ОЛЖАС АЙТҚАН ЕДІ… …

Мен өзім үшін қазақтардың тарихын қалыптастыра бастадым. Мәскеудегі Ленин кітапханасының жабық архивін аштым. Жаным жылады. 1926 жылғы санақ бойынша: қазақтар Кеңес Одағындағы «түркі тілдес ұлттардың ішіндегі ең ірісі – 6 млн. 200 мың адам». Ал, 1939 жылы екі миллиондай ғана қалыпты. Осы сандардан өне бойым мұздай боп қалтырап кетті. Аз ұлт атану бақыты үшін осынша құн төлеген басқа қандай халық бар екен? Өзін осындай күйге түсіру үшін қандай жуас, қандай бейшаралықта болу керек!.. Олжастың осы сөздерін СССР Халық депутатығына кандидат кезінде ауылыма арнайы келгенде естігенмін. Олжас Сүлейменов ұлтымыздың осындай ақтаңдақтарының себеп-салдарын іздеп, ақиқатты айтқаны үшін де кейбір керенауларға жақпайды… Барлық трагедияның орындаушылары бар. Біз төрт миллион қандасымыздың қанын Сталин мен Голощекинге артып, тыныш жата берсек дейміз. Онда сол зұлматта неге тек қазақ қырылды? Бас сауғалағандар айналамыздағы Қырғыз, Өзбек, Ресей, Қытайға қашып аман қалды? Алдағы құрылмақ Мемкомиссия осыған түпкілікті жауап іздеуі ләзім. Ол Тәуелсіздігімізді қастерлеп, егемендігімізді қорғау идеологиясы деп түсінемін. Ғасыр бұрын басталған зұлмат тұсында қазақ ұлты елімізде қазіргідей сандық басымдықта болған. Билікте де қазақтар аз емес еді… Бодандық болмыс пен надандық осындай трагедияға ұрындырды. #СмағұлЕлубаевтың «Ақбоз үй» романын оқыдым. Бас кейіпкер: көргені көп, оқыған-тоқығаны бар, құл ұстаған бай адам. Сол қазақ байы аштықтан қаңғып өліп, бәйбәшесі екеуі айдалада көмусіз қалады. Құлға де тілемес ажал… Қазір де ұлт қазынасын ұрлап, шетелге қашып ел ішіне іріткі салушылар бар… Ғасыр трагедиясын түсіну, зерделеу – оның қайталануына жол бермеу. Ертеңімізге ереже қағида осы!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар