Пандемия кезінде үйде оқшаулану маңызды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірде 17 маусымдағы жағдай бойынша  коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны 227 адамға жеткенін мәлімдеді.

 Тағы 82 адамнан індеттің симптомсыз түрі анықталған. 6 адам көз жұмған. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер облысымыздағы эпидемиологиялық жағдай әлі күрделі екенін атап өтті. Ауру белгілері байқалып, медициналық көмекке өздері  жүгінген пациенттердің қатары жеті есеге артқан. Сондай-ақ, профилактикалық скрининг саны да көбейген.

–Соңғы екі аптада облыс аумағында коронавирустің 122 дерегі тіркелді. Өткен тәулікте ғана 55 адамда індет лабороториялық расталды. Бұл жағдайдың өте күрделі екенін білдіреді. Облыстың 16 әкімшілік аумағында індет таралып үлгерді. Ең көп науқас саны Целиноград, Аршалы, Астрахан аудандарында және Көкшетау қаласында тіркеліп отыр. Жақсы ауданында науқастар болмағанымен, ауру адаммен байланыста болғандар бар. Көкшетау қаласының өзінде науқастармен байланыста болғандардың саны мыңнан асады, – деген өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тұрғындарды барынша сақ болуға, өздерінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Аса қажет болмаса сыртқа шықпай, үйде оқшауланып, адам көп жиналатын орындарға бармаған абзал. Қолды жиі-жиі жуып, антисептик пайдалану, сыртқа шыққанда міндетті түрде маска кию қажет.

Пандемия таралып жатқан қазіргідей кезеңде қандай да бір отбасылық жиын-тойларды, салтанатты шараларды кейінге шегере тұрған дұрыс. Брифинг барысында Айнагүл Мусина өзінің атына шағын және орта бизнес өкілдерінен қоғамдық тамақтану орындарын ашу туралы өтініштер көптеп түсіп жатқанын, бірақ жағдай тұрақталмай мұның мүмкін емес екенін жеткізді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар