Егіс науқаны, құрылыс қарқынды жүргізіліп, кәсіпкерлік дамытылсын

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Жақсы, Жарқайың және Есіл аудандарында болып, көктемгі дала жұмыстарының, құрылыстың, алдағы қысқа дайындықтың барыстарымен танысып, алға қойылған міндеттердің ойдағыдай орындалуына айрықша көңіл бөлді.

 

Жұмыс сапарын Жақсы ауданынан бастаған өңір басшысы алдымен Белағаш ауылындағы орта мектепте жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Округ әкімі Аталық Әубәкіровтың айтуынша, іргесі 1967 жылы қаланған мектеп 171 оқушыға арналған. Қазір оқу орнында 150 бала білім алуда. Жарты ғасырдан астам тарихы бар, талай түлек түлеп ұшқан мектептің ғимараты әбден тозған. Биылғы жылға облыстық бюджеттен мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін 142,7 миллион теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталуда. Оны мердігер компания «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Облыс әкімі осындай тағы жеті мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
– Ауданда сегіз мектепке жөндеу жүргізіледі. Бұған қыруар ақша бөлініп отыр. Сіздердің міндеттеріңіз білім сапасын көтеру. Ал, жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, белгіленген кестеден кешіктірілмей, сапалы жүргізілуі тиіс, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев өз сөзінде.
Осында «ТНК агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі денешынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатыр. Құрылыс жұмыстары аталмыш серіктестіктің жеке қаражаты есебінен қолға алынған. Құрылыс барысы туралы «ТНК агрофирмасына» қарасты «Белағаш» серіктестігінің директоры Виктор Гертнер айтып берді. Ол өз сөзінде серіктестіктің ауылдың дамып, көркейе түсуіне және ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін барынша көмек көрсетіп отырғандығын атап өтті.
Бұдан әрі облыс әкімі «Запорожье» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Шаруашылық биыл 44 033 гектар алқапқа тұқым сіңіруді жоспарлап отыр. Оның 39 033 гектары бидай болса, қалғаны арпа, сұлы, зығыр тәрізді майлы дақылдар. Серіктестік көп жылдан бері дәнді дақылдар және мал азығын өндіруде озық технологияларды қолданып келеді. Жерді нөлдік технологиямен өңдеудің заманауи әдістерін қолданып, органикалық және минералды тыңайтқыштарды пайдаланады. Шаруашылықта дәнді дақылдарды егу мен өңдеуге дейінгі аралықтағы барлық жұмысты атқару үшін қажетті арнайы техника жеткілікті. Бүгінгі күнге дейін серіктестік 10 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын сеуіп үлгеріпті.
Кездесуде облыс әкімі Ермек Маржықпаев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге Үкімет тарапынан егіншілікке, мал шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген жанар-жағар маймен қамтамасыз етудің қолға алынып отырғандығын атап өтті.
– Биылғы жылы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау үшін қомақты қаржы бөлініп отыр. Әр шаруашылық сапалы тұқым және жанар-жағар маймен толықтай қамтамасыз етілген. Ендігі меже, күннің ашықтығын тиімді пайдаланып, тұқым себуді тезірек аяқтау және болашақ астықтың сапалы болуын қамтамасыз ету. Бұл біздің алдымызда тұрған басты міндет, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге, жиын барысында ауылдарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, жылу маусымына дайындық мәселелері де көтерілді.
Аудан әкімі Бауыржан Мәлғаждаровтың баяндағанындай, ауданда барлығы 470 мың гектарға жуық алқапқа дән сіңіру жоспарланған. Ауданның егіншілері 390 миллион теңге субсидия алып отыр. Оның бір бөлігі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсалса, қалғаны тыңайтқыштарға бағытталған.
Облыс басшысы Запорожье ауылында жиһаз шығаратын «ПромМебЦентр», «Щитка» тіс емдеу кабинеті, «Екатерина» тігін ательесінде болып, өңірде кәсіпкерліктің дамуына назар аударды. Қожаберген Қожамұрат жетекшілік ететін аталмыш серіктестік жиһаз шығарумен және жаңартумен айналысады. 2003 жылы ашылған кәсіпорынның өніміне сұраныс артып, өндіріс қарқын алуда. Мұнда жылына 50 шкаф, 160 үстел және 20 диван шығарылады. Алты адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Осы орайда, облыс әкімі ауылда кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын оң бағалады. Запорожье ауылын мысалға келтіре отырып, ауылдық жерлерде шағын және орта бизнестің өркендеуіне көмектесу мәселесін тілге тиек етті.
Бұдан кейін облыс басшысының жұмыс сапары Жарқайың
ауданында жалғасты. «Темірлан» серіктестігінің егістік алқабында болған кезінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жағдайын сұрап білді. Онда диқан қауымын ауа райының қолайлы сәттерін тиімді пайдалана отырып, көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы атқаруға шақырды. Шаруашылық басшыларының сөзіне қарағанда, серіктестіктің егістік алқаптарында тұқым себу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мұнда дәнді дақылдардан бөлек көпжылдық, біржылдық екпе шөптер және майлы дақылдар мен картоп, көкөніс те егіледі. Диқандар күннің ашық сәттерін тиімді пайдалануда. Сонымен бірге, шаруашылықта 327 бас ірі қара, 1820 қой-ешкінің болуы шалғайдағы шаруалардың кәсібі өрге домалап келе жатқанын байқатқандай.
Серіктестік өз қаражатына Тастыөткел ауылында сүт зауытын іске қосыпты. Жалпы құны 330 миллион теңгені құрайтын сүт зауытында тәулігіне 3 мың литр сүт өнімдері өндіріледі. Серіктестік ауылға мәдени орталық салып беріпті. Қазіргі заманға сай жабдықталған орталық ауыл тұрғындарының мәдени шараларды өткізетін сүйікті орнына айналған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Ермек Маржықпаев Державинск қаласының Молодежный шағын ауданында қалпына келтіріліп жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы Мұрат Балпан атап өткеніндей, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жаңғыртылып жатқан 5 қабатты нысанды үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары қызу қолға алынған. Үйдің шатыры, терезелері ауыстырылып, сырты қапталуда. Бұдан соң, құрылысшылар ішкі жұмыстарға кіріспекші. Аталмыш шағын ауданда бос тұрған барлығы 30-ға жуық тұрғын үй болса, бүгінгі күнге дейін оның 7-еуі қалпына келтірілген. Осы ретте, облыс әкімі аудан басшылығына өзге үйлерді де қалпына келтіруді ойластыруды тапсырды. Бұдан бөлек, Надежда Крупская атындағы және Ақпан Үкібаев атындағы мектептерге де «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы мектептің жөндеу жұмыстарына 239,9 миллион теңге қаржы бөлінген.
Жұмыс сапарының соңында Ермек Маржықпаев Есіл ауданының Юбилейное селосында орналасқан «Ново-Приречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптары және қырман басында болды. Аудандағы іргелі шаруашылықтар қатарындағы серіктестік сонау 90-жылдардың басында құрылған. Содан бері дәнді дақылдардың түр-түрін өсіріп келеді. Бүгінгі күні тұқым шаруашылығымен айналысатын шаруашылық мәртебесін алып отыр. Шаруашылықтың 48 мың гектардан астам егістік жерлері бар. Сондай-ақ, жылдық қуаты 40 мың тонна астық тазалайтын кәсіпорны жұмыс істеуде. Онда құны 150 миллион теңгенің Westrup астық тазалау желісі орнатылған.
Облыс басшысы Есіл аудандық ауруханасының жұмысымен танысып, №1 орта мектептегі және Әуезов көшесінің бойында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына назар аударды. Барлығы 480 оқушыға арналған білім ұясына «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 270 миллион теңге қаржы бөлініп, қазіргі кезде негізгі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Есіл қаласының орталығындағы Әуезов көшесін жөндеуге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Роман Мусин атап өткеніндей, 50 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Бұл қаржыға 1,5 шақырым жол жөнделмекші.
Облыс әкімі шалғайдағы аудандарға сапарын қорытындылай келе, мұндағы егіншілік, құрылыс, өндіріс, әлеуметтік-экономикалық мәселелермен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды және қолға алынған барлық жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы жүргізуді тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар