Атқарылған жұмыстар бар, тек енді осы игілікті істерді әрі қарай жалғастыра түсу керек

Атқарылған жұмыстар бар, тек енді осы игілікті істерді әрі қарай жалғастыра түсу керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Астрахан және Атбасар аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмыс барысымен танысты, аудан басшыларына мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін кеңінен пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырып, басқа да міндеттерді белгіледі.

Өңір басшысы алдымен Астрахан ауданы Жалтыр ауылындағы ауылішілік жолдарды жөндеу барысымен танысып шықты. Аудан әкімі Нұрлан Сейіловтың баяндауынша, ағымдағы жылы Жалтыр ауылындағы орта жөндеу жұмыстарына 71 миллион теңге, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 63,9 миллион теңге, облыстық бюджеттен 7,1 миллион теңге қаржы бөлінген. Мердігер ұйым – «Gruss» жауапкершілігі шектеулі серіктетігі. Өңір басшысы жолдарды жөндеу кезінде ең бастысы, сапаға аса мән беру керектігіне ерекше назар аударды. Бұдан кейін облыс әкімі №4 Жалтыр орта мектебіне барып, ондағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Іргетасы сонау 1941 жылы салынған ғимаратқа қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы жобалық қуаты 600 орындық орта мектепте қазіргі таңда 258 оқушы оқиды. Ағымдағы жылы жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 351,7 миллион теңге бөлінді, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 316,5 миллион теңге, ал, облыстық бюджеттен 35,1 миллион теңге бөлінген. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін мектеп базасында 40 оқушыға арналған интернат ашу жоспарлануда. Өңір басшысы мектептің күрделі жұмыстарымен таныса келе, алдағы уақытта, балалардың білім сапасына зер салу керектігін баса айтып, әр маман өз ісіне аса жауапты болуы керектігін тапсырды.
Ауылдағы өзге де әлеуметтік нысандар облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі Жалтыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның да тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кетуіміз керек, Жалтыр селосында соңғы жылдары соны өзгерістер көптеп байқалады. Жаңа дәрігерлік амбулатория, іргетасы 79 жыл бұрын қаланған мектепке күрделі жұмыстар жүріп жатыр, жолдар жөнделіп, абаттандырылған. Осы және басқа да оң өзгерістерді тілге тиек еткен амбулатория қызметкерлері өңір басшысына ерекше алғысын білдірді.
Бұдан кейін облыс әкімі Астрахан ауданындағы агротехникалық колледжінің тынысымен танысты. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 98,2 миллион теңге сомаға бас корпус пен оқу корпустарына күрделі жөндеу жүргізілген. Колледждің жалпы жобалық қуаты 450 орынға лайықталып салынған. Қазіргі таңда мұнда 380 оқушы білім алуда. Колледжде спорт және гимнастика залдары, сондай-ақ, кітапхана және оқу залы, 120 орындық асхана, 210 орындық жатақхана бар. Колледж директоры Қанат Сүйіндіковтың айтуынша, соңғы жылдары қыздар арасында бухгалтер мамандығына сұраныс көп. Бұрнағы жылдары хатшы-референт сияқты мамандық иелеріне оқуға түсемін дейтін талапкерлер көп болса, бұл күндері бұл мамандыққа сұраныс жоқ деуге де болады. Қазіргі таңда колледжде фермерлік шаруашылық, тракторшы, ауыл шаруашылығы өндірісінің машинисі, автомобиль жүргізушісі, аспаз, кондитер, даяшы және тағы басқа мамандықтарға жастарды даярлауда. Бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық ауруханаға да биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның іргетасы 1965 жылы қаланған. Ағымдағы жылы аудандық аурухана ғимаратына, емханасына, жұқпалы аурулар бөлімшесінің ғимаратына, ас блогы мен балалар консультациясына күрделі жөндеу жүргізуге 928 миллион теңге сомасында қаржы бөлінді. Осындай қомақты қаржы бөлінген нысанның күрделі жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Көкше-Автоматика» мердігер ұйымының басшысына қатаң талаптар қойды.
Бұдан соң өңір басшысы ауданның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының барысымен танысты. Бұл мақсатқа 2019 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында электр-жылу және сумен жабдықтау коммуникациясын салу үшін 399,2 миллион теңге, ал, 2020 жылы қазандық құрылысына және жобаны аяқтауға 538,8 миллион теңге бөлінді. «ҚазБайлықАстана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бауыржан Олжабайұлының баяндауынша, бұл нысан 2020 жылы қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Сапар барысында өңір басшысы Старый Колутон ауылына кіретін жолдың күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. 2018 жылы кірме жолды күрделі жөндеуге екі жылға шарт жасалған. Бұл мақсатқа 2018 жылы 110 миллион теңге, 2019 жылы кірме жолды күрделі жөндеуден өткізуге 145 миллион теңге бөлініп отыр. 9 тюбингтік құбырларды бекіту жұмыстары мен монтаждау бойынша жұмыстар орындалды. Мердігерлік ұйым «АстанаСтройМонтаж Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Облыс әкімінің Атбасар ауданындағы жұмыс сапары «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасының құрылысымен танысудан бастау алды. Жобаның құны 5 миллиард теңге. Бұл тауарлы-сүт фермасының өндірістік қуаты 1500 қара малға лайық. Оның 1200-і сауын сиыр. Құрылыс кезеңі 2020-2022 жылдарға жоспарланып отыр. Бұдан соң өңір басшысы Бастау ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барып, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты. 2019 жылы пайдалануға берілген амбулатория ауысымына 25 келушіге арналған. Мұнда күндізгі стационар бар. Дәрігерлік мекеме 2,5 мың тұрғынға қызмет көрсетеді.
Ауылдың абаттандырылуы да айтарлықтай. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Бастау ауылына кіреберіс жолдарды ағымдағы жөндеуге 38 миллион теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 124,1 миллион теңге, облыстық бюджет қаржасынан 13,7 миллион теңге бөлініп отыр.
Ауылдың абаттандырылуына оң баға берген өңір басшысы әрі қарай №2 мектептің ағымдағы жөндеу жұмысы барысымен танысып шықты. Биыл білім мекемесіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 53,2 миллион теңге қаржы қарастырылған. Мердігер ұйым – «Альянс-Строй ASI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 198 орындық мектепте қазіргі таңда 91 оқушы оқиды. 2007 жылдан бастап 30 баланы қамтитын қазақ тілінде оқытатын шағын орталық жұмыс істейді. Білім мекемесінде 16 мұғалім еңбек етеді, оның ішінде жоғары білімді 14, арнаулы орта білімі бар 2 мұғалім жұмыс істейді. Орташа айлық еңбекақы 153 000 теңге көлемінде. Осы орайда, өңір басшысы білім сапасына ерекше назар аудару керектігін баса айтты.
Ал, аудан орталығы Атбасар қаласында облыс әкімі алдымен аграрлық-индустриялық колледж қазандығының ағымдағы жөндеу жұмысы барысымен танысты. Бұл нысанға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 18,1 миллион теңге бөлініп отыр. Қазіргі уақытта қазандық жабдығын бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Облыс әкімі жауапты қызмет басшыларына әлі де болса жұмысты ширата түсуді тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы аудан орталығының көше-жол желісін жөндеу жұмыстарын қадағалап шықты. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жолдарды орташа жөндеу үшін 600 миллион теңге қарастырылған. Алайда, ауданның орталық көшелеріндегі санитарлық тазалық сын көтермейді. Көшелерінде кей жерде төгілген күл, қоқыс, бетегеден биік жусан, күнге күйіп қурап қалған қарағайлар мен гүлдер, тілерсектен келетін арамшөп қала көркін қашырып тұр. Осыған байланысты өңір басшысы Атбасар қаласының әкімі Марат Асқаровқа сын-ескертпелер айтып, бұл кемшілікті жуық арада түзеуді тапсырды.
Бұдан соң аудан орталығындағы «Локомотив» стадионының жөндеу жұмыстарының қарқынымен жақынырақ танысып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Стадионды жөндеуге ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында блок-модульдік спорт кешенін сатып алуға республикалық бюджеттен 80,8 миллион теңге, жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруға 12,2 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда «Эксклюзив Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 93 миллион теңге сомасына шарт жасалды. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан кейін облыс әкімі аудандағы қан орталығына ат басын бұрды. Бұл ғимарат алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған ведомстволық тұрғын үй болып қайта жабдықталады екен. Себебі, өздеріңіз білетіндей соңғы жылдары дәрігер мамандықтар қат. Оның үстіне ауылға барамын дейтін дәрігер мамандар тапшы. Осы орайда, дәрігерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында осындай шешім қарастырылған көрінеді.
Ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, аудан әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, соңғы бес жылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылы 22 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Бұл соңғы бес жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бірнеше есе көп.
Ауданға барған іс сапарында өңір басшысы орталық саябақта отырған тұрғындармен де пікірлесіп, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын да сұрады.
Өз кезегінде іс сапарды қорытындылаған өңір басшысы алдағы уақытта ел Президентінің Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың, әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында айтарлықтай игі істерді жүзеге асыру керектігін баса айтып, міндеттерді белгілеп, тиісті сала басшыларына аудан орталығын дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *