Ауылдағы аяқ киім фабрикасы

Алғашқы қадамымен-ақ жергілікті өнеркәсіптің өніміне сусап отырған жалпақ жұртты елең еткізген «SAMHAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төл тарихы 2008 жылдан бастау алады.

 Соныға соқпақ салу қайдан оңай болсын, бір кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын ғимаратты жалдап алған олар дайын өнімді сатумен де айналысып көрді. Әрине, бұл кәсіптің жеңіл түрі. Өтімдісін таңдап алып, бір жерден әкеліп, екінші жерге сатасың. Бар жұмыс осымен ғана шектеледі. Табыс болғанымен, тағылымы қанағаттандыра қоймады. Өз өнімдерін шығарған әлдеқайда артық емес пе? Қазақ баласы бұрын да жалаң аяқ жүрген жоқ қой. Ел ішіндегі қолы епсекті шеберлер аяқ киімнің неше атасын тіккен. Тек атадан мұра болып келе жатқан сол өнер кеңес заманында ұмытылды. Бұрынғы барды қайта жаңғыртса несі айып? Осындай ойға келген соң 2010 жылы жеке цех ашуға шешім қабылдады.
«SAMHAT» серіктестігі Ақмол ауылына көшіп, жергілікті бизнестің өрісін кеңейтуге бел байлайды. Өзгеше тың идеямен кәсіптерін өрге жүздірмек болған бұл ойды облыс және аудан басшылығы қолдай кетті. 2013 жылы 1,2 гектар жер телімі мен 1200 шаршы метр гараж ғимараты бөлінді. Жөндеу және жабдықтау жұмыстарынан кейін кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастады. Мәселен, 2015 жылдың он бір айында ғана 800 миллион теңгенің 100 мың жұп аяқ киімі талғампаз тұтынушыға ұсынылды. Сол-ақ екен, аты дүркіреп шыға бастады. Кәсіпорын негізінен қорғаныс саласының мемлекеттік тапсырысын орындады. Біртіндеп жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік туып отыр.
Аяқ киімнің сапасы ең алдымен шикізатқа тәуелді. Бұл арада бүгінгі тұтынушының талғамын әбден ескерген дұрыс. Қазіргі күні бұл саладағы озық үлгіге көз қанықтырып, салыстырмалы бағалай білетін адамдардың талғамынан шығу да оңай-оспақ шаруа емес. Ол үшін қапысыз шеберлік қажет-ақ. Шеберлер өндірісте табиғи теріні пайдаланады. Бұл экологиялық жағынан таза өнім. Дәл осы арада елімізде шикізаттың бұл түрінің кәдеге аспай жатқандығын екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Жеңіл өнеркәсіптің жолы болмай жатқандықтан еліміздегі мал шаруашылығының аса бағалы өнімі – тері текке шіріп жатыр. Осы фабриканың тәжірибесімен-ақ жер-жерде осындай жұмыс ұйымдастырылса, өзімізді-өзіміз әдемі де сапалы, берік аяқ киіммен қамтамасыз етер едік. Шеттен келген бұйымның барлығы бірдей сапалы деп айтуға ауыз бармайды. Кейбіреуі әртүрлі ауруға себеп болып жатқандығы да жасырын сыр емес. Осы тұрғыдан келгенде «SAMHAT» аяқ киім фабрикасының қадамы құптарлық-ақ.
Қазіргі күні фабрика өнімін жалпақ жұрт жақсы танып қалған. Бұлар шығарған аяқ киімдердің сапалы екендігі ешқандай жарнамасыз-ақ көрініп тұр. Фабрика басшылығы да ең алдымен жоғары сапалы өнім өндіруге, жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізуге әрі кезең-кезеңімен жаңғыртып отыруға көп көңіл бөледі. Ол үшін әрине, жаңа жоғары технологияны толайым қолданарлық құрылғылар қажет.
Бұл арадағы басты мақсат алдымен адам денсаулығына қамқорлықпен қарау. Қолданылған шикізаттың сапасы гигиеналық талапқа толық жауап бергені жөн. Оның үстіне киген адамның аяғына жайлы болуы қажет әрі ұзақ пайдалануға шыдағаны дұрыс. Осыны ескере отырып, шикізаттың барлық түрі қатаң бақылауға алынып, сертификаты барлары ғана кәдеге жаратылады.
–Аяқ киім тігу – күрделі жұмыс,–дейді серіктестіктің бас директоры Самал Тілеубаева,–тұтынушылардың кәдесіне жарату бар да, бәсекелестікке төтеп беру бар ғой. Сондықтан, біз өз өнімдеріміздің мінсіз болуын қалаймыз.
Фабрика толық қуатында жұмыс істеген кезінде 150 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болады екен. Әзірге кейбір мамандардың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Мәселен, технолог, механик, тігінші тәрізді бірнеше мамандық бойынша мамандар қажет. Жұмыс істеп жүрген адамдардың кәсіби шеберліктерін жетілдіру өз алдына бір мәселе. Фабрика бүгінгі таңда ерлер және әйелдер аяқ киімі, әскери-күштік құрылымдарға, жұмысшыларға арналған аяқ киімдер шығарады.
Ынта болса, оңынан оралмайтын шаруа жоқ. Отандық өнімнің асығын алшысынан түсіретін осындай қадау-қадау қажырлы қарекет қой, шіркін!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар