Жаз жайнатып, күн күлдіріп!

Бар игілік балаларға арналады

Адам өмірінің ең бақытты шағы – балалық кезі десек, жас ұрпақтың өмірінің қызық пен қуанышқа толы болып, уайым-қайғысыз өтуі ата-ананың ғана емес, ұстаздардың да арманы. Осы орайда, балалардың жазғы демалысын есте қаларлықтай қызықты өткізуін ұйымдастырудың мәні зор. Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты, оқушылар соңғы тоқсанда қашықтықтан оқу арқылы білім алғаны белгілі. Ал, жазғы демалыс қалай болмақ? Бұл мәселе ата-аналарды да, балаларды да, ұстаздарды да толғандыратыны анық. Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсеноваға жолығып, балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылатыны жөнінде сөйлескен едік.

Ботагөз Дүйсенованың айтуынша, биыл обылысымызда қала сыртындағы 20 лагерь, соның ішінде 13 мемлекеттік және 7 жекеменшік лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру үшін барлық аудандық білім бөлімдеріне балалардың сауықтыру орталықтарын да-йындау және аумақтарға тексеру жұмыстарын жүргізу мен барлық қажетті талдауларды ағымдағы жылдың 25 мамырына дейін тапсыру туралы хат жолданған екен.
Қазіргі таңда 13 мемлекеттік балалар сауықтыру орталығы мен 2 лагерь ғана балаларды қабылдауға дайын. Бұлар облыстық білім басқармасы жанындағы «Звездный» және Көкшетау қалалық білім бөлімі жанындағы «Чайка» балаларды сауықтыру орталықтары. Жалпы, мемлекеттік лагерьге берілетін жолдаманың бағасы лагерьлердің инфрақұрылымына байланысты 12 мың мен 50 мың теңге аралығында. Ал, жекеменшік балаларды сауықтыру орталықтарының басшылары жазғы демалыс маусымы үшін берілетін жолдаманың құнын 50-80 мың теңге көлемінде белгілеп отыр.
Облыста оқушылардың 70 пайызға жуығы 454 бейінді алаңдарда және шығыны аз жазғы демалыс орындарында демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады. Бір байқағанымыз, өткен жылы 750 оқушы сауықтыру орталықтарында болса, биыл санитарлық-эпидемиологиялық қызмет талаптарына сәйкес, балалар саны 50 пайызға қысқарған. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айында жалпы білім беретін ұйымдардың базасында әртүрлі бейінді бағыттар бойынша жазғы мектептердің жұмысы жоспарлануда.
Жазғы лагерьлерде, ең алдымен, халықтың әлеуметтік тұрмысы төмен санаттағы отбасыларының балалары демалатын болады. Сонымен қатар, ювеналды полиция органдарында және мектепішілік есепте тұратын кәмелетке толмаған балалар да жаз мезгілінде назардан тыс қалмайтынын айтқан Ботагөз Балапайқызы, 2020 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша полиция органдарында 410 жасөспірімнің есепте тұрғанын, оның 264-і мектеп оқушылары екенін айтты.
Оқушыларды «Аврора гарден» туристік бизнес орталықтарына және «Парус» балаларды сауықтыру орталығына жұмысқа орналастыру бойынша «Пайдалы жаз» жобасы және балалардың облыстық агротехникалық колледждерінде ауыл шаруашылығы жұмысымен қамтылуын ұйымдастыру бойынша «Қысқа қор» жобасы жүзеге асырылмақшы. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың ерікті еңбек қызметін көтермелеу ретінде оларға ай сайын колледж белгілеген ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізбесі ақысыз берілетін болады.
Тағы бір айтарымыз, қазіргі уақытта коронавирус пандемиясына байланыс-ты жазғы демалысты ұйымдастыру қашықтықтан өткізілмекші. Осыған орай, мектептердің базасында онлайн-лагерьлер ашылған. Екіншіден, ауысым кестесі және 3 сағаттық күн тәртібі әзірленген. Сонымен қатар, тәлімгерлер, педогогтар, психологтар, еріктілер жасақталған.
Елімізде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жоғарыда айтқанымыздай, жете көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, балаларымыз биыл жазда да демалыс лагерьлері мен сауықтыру орталықтарында болып, демалыстарын қызықты өткізуге мүмкіндік алатын болады.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар