Елеулі еңбектері үшін марапатталды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысып, еліміздің рухани қазынасы мен мәдени дәстүрлерін дамытып, молайтуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ сала озаттарын түрлі наградалармен марапаттады.

Салтанатты жиын бұрынғыдан өзгеше форматта өтті. Дүниені дүрліктірген дерттің, яғни, пандемияның салдарынан мәдениет саласында, әсіресе, өнер айдынында шалқып, жан сұлулығы мен көркемдігін әспепттеп, сахнаның көркін келтіретін әртістеріміздің нұрлы жүздерін маскадан көре алмасақ та, көздеріндегі лаулаған от жанды жадыратты. Облыстың мәдениет саласы еліміздегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде де жұмыстарын тоқтатпай, онлайн режимінде қашықтықтан жұмыс істегені белгілі. Осылайша қаншама мәдениет ошақтары көрерменімен байланыстарын үзбей, өздерінің сайттары арқылы жаңа жобалары мен сахналық қойылымдарын ұсынып отырды. Түрлі мерейлі даталарға орай, челлендждер ұйымдастырып, «Біз біргеміз!» акциясына да белсенді қатысып, халыққа моральдық тұрғыдан қолдау көрсетті.
Кәсіби мерекеге арнайы дайындалған бейнежазбада өңірде мәдениет саласы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар мен қолға алынған жаңа жобалар туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Облыста бүгінде 660 мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. Онда 3 мыңнан астам өнер майталмандары еңбек етуде. Ауылдық жерлерде 250 клуб, 304 кітапхана қызмет көрсетуде. Мәдениет саласында еңбек етіп жүргендердің біреуі, нақты айтқанда сахна саңлағы, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы Жібек Бағысова Қазақстанның Халық әртісі, 9-ы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 5-еуі «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, 103-і «Мәдениет қайраткері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғандар. Сонымен бірге, 41-і ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасының, 8-і «Еңбек ардагері» медалінің және 19-ы мәдениет саласының басқа да түрлі марапаттарының иегерлері.
Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев:
–Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жыл сайын мәдениет саласын өркендету үшін бөлінетін қаржы көлемі көбейіп келеді. Соның арқасында ауылдардағы мәдениет ошақтары да жөнделіп, жаңғыруда. Осы уақытқа дейін бірталай шаруалардың басы қайырылды, бірақ, атқарылатын жұмыстар әлі де көп. Мерейлі даталарға орай жасалған жобалар да ойдағыдай орындалуда. Биыл қараша айында Көкшетауда Қазақстан мен Ресейдің іскерлік байланысына арналған ХҮІІ ынтымақтастық форумы өтеді. Осы ретте сіздер де келген қонақтарымызға өңіріміздің бай мәдени әлеуеті мен өнерін лайықты паш етеді деп сенеміз,–дей келе, мәдениет және өнер саласының барлық қызметкерлеріне бір кезде таңдап алған осы бір күрделі де ауыр әрі жауапты мамандықтарына адал болып, оны дамытуға қосып келе жатқан зор үлестері үшін алғысын білдіріп, ізгі тілектерін айтты.
Бұдан әрі салтанатты шара марапаттау рәсіміне ұласты. Мәдениет саласындағы көп жылғы еңбегі үшін қайраткер ағамыз, ақын Айдос Әбутәліпов Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын дамытуға және насихаттауға қосқан зор үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Болат Әбдірахманов, облыстық орыс драма театрының актері Андрей Владимиров, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның қазақ халық аспаптар оркестірінің әртісі және концертмейстері Әбілсерік Қамашев пен Жұмабике Омарова ие болды. Сонымен бірге, мәдениет және өнер саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттарын иеленді. Олардың ішінде әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері Нұрболат Әлменов, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Анар Дүйсенбаева, М.Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Мейрамгүл Жолаушина, облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдіскері Гүлнәр Қуанышева, «Полянка» үлгілі би ансамблінің жетекшісі
Виктория Семенова бар. Сондай-ақ, тағы да бір топ қызметкерлер Мәдениет және спорт министрілігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар