызметін қайта түзеу, яғни, оны Ұлттық экономика министрлігінен Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінен құрылған жаңа министрлікке алудың жай-жапсарын түсіндіріп береді. Сөйтіп, екі білікті маманның арқасында әрі Тамара Дүйсенованың іскерлігімен мәселе осылай оң шешіледі.
Мұны айтып жатқанымыз, күні бүгінге дейін бес рет құрылымдық өзгеріске ұшыраған, сөйтіп бір кезде тірнектеп жинаған қаншама кадрлық әлеуеті, қалыптасқан жұмыс ырғағы, соның ішінде абырой-беделі төмендеп кеткен СЭС-те кезінде осы Кенжебек ағамыз сияқты мықты кадрлардың болғанын, бүкіл іс осындай білікті басшылардың қапысыз жетекшілігі, елге, өз таңдап алған мамандығына жаны ашуымен жүргізілгендігін тағы бір аңғарта кетсек деген ой.
Кезінде «Санитарлық-эпидемиологиялық станциялар» деген атау ел ішінде прокуратура, тағы басқа да құзырлы қадағалау органдары сияқты мықты әсер қалдырып келгендігі жасырын емес. Оның аумақтық құрылымдарында әрине, сол кезде Кенжекең сияқты өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, жылдан-жылға осы салада мол тәжірибе жинақтаумен болған іскер кадрлар тұрды. Олар сол тұста жоғары медициналық оқу орындарына осы мамандыққа оқуға түскенде де қазіргідей емес, денсаулық сақтау саласына, соның ішінде СЭС қызметіне белгілі бір пайдамызды тигіземіз деп, осы іске лайықты үлесімізді қосамыз деп келді. 1975 жылы қылшылдаған жігіт шағында Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетін бітіріп, өз туған жеріне, яғни, Көкшетау облысына жолдамамен жұмысқа келген Кенжебек Шайсұлтанұлы да осындай мақсатты да алғыр, жігерлі мамандардың қатарынан еді.
Оның өмір және еңбек жолы үнемі ізденумен, кәсібіне қатысты қай мәселеде болсын өзін-өзі шыңдап, білімін көтеріп, тәжірибесін толықтырумен қалыптасты. Ең бастысы, өмір бойы осы жолдағы адалдық, еңбекқорлық, тапсырылған іске жауапкершілік ұстанымынан ауытқыған жоқ. Соларды жанына серік етіп, алға батыл, бірқалыпты қадам басты да отырды. Бұл қасиеттер әрине, Кенжебек ағамызды сол алғашқы беттегі Ленин аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық дәрігері деңгейінде ғана қалдырмай, бір қызметтен бір қызметтің ауыртпалығын, сонымен бірге жемісін де татқызумен болды. Оған денсаулық сақтау саласындағы жарты ғасырға жуық еңбек жолында өзінің кіндік қаны тамған Қызылту ауданының бас санитарлық дәрігері, одан Көкшетау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының бөлім басшысынан бас дәрігерінің бірінші орынбасары қызметіне дейін өскен өмір кезеңі, 1994 жылдан Көкшетау облыстық денсаулық сақтау басқармасы меңгерушісінің орынбасары, 2001 жылдан Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры, одан әрі Ақмола облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы және Қазақстан Республикасы транспортының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері сияқты лауазымды қызметтерді атқарғандығы айғақ.
Осы жауапты орындардың бәрінде де ол өзін СЭС қызметінің белсенді әрі шебер ұйымдастырушысы ретінде көрсетті. Сонымен бірге, жоғарыда аңғартқанымыздай, осы саланың республикамыздағы саусақпен санарлық саңлақ басшыларының біріне айналды. Содан да болар, бүгінде бұл саланың жұмысын бүге-шігесіне дейін білетін әрі біліп қана қоймай, қайтадан оның құрылымын жақсартып, беделін көтеруге өлшеусіз үлес қоса алатын Кенжебек ағамыздың орынды ой-пікірлеріне жоғары жақ та әрі қарай құлақ қойып, осындай кадрларымызды ортақ істің абыройы үшін ұтымды пайдалана білсе дейсің.
Әдетте кез-келген реформалар жұмысты жақсарту, осы орайдағы бұрынғы таптауырын жолдан шығып, жаңашылдыққа бет бұру үшін жасалатындығы анық қой. Бірақ, біздің соңғы біраз жылдар көлеміндегі осы салаға енгіземіз деген өзгерістеріміз бұлай болмағанын ашып айту керек. Соның салдарынан алдымен қолда бар кадрлардан береке кетті. Бұрынғы СЭС бүгінгі нарықтық қатынастардағы өз орнын, өз миссиясын айқындай алмай қалды, ежелгі аты көмескі тартып, азусыз қатардағы көп мекемелердің біріне айналды. Осы бір жай бүгінгі таңда халқының қалаулы ұлы, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет марқасқаларының бірі Кенжебек Шайсұлтанұлын да қатты алаңдатады. Бұл жұмыстың жілігін шағып ішкен ол кісі үшін СЭС-ті бұлай тоқырату ешқандай жақсылыққа апармайды.
Әрине, осы саланы сырттай білетін оқырманға бұл сөздердің түйінін әрі қарай тереңдете қаузай түсудің қажеті бола қоймас. Дегенмен, кейінгі кезде осы салаға дәрігер мамандар даярлаудың өзі жылы жауып қойылған, соның бәрі коронавирус індетіне байланысты жалғанның жарығына енді шығып жатқан СЭС проблемасы бұдан былай мемлекет назарында болар деген бір ізгі үміт қана Кенжебек ағамыздың жанын жылытып, көңілін жұбатқандай. Иә, өз саласының ыстық-суығымен қайнап өскен адамдар оның кешегі, бүгінгі жай-күйін, ертеңгі болашақ бет-бедерін ойламай, сол үшін толғанбай тұра алар ма?!
Бұл орайда, ағамызды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Біз енді осы бағытта жұмыс жүргізетін боламыз» деген сөзі қуантпай қоймайды.
Ал, енді осы бір абзал жанның жоғарыдағы абыройлы қызмет баспалдақтарында осы салаға қосқан өзіндік жеке үлесіне келсек, ағамыз «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңын әзірлеп, дайындаушылардың бірі. Оған қоса, соңғы төрт жыл ішінде осы салаға қатысты 36 санитарлық нормалар мен ережелерді, 7 ведомствоаралық нормативтік-құқықтық актіні жасасуға белсене қатысқан. Сондай-ақ, шекаралық теміржол бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункттер құру және оның жұмысын ұйымдастыру ісінде де қалдырған жарқын ізі бар. Алғаш рет оның басшылығымен осы теміржол саласында гигиеналық жұмыстар бойынша ғылыми-зерттеу шаралары іске асырылды. Сондай-ақ, біздің Кенжебек ағамыз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы мен аумағын санитарлық қорғау бойынша қадағалаушы органдардың өзара әрекет етуін қамтамасыз ету және күшейту жөніндегі шаралар туралы» екінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының өтуіне дәнекер болған және соған басшылық та жасаған тұлға. Ол кісі өткізген осындай бірінші және үшінші конференциялар да азамат шоқтығын биіктете түссе керек. Соңғы жылдары ағамыздың тікелей әрі белсене қатысуымен Ұлттық денсаулық сақтау палатасы жүйелі жұмыстарымен көрініп жүр.
Енді бір сәт мемлекет тарапынан марапаттарына келетін болсақ, сонау 1986 жылы Одақ кезінде-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету жұмысындағы зор жетістіктері үшін «Халықтар достығы» орденімен марапатталған еді. Одан бері де біраз наградалар өзінің лайықты иесін тауыпты. Бірақ меніңше, мәселе алған орден-медальда емес, біздің кез-келгеніміздің өз өмір жолымызда шын мәнісінде еліміздің дамуына, оның белгілі бір саласына өзіміздің қаншалықты үлесімізді қоса алуымызда. Осы тұрғыдан алғанда, ғылымда да өзінің сара жолын салып, доктор атанған, айта берсе, сонау Украинадағы Одесса медицина транспорты ғылыми-зерттеу институтының құрметті профессоры атағына дейін иеленген, жүзден астам ғылыми еңбектерінің бір бөлігі жақын және алыс шет елдерде жарияланған Кенжебек Шайсұлтанов ағамыздың шоқтығы қай жағынан болсын биік.
Осы сөзімізді асыл азаматтың туған жеріндегі игілікті істеріне де қарата айтуымызға болар еді. Ғалым дәрігер өзінің кіндік кескен туған ауылы Қарашілік (Жетіүй) ауылымен, ондағы өзі оқыған орта мектеппен де тығыз байланыста. Сонау астанада тұрып, шалғайдағы елді мекеннің бірде-бір атаулы шараларынан қалған емес. Қайта жұртты ұйымдастырып, соның басы-қасында жүреді. Мәселен, туған мектебінің алпыс жылдық мерейтойында бір топ азаматтармен бірге, өз қаржыларына мектептің парталары мен тақталарын жаңартып берді.
Адалдығына, қарапайымдылығы мен кісілігіне тәнті талай інілері мен шәкірттеріне абзал аға, ұлағатты ұстаз бола білген Кенжебек ағамыздың жұлдызы оны тек жақсы қырынан білетін жандарға жарығын әрі қарай да сыйлай бермек. Өз саласын шексіз сүйген, сол үшін жаны ауырған аптал азамат бүгінгідей нағыз күш-жігері толысқан шағында әлі де өзі таңдаған мамандықтың ыстық-суығын кешіп, «Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық аудиторларының республикалық қауымдастығы» бірлестігіне жетекшілік етуде. Үнемі іс үстінде жүретін танымал дәрігердің пікірі санитарлық-эпидемиологиялық қызметті Агенттік етіп қайта құру. Айтса қапы кетпейтін денсаулық сақтау саласы тарланының бұл тілегі де көп ұзамай іске асып қалар.

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
медицина ғылымдарының докторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар