9 маусым – Халықаралық архивтер күні

Құрмет пен марапатқа лайық жандар

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықаралық архивтер күніне орай, брифинг өткізілді.

Брифинг барысында облыстық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының архивтер қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Галина Филипьева мен аталған бөлімнің бас маманы Ержан Бекеев облыстық мұрағат қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Халықаралық архивтер күні» 2007 жылғы қарашада Канаданың Бас ассамблеясында Халықаралық мұрағат кеңесінің қаулысымен белгіленді. Ал, тарихи деректерге сүйенсек, 1948 жылдың 9 маусымында ЮНЕСКО шешімімен Халықаралық архивтер кеңесі құрылған болатын. Халықаралық архивтер кеңесі – әлемдік мұрағаттық мұраны сақтауға, дамытуға және қолдануға ықпал ететін беделді қауымдастықтың кәсіби ұйымы. Бүгінгі таңда халықаралық архивтер кеңесінің құрамында 190 елдің 1500-ге жуық өкілі бар.
Ұйымның қызметі мұрағатшылардың біліктілігін арттыру арқылы тиімді мұрағаттық басқару және әлемдік құжаттардың сақталуына бағытталған. Сондай-ақ, мұрағатшылар, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен қарапайым архив қолданушыларының мұрағатқа қол жетімділігін қамтамасыз етуге ықпал жасайды.
Брифингте Галина Филипьева Ақмола облысының архивтік қызметінің жұмысымен кеңінен таныстырды. Оның айтуы бойынша, облыстық архив қызметі 21 мекемені қамтиды. Оның ішінде: 1 облыстық, 3 қалалық және 17 аудандық мұрағат мекемелері бар.
– Мұрағат құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Атбасар қаласының мемлекеттік мұрағаты жаңа ғимаратқа көшірілсе, Бурабай ауданының мемлекеттік мұрағаты жаңа құжаттар қоймасын қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Ал, 2021 жылы Жақсы ауданының мемлекеттік мұрағатына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Есіл ауданының мұрағаты да ғимараттың қос қабатына орналастырылған. Облыстық архив мекемелері материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда, – деді Галина Филипьева өз сөзінде. Оған қоса, бөлім басшысының дерегіне сүйенсек, «Архив-2025» жобасы аясында құжаттарды электронды форматқа көшіру үшін алдағы уақытта 21 ағынды сканер мен 49 компьютерлік техника жиынтықтарының сатып алынуы жоспарлануда. Ал, Ержан Бекеев «Egov» электрондық үкімет порталының тиімділігіне тоқтала келіп:
–Елдегі төтенше жағдай режимі цифрландырудың өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бұл қазіргі уақытта өте ыңғайлы болуымен қатар, ақпарат тарату мен оған қол жеткізудің ықпалды құралына айналып отыр. Ақмола облысының мемлекеттік архивтері мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі қағидаттары бойынша, электронды қызметті көпшілікке тарату және «Электрондық үкімет» порталында мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде, – деп атап көрсетті.
Брифинг соңында архив ісін дамытуға елеулі еңбек сіңірген ардагерлер мен барша мұрағатшыларға алғыс білдіріліп, Геннадий Матросов, Александр Положенцев, Владимир Котов, Петр Резов, Николай Байчиков, Баян Оразақова, Бахытжан Исажанова, Валентина Долгова, Алла Терещенко сынды қызметкерлердің есімдері айрықша құрметпен атап өтілді.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Еуразия Ұлттық университеті
журналистика факультетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар