Көктемгі егіс – 2020

Зеренді ауданының диқандары табиғат тосын мінез танытпаса, көктемгі дала жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. «Айжан» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабек Төлебаев Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бо-йынша бітіргеннен кейін, осы кәсіппен 35 жылдан бері айналысып келеді. Кәсіпті бүге-шүгесіне дейін меңгерген маман болғаннан соң 2003 жылы өзінің жеке шаруа қожалығын ашуды ұйғарды.

Мінекей, он жеті жылдан бері өзі басқарып жүрген «Айжан» шаруа қожалығы бұл күнде аудан орталығындағы көш ілгері келе жатқан шаруашылықтардың бірінен саналады. Бүгінде оның иелігінде 2 мың гектардан астам егістік бар, оның 1350-і бидай, 500 гектары арпа, 200 гектар бұршақ. Ж.Төлебаевтың жеке меншігінде тоқ та бар болғандықтан, ендігі арада ол астық кептіретін агрегат сатып алуға ниетті. Бұған былтырғы жауын-шашынды қолайсыз ауа райы түрткі болса керек. Қам жасамасаңыз, еңбек еш болуы мүмкін дейді диқанның өзі.
–«Көз қорқақ, қол батыр» деген қазақ халқының даналық сөзінде көп мән жатыр. Қазіргі жаһандану заманында барлығы сандық технологияға көшкен. Бүгінгі күні бәрін компьютер арқылы жасауға болады. Төтенше жағдай режимі кезінде мен осыған анық көз жеткіздім, – дейді ол.
Кәсіпкер өз сөзінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан пәрменді шараларды да баса атап өтті. – Бір ғана мысал, құны 24 миллион теңге тұратын украиналық егіс кешенін сатып алған кезде жеңілдетілген несиеге де қол жеткіздім. Ағымдағы жылы дизель отынының қажетті көлемін литрі 177 теңге бағамен сатып алдым. Бұл кәсіпкерлерге зор қолдау деп есептеймін. Өткен жылы біз гектарына 18 центнер бидай өнімін алдық, бұл аудандық және облыстық көрсеткіштен жоғары болды. Әрине, мұның бәрі тұқым сапасына да көп байланысты. Өткен жылы біз элита класының тұқымын, ал, қазір өз өніміміздің бірінші репродукциясын егіп отырмыз. Ал тұқымды өз, қазақстандық өндірушілерден, оның ішінде Сандықтау ауданындағы «Максимовский» серіктестігінің тұқым шаруашылығынан сатып алдық, – дейді Ж.Төлебаев.
Қазіргі таңда «Айжан» шаруа қожалығында барлығы 6 адам жұмыс істейді. Олардың бәрі шаруа қожалығы ашылған күннен бері жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, механизаторлар Рафхат Насибуллин, Мұрат Сандуров, Берік Мәкішев, Арай Төлебаев, жүргізушілер Болат Айдосов және Ерлан Әлішевтер еңбек майданында ел ырыздығын молынан жинау үшін еселі еңбек етуде. Бұл адамдар тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген, сонымен қатар олар жыл сайын егін науқаны аяқталған соң 4 тонна арпа, 1 тонна бидай, сондай-ақ, шөппен сабанды тегін алады. Бұл дегеніңіз, мал ұстайтын ауыл адамына қомақты көмек. Бір-біріне қарайласып жүрген шаруа қожалығының еңбеккерлері осы 17 жылдың ішінде айрандай ұйыған біртұтас отбасына айналғандай.
Зеренді ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Шайгөзовтың айтуынша, биыл аудандағы жаздық егіс 247 мың гектарды құрайды. Бұл ретте, мемлекет ауданға 3 400 тонна кепілді дизель отынын бөлді. Бүгінде 90 мың гектар жер егілді, оның ішінде 60 мыңға жуығы дәнді дақылдар.
Ал, аграрлық өндірісті әртараптандыру аясында зеренділіктер зығыр, рапс, жасымық, күнбағыс, бұршақ егеді. Егін егу науқанына 500-ге жуық субъект қатысуда. Биылғы жаз мамандардың болжамдары бойынша құрғақ болуы тиіс, сондықтан, Ақмола диқандары өз жұмыстарын ғалымдар мен синоптиктердің ұсынымдарын ескере отырып, жүргізуде.
Қазіргі таңда кәсіппен айналысамын деушілер қолдаудан кенде емес. Үкіметтің ерекше назарында тұрған шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, бизнесін бастаймын дегенге барынша мүмкіндік жасау жүйелі жолға қойылған. Яғни, ниетің болса несібесіз қалмайсың.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар