Жаңа жағдайдағы жазғы демалыс

Коронавирус індеті туристік бизнеске де елеулі кедергі жасағаны белгілі. Әйткенмен, төтенше жағдай режимі алынған бүгінгі күні қазақстандықтар кәдуілгі жазғы демалысын аңсайтыны айқын. Бұл орайда көркем Бурабай мен зерлі Зеренді алдымен қол бұлғайтыны да түсінікті. Осыған байланысты Ақмола облыстық туризм және демалыс Ассоциациясының төрағасы Шынарбек Батырхановты әңгімеге тартқан едік. Бұл төте сұрақ түріндегі сұхбат болды.

–Шынарбек Бүркітбайұлы, төтенше жағдай тоқтатылғанымен карантиндік режим сақталуда. Туристік индустриядағы дәп қазіргі көңіл-күй қандай?
–Алаңдатарлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі туристік саланың күрделі жағдайға тап болғанын атап өткенін білесіз. Туризм және демалыс индустриясының мойнында шешілуі салмақты мәселелер бар. Біріншіден, туристік бизнесті қолдауға бағытталған бірнеше шаралар белгіленгенімен, екі ай бойы жұмысы тоқтаған саланың шатқаяқтап қалғаны жасырын емес. Сондықтан, маусымды серпінді бастап кету мүлдем оңайға түспейді.
Екіншіден, туризм саласы өз қонақтарының денсаулығын, былайша айтқанда, қауіпсіздігін сақтауға міндетті. Қызмет ауқымды, әрі шығынды. Қараңыз. Әр үш сағат сайын дерлік бөлмені санитарлық өңдеу, сағат сайын бір реттік қолданыстағы маскаларды үлестіру, кіреберістерде қызметкерлер мен дем алушылардың дене қызуын өлшеу, «COVID-19» туралы неше түрлі сұрау салулар өткізу керек. Бұған қоса, 50-100 метр арақашықтықтағы антисептиктік санитайзерлер орнату қажет. Қаншама жұмыс атқарылғанымен, демалыс нысандарында төсек-орын саны екі есеге жуық азаяды. Өйткені, бөлмелер мен асханаларда коронавирусқа қарсы стандарттар қамтамасыз етілуі тиіс. Ал, облыстың туризм саласында 700-ге жуық кәсіпорын бар. Бұрын мұндай тәжірибенің болмауы екі жақты түсіністік пен бақылауды күшейтетіні де назардан түспейді.
Үшіншіден, карантинге байланысты екі ай үйінде отыруға мәжбүр болған азаматтардың материалдық жағдайын да ойлау керек. Қалай дегенде де, адамдар дем алуы, бизнес жұмыс істеуі қажет. Осыған байланысты, туристік бизнес әртүрлі акциялар ұйымдастыру арқылы қызмет ақысын төмендетуге барады.
–Сонымен, 1 маусымда туризм индустриясы есігін ашады…
–Жуырда біз облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовтың төрағалығымен Бурабайда шектеулі тұлғалардың (30 адамнан аспауы тиіс) қатысуымен көшпелі мәжіліс өткіздік. Туризм нысандарының өкілдері жұмысты қай күні бастау қажеттігін талап етті. Өңірдің бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина қазіргі кезде эпиджағдай қатаң бақылауға алынғанын, оңтайлы мүмкіндік туса, 1 маусымнан дем алушыларды қабылдауға рұқсат етілетінін айтты. Міне, сол күн де туды. Мәжіліс тараптардың мәмілеге мүдделі екендігін көрсетті. Дем алушылар маскалар мен дәрі-дәрмекті сатып алуы үшін санаторияларда дәріханалар ашылады. Сонымен қатар, қолданыстағы санитарлық-дезинфекциялық құралдар әлгі маскаларды көп реттік қолдануға мүмкіндік бермек.
–Сіз жоғарыда пандемия кезінде туризм бизнесіне мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өттіңіз. Мәселе осымен шешіледі ме?
–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 31 наурызында пандемия кезеңінде тұрғындарды қолдаудың топтама шараларын бекітті. Осыған орай, Үкімет Қаулы қабылдады. Онда туризм және демалыс қызметіне қатысты маңызды 5 бағыттық шешім бар. Жалпылай айтсақ, 1 сәуірден 1 қазанға дейін қонақ үй бизнесі мен туризм саласы еңбекақы қорынан салықтар мен басқа да төлемдер аудару тоқтатылады. Яғни, бұл сала салықтар мен әлеуметтік аударымдардан, банк қарызы және несиелерінен 3 айға дейінгі мерзімде босатылуы туристік қауымдастықтың ұсыныстары қанағаттандырылғанын көрсетеді.
Әйткенмен, кез-келген мәселені бір шешіммен шешіп тастау мүмкін еместігі сияқты, ойланатын жағдайлар да жоқ емес. Өйткені, туризм индустриясы әлеуметтік бағдар ұстанатындықтан, тарифтік тұрғыдағы қолдау ескерілуі керек деп есептеймін. Бизнестік ұстанымдағы сала бағаны төмендетуге ықыласты бола қоймайды. Сондықтан, өтемақы және субсидиялау қарастырылғаны жөн болар еді. Бұл ұсынысты «Атамекен» ұлттық палатасы мен ұлттық курорттық Ассоциация қолдады. Ол Үкіметтің қарауында, қазірше жауап келген жоқ.
–Пандемия қаншама қиындық туғызғанымен, оптимистік көңіл-күй де қылаң беретін сияқты. Мен қазақстандықтардың, оның ішінде ақмолалықтардың қолжетімді бағамен, өз курорттарымызда дем алуына мүмкіндік кеңейеді дегенді мегзеп отырмын. Оның үстіне ішкі туризм белсенді сипатқа ие болады емес пе?
–Дұрыс айтасыз. Бұрын, туристік ағынның қауырт кезеңінде, маусым-қыркүйек айларында, Бурабайға келу өте қиын болатын. Қазіргі күтпеген оқыс жағдайлар көптеген проблема туғызғанымен, бұл ішкі туризмді дамытуға екпін қосатыны айқын. Облыс алдыңғылар қатарында блок бекеттерді алып тастады. Республикалық жолдар да келесі аптада ашылмақ. Бірақ, карантин режимі сақталды. Сондықтан, өткен жылдардағыдай туристік тасқынды күту бола қоймас. Ендеше, басымдық ақмолалықтарда екендігі түсінікті. Осымен бір мезетте өзге облыстардағы әріптестерімізге хаттар жолдап, келіссөз жүргізудеміз.
Бүгінгі күні барлық облыста туристік ақпараттық орталықтар жұмыс істейді. Жарнаманың түпкі мақсаты адамдарды қалайда демалыс орындарына тарту емес. Басты ұстаным – еліміздің тамаша емдеу-сауықтыру базасымен, жаңа саяхат маршруттарымен, көркем ескерткіштерімен таныстыру. Әрбір отандасымыз Бурабайды көруді армандайтыны анық. Оның үстіне, мемлекеттік тапсырыс, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды жеңілдікпен қабылдау мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің туристік нысандардың жүктемесін еселеудің барлық тетіктерін пайдалануымыз қажет.
–Туризм индустриясы қызметін, тұтынушылардың жағдайын айтып отырсыз ғой. Ендеше, баға болжамы, жеңілдіктер туралы не дейсіз?
–Барлығы, әрине, «жұлдыздарға» бөлінетін отельдер мен сауықтыру мекемелерінің деңгейіне байланысты. Бірақ, турбизнес жағдаймен санасуға пейілді. Мәселен, маусым бастамасын табысты өткізу үшін алғашқы төлемнің 20-30 пайыздық жеңілдігіне иек артуға болады, одан әрмен баға бұрынғы жылдардағы деңгейден өспейді деп ойлаймын.
–Нақтырақ айтсаңыз. Орта статистикалық санаторий, мысалында жолдама қанша тұрады?
–Жарайды. Орта баға – 8 мыңнан 12 мың теңге аралығында. Сегіз мың теңге – мемлекеттік тапсырыс жағдайында, ал 12 мың теңге өз жолдамаңыз. Бұл қаржының ішіне 4-5 мезеттік тамақ, кешенді емдеу шаралары енеді. Ал, туристік компаниялар арқылы үлкен топпен келген дем алушылар елеулі жеңілдікті пайдалана алады.
–Осы орайда, балалар лагерьлерінің құны қанша тұратыны баршаны қызықтыратыны белгілі.
–Біріншіден, мынаны бөлектеп айтқым келеді: бұл жаз ақмолалық жасөспірімдер үшін де ерекше болмақ. Қалыптасқан дәстүр бойынша, біздің сауықтыру орындарымыз «өз» балаларымыздың 10-15 пайызын ғана қамтып келді. Әрдайым біздің өңірге Қазақстанның өзге облыстарынан балалар көптеп келетін. Бұл маусымда жергілікті оқушыларға басымдық беріледі.
Ақмола облысының балаларды сауықтыру мекемелеріндегі баға, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығын қоспағанда, қашанда жоғары болған емес. «Балдәуренде» оқу озаттары, олимпиада жеңімпаздары, дарынды балалар тегін дем алады. Басқа сауықтыру орталықтарындағы баға тәулігіне 4,5-6,5 мың теңгені құрап, он күнге созылады. Жолдаманың құны биылғы жылы қымбаттамайды. Біздің ұсыныстарымызда жеңілдіктер қарастыру да көрсетілген.
–Сұхбатымызды, әркімнің құлағында жүрсін деген ниетпен, Ақмоланың туристік әлеуетінен қысқаша дерек берумен аяқтасақ.
–Құрылыс тоқтаған жоқ. «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде бұл аймақ Қазақстанның ТОП-10 мәртебесін алып отыр. Бағдарламаның ІІІ кезеңі аясында облыс әкімдігіне 27 шараны іске асыру жүктелген. 2019 жылы Бурабай бұрынғы ТМД елдері арасындағы рейтингтік көрсеткіштің ең жоғары бағанына шықты. Туристік әлеуетті күшейтуде зәкірлік жобалардың маңызы ерекше. Биыл құны 100 миллиард теңгелік, 233 гектарлық аумақтағы «AQBURA Resort» отбасылық курорттық кешені пайдалануға берілмек.
«Promenade Burabay» отельдер, қонақжайлар (үш қабатты апартаменттер, екі қабатты таунхаустар) және демалыс аймағын қамтитын кешеннің 14 гектарлық құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, «Vizit орталықтың» Бурабай кентіндегі биіктігі 42 метрлік айналма шеңбер және 10 аттракционды біріктіретін кешен биылғы жазда іске қосылады деген уәде бар.
Облыс орталығы Көкшетау қаласы Қазақстан-Ресей мемлекет басшыларының өңіраралық кездесуіне қызу дайындық үстінде. Сондай-ақ, туристік маусымға Зеренді, Қорғалжын және басқа аудандар уақыт талабындағы жобалар ұсынатыны анық.
–Рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Сұхбатты жүргізген
«Арқа ажарының» өз тілшісі
Бақберген Амалбек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар