Межеге жақындап қалды

Астрахан ауданы астықты өңірлердің бірі болып саналады. Жергілікті диқандар бүгінгі күні барлық 357,7 мың гектар алқаптың 240,1 мың гектарына немесе 67,1 пайызына дәнді және бұршақты дақылдар, 3,3 мың гектар жерге майлы дақылдар, 600 гектарға көпжылдық, 3,8 мың гектарға біржылдық шөп егіп, 1,16 мың гектар алқапқа картоп, 120 гектарға көкөніс отырғызып үлгерді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Қалабаевтың айтуынша, егіс жұмысында 422 «К-700» тракторы мен сеялкалар, 73 егіс кешені пайдаланылуда. Ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 92,8 мың гектар алқаптың ылғалын жауып, жоспарды 116 пайызға орындапты.
–Бүгінгі күні тұқым сіңірумен бірге химиялық өңдеу және агротехникалық шаралар жүргізілуде. Қажетті 37,7 мың тонна сапалы тұқым дайындалды. Оның 7 тоннасы суперэлиталық, 1766 тоннасы элиталық, 478 тоннасы 1 репродукциялық, 181 тоннасы жалпы репродукциялық тұқым. Ауданда екі тұқым шаруашылығы жұмыс істейді. Мәселен, биылғы жылы «Достық-06» серіктестігі 877 тонна, «Ізбасаров и К» серіктестігі 1300 тонна тұқым сатты. Аудан бойынша 7533,2 тонна тыңайтқыштар сатып алынды. Бүгінгі күні 145,5 мың гектар егіс алқаптарына тыңайтқыш сіңірілді. Өз жұмысын дұрыс ұйымдастыра білген «Аk-Hilal» серіктестігі егіс науқанын толық аяқтап шықты. Олар 7 мың 800 гектар жерге, ал, «Ізбасаров и К» серіктестігі жоспарланған 16 мың гектар алқаптың 7 мың 600 гектарына немесе 47,5 пайызына дәнді және бұршақты дақылдар септі. Сондай-ақ, 16,1 мың гектар жері бар «Зеленый» серіктестігі өз жоспарының тең жартысын орындады. «Фермер-2002» серіктестігі дәнді және бұршақты дақылдармен бірге, 3 мың гектарға майлы дақылдар, 1,2 мың гектар алқапқа біржылдық, 400 гектар алқапқа көпжылдық шөп екті. «Шишов Е.И» шаруа қожалығы 1 мың гектар алқапқа картоп, 118 гектар жерге көкөніс отырғызды,–дейді бөлім басшысы.
Егіс жұмысын ойдағыдай аяқтау үшін шаруашылықтар қажетті механизаторлармен, ауыл шаруашылығы техникасымен, жанар-жағар маймен, тұқыммен толық қамтамасыз етілген. Аудан диқандары егіс науқанын маусымның бас кезінде аяқтауды межелеп отыр. Ол үшін әрбір ашық күнді тиімді пайдалану қажет екенін жақсы сезінеді.

Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар