Көктемгі егіс – 2020

Ақмола облысы бойынша 4 миллион 446,1 мың гектар алқаптың 4 миллион 357,1 мың гектарына тұқым себілді. Бұл барлық егіс алқабының 98 пайызы.
***
Ақкөл, Астрахан, Біржан сал, Бұланды, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград, Шортанды аудандары көктемгі егіс жұмыстарын алғашқылардың бірі болып толық аяқтады.

***
Бурабай, Ерейментау, Жақсы аудандары да барлық егіс алқабының 98,8 пайызына дәнді және бұршақты дақылдар сеуіп үлгерді.
***
254 мың гектар алқапқа майлы дақылдар себу жоспарланса, оның 88,8 пайызы егілді. 142 мың гектар жердің 80,8 пайызына біржылдық 32,5 мың гектар алқаптың 92 пайызына көпжылдық шөп егілді. Картоп пен көкөніс толық отырғызылды.

Алтын дән шашар алқап бар

Біз Абылай хан ауылының солтүстік төріндегі алқапқа келгенімізде, «Есіл-Агро» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының басқарушы директоры Қайыр Мұқышев «Көктемнің көркі күзде» дегенді айтып қалды. Тәжірибелі диқанның нені меңзегенін өзіміз де байқап тұрмыз.

Жер баптаудың, топырақ құнарын арттырудың былтырғы күзден басталған ыждаһатты істің көрінісі, бір тынбаған мәуелі еңбектің жемісі деңіз бұны. Айтпақшы, Абылай заманының куәгері, Көкшенің «Қарабауыр» ауылы іргедегі Бурабайға қол соза көсілгені де ерекше әсер етеді екен. Мұндай елге, мұндай жерге береке қонатынына сене бергің келеді.
Көз көрім жерде ақ ұлпа әлсіз шаңды кешіп бара жатқан «Бюллер Хорш» тұқым себу кешенінің екі агрегатының екпіні ішкі есепке шәк келтірмейтіндей. Шаруашылық биыл ауылдың осы бөлігінде 4300 гектарға өздерінде күтіп-баптап, жоғары өнгіштік дәрежеге жеткізілген қатты сұрыпты бидай өсіруді жоспарлаған. Қайыр бауырымыз агротехникалық карта мен науқандық жұмыс кестесін жайып тастап, көтеріңкі сөйлеп тұр. Олай ететіндей жөні де бар. Қарқын жоғары, ауысымдық тапсырмаңыз асыра орындалады. Амандық болса, белгіленген меже бүгін-ертеңдері еңсерілетін түрі бар.
–Мынау №22 аталатын соңғы алқапта жұмыс істеп жүрген Мұрат Тоқтамысов, Жомарт Өскенбаев, Мұратбек Темірбеков, Қуаныш Шәпиев сияқты механизатор, автомобиль жүргізушісі, техникалық көмек шеберлері жер баптаумен жыл бойы айналысқан жігіттер. Сондықтан, диқандық дәстүрді ұлықтай біледі, бұлардың жұмысынан ақау іздеудің өзі ыңғайсыз. Міне, қараңызшы, жағдайды білу үшін азырақ кідіруін өтінген Мұрат әзер тоқтады ғой жаңа. Мен осыған қуанамын, – дейді Қ.Мұқышев.
Біз де қуандық. Өйткені, уақыттың қадірін білетіндер биіктен көрінеді.

Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар