Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!

Майдангерлердің жауынгерлік жолын енгізуге болады

Ұлы Жеңіс күніне орай виртуалды естелік кітабы жобасы іске қосылды. Енді кез-келген адам «1945.kz» сайтына кіріп, Жеңіске үлес қосқан майдангерлер мен тыл ардагерлерінің фотосуреттері мен бейнематериалдарын жүктеп, батыр аталарының өмір жолдары туралы мәліметтерді жариялай алады.   

Сайттың басты парақшасында «оқиғамен бөлісу» батырмасы бар. Мәтінге фотосуреттер мен бейнематериалдарды оңай қосуға болады. Дайын болған құжатты арнайы көрсетілген поштаға жіберу қажет. Модерациядан кейін жүктеген деректеріңіз Қазақстанның барлық аймақтарына таратылатын болады. Сайт отбасының мемуары, махаббат тарихы, майданнан келген хаттар мен зұлмат кезеңнің балалары деген төрт бөлімнен тұрады.
Рахман Дайыровтың атасы майдангер. Соғыста ерлік көрсетіп, талай мәрте марапаттарға ие болыпты. Атасының есімін сақтап қалу үшін «1945.kz» сайтында ардагердің майдандағы оқиғасын жариялаған екен.
– Осы сайтқа өз атам жайлы ақпарат енгіздім. Аты-жөні Темірбек Ізтілеуов және ол құжаттарында майданға аттану үшін нақты туған жылын жасырып, жас қосып жазыпты. 1946 жылы бейбіт өмірге оралып, пединститут бітірген, мектепте жұмыс істеп, партия қызметтеріне белсене араласыпты. Әжеміз Нәсиха екеуі 6 бала тәрбиелеген. Атам 2001 жылы өмірден озды. Оның өмір тарихы мәңгі сақталуы үшін осы сайтқа енгіздім, – дейді «Білім инновация» лицей-интернатының оқушысы Рахман Дайыров.
Жоба Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының бастамасымен қолға алынған. Сайттың өңірлік өкілі Бейсенбай Мәжитовтің өзі екі материал жариялапты. Алғашқысы әкесі жөнінде. Әкесі 14 жасында еңбек армиясына шақыртылып, кейін Қырғызстан Республикасына зауытқа жұмысшы ретінде жіберілген. Екінші материалы тұтқында болған ардагердің тағдыры туралы екен.
– Сайтты ашудағы мақсат – әскери оқиғаларды, майдан естеліктерін, сол уақыттағы Кеңес халқының, әсіресе, қазақстандықтардың жасаған ерліктерін ұрпақтан-ұрпаққа сақтап қалу, –деді Бейсенбай Мәжитов.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты биыл Жеңіс күніне арналған шеру өтпеді. Бірақ, заманауи технологиялар карантинге қарамастан, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын барынша атап өтуге мүмкіндік беруде. Бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырлар мен ардагерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру кез-келгеніміздің азаматтық парызымызға айналуы тиіс.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар