Құрметті оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар!

Баршаңызды кезекті оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтаймын! Бүгін сіздер тағы бір белесті бағындырып, жаңа кезеңге аяқ бастыңыздар. Осы қуанышты сіздермен бөліскім келіп отыр.
Тағы бір оқу жылы артта қалды. Бүгін бүкіл республика бойынша барлық мектептерде онлайн форматта соңғы қоңырау өткізіліп жатыр. Білім алудағы жұмсаған күш-қуат, атқарған еңбектеріңіз сіздерге лайықты жемісін береді деген сенімдемін.
Жайылып отырған пандемия барлық білім жүйесі үшін қиындықтар туғызды. Осындай оңай емес жағдайда соңғы оқу тоқсаны мектептерде ерекше форматта өтті. Жұмыс ауқымы педагогтар мен оқушылар үшін ғана емес, ата-аналарға да көбейді.
Сіздер өзара қарым-қатынастың жаңаша сапасын жолға қойып, білім беру мен білім алудың жаңаша әдістемелерін игеріп, заманауи технологияларды қолдану арқылы оқытудың дағдыларын меңгере алдыңыздар деп сенемін!
Бүгінгі күні біздің облыста оқу жылын 128 мың оқушы бітіріп жатыр.
Жыл сайын сіздер, қымбатты оқушылар, түрлі додаларға белсене қатысып, белгілі нәтижелерге қол жеткізіп келесіздер. Биылғы оқу жылында республикалық және халықаралық деңгейде өткен зияткерлік, шығармашылық және спорттық байқаулардан облыстың қоржынына 900 жүлде салдыңыздар.
«Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының ХV республикалық байқауында бірінші орынды Көкшетау қаласының №1 орта мектебінің 4-інші сынып оқушысы Жан Оразалин мен ІТ мектеп-лицейінің 2-інші сынып оқушысы Қанат Әділхан иеленді.
Осы байқауда Аршалы ауданының Волгодонский орта мектебінің 3-інші сынып оқушысы Сұлу Талғатова үшінші орын алды.
Жақсы ауданының Қима орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аннұр Жәкен республикалық жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» зияткерлік байқауында 3-ші орыннан көрінді.
Осы жетістіктердің барлығы, біздің ұстаздардың еңбегінің нәтижесі. Олар сендерге білім беріп, ерекше қабілеттеріңді ашуға үлес қосты. Барлық ұстаздар қауымына онлайн оқыту кезіндегі елеулі еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Құрметті педагогтар! Сіздердің жоғары біліктіліктеріңіз бен шыдамдылықтарыңыз үшін шын жүректен шыққан алғысымды қабыл алыңыздар. Өте қысқа мерзімде сіздер осындай білім жүйесіне тез бейімделіп, жоғары кәсібиліктеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңызды көрсеттіңіздер.
Ата-аналар қауымына да ерекше ризашылығымды білдіремін. Сіздер ұстаздармен қатар, балаларды оқытуға белсенді қатыстыңыздар. Сіздердің шыдамдылық танытып, педагогтар мен балаларға қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет.
Бүгін біздің барлық түлектеріміз үшін әрі қуанышты, әрі қимастыққа толы ерекше күн. Биылғы жылы мектептерде 11-інші сыныпты 4515 түлек бітіруде, олардың 297-сі «Алтын белгі» белгісінің иегерлері және 187-сі үздік аттестатпен бітірушілер.
Қымбатты түлектер! Сіздердің бойларыңыз қазір күш-жігерге, ғаламат жоспарлар мен идеяларға толы, алдарыңызда үлкен болашақ күтіп тұр!
Мен сіздердің өз армандарыңызға сеніммен қадам басуларыңызға тілектеспін! Сіздердің еңбексүйгіштіктеріңіз бен табандылықтарыңыз біздің болашағымызды айқындайды.
Қымбатты балалар!
Ертеңнен бастап сіздер үшін жазғы демалыс басталады. Демалыстан жаңа әсер алуларыңызға және қуанышты күндеріңіз көп болуына тілектеспін. Құрметті ұстаздар мен ата-аналар, сіздерге отбасыларыңыздың амандығын, жұмыста табыс пен сәттілік тілеймін!
Құрметпен,
Ақмола облысының әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар