29 жоба іске қосылды, тағы 35 жоба жүзеге асырылуда

Осы мақсатқа 7,5 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Олар білім, спорт, мәдениет нысандарын жөндеу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар. Бұл жөнінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысы мен алдағы жоспарлар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Брифингке облыс әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеев, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев және Сандықтау ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаев қатысты.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде соңғы үш жылдың ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау салаларын дамытуға 22 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде үш елді мекенде 29 жоба жүзеге асырылған.
– Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін, әсіресе, шалғай ауылдардың мәдениет пен спорт саласын, жылу, жарық, автомобиль жолдары, ауыз су және ауыл аймақты абаттандыруға бағытталған жобалар, – деді Мәлгаждар Тәткеев.
Облыс бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде биылғы жылы жүзеге асырылатын жобалардың басым көпшілігі Сандықтау ауданының үлесінде.
– Осы жобаларды іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен Сандықтау ауданына 1 миллиард 333,8 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға үш білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде 510 оқушыға арналған №1 Балкашин орта мектебінің терезелері, есіктерін ауыстыру, жылу, сумен жабдықтау, кәріз және электр жабдықтарын жөндеу, еден және шатырын жаңарту, сондай-ақ, қабырғаларын монтаждап, аумағын абаттандыру қарастырылған. Осы бағытта көкшетаулық мердігер «Даяна Сервис» серіктестігімен құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін 237,9 миллион теңгеге келісім-шарт жасалды, – деді Асқарбек Үйсімбаев.
Бүгінгі таңда мердігерлік ұйым осы жұмысқа кірісіп отыр. Жөндеу жұмыстары барысында 66 адам жұмыспен қамтылатын болса, оның 10-ны жергілікті тұрғындар. Аталмыш мердігер компания Сандықтау ауылындағы орта мектепте де 207,6 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Балкашин ауылындағы 145 балаға арналған «Мирас» балабақшасы да жаңаратын түрі бар. Бұған 43,9 миллион теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Еуростройсервис-Көкше» серіктестігі қолға алды. Қазіргі кезде құрылыс алаңында 20 адам еңбек етуде, оның жетеуі жергілікті тұрғындар. Бұл білім беру нысандарының құрылысы жоспар бойынша алдағы оқу жылына дейін, яғни, тамыздың 20-на дейін аяқталуы тиіс.
Брифингте айтылғандай, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Сандықтау аудандық ауруханасына, Балкашин мен Сандықтау ауылдарында ауыл көшелеріне жалпы ұзындығы 14,2 шақырым күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Іргесі 1972 жыл қаланған аурухана да содан бері бір жөнделмеген.
– Аурухананы жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгізілгеніне өте қуаныштымыз. Мұның барлығын жергілікті бюджет есебінен жүргізу мүмкін емес. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жөндеу біздерге тиімді. Жөндеу жұмыстары үшін «Қазбайлық Астана» серіктестігімен 480,8 миллион теңгеге келісім-шарт жасалды, – деді Асқарбек Үйсімбаев.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру ауылдық елді мекендердегі ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар, оларды мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру барысы жергілікті қоғамдастық пен депутаттардың тұрақты бақылауында болмақшы.
Брифинг барысында журналистер баяндамшыларға «Ауыл – ел бесігі» жобасына қатысты өзге де сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар