Өзеннің байырғы атауы – Шора

Өзеннің байырғы атауы – Шора

Өмірді аса терең түсінген гректің атақты ойшылы, философы Платон «Дүниеде болған атақты әулие, батыр, хан, халық, өздері туралы аңыз тудыра білуі керек. Ақындар солардың іс-әрекеттерін ұлғайтып, күшейтіп, әртүрлі қоспалар қосып суреттеп, олардың бойына біткен қасиеттерді аңызға айналдырады, сөйтіп, олардың аты өлмейтін болады» – деген екен. Атақты ғұламаның осы айтқандарын байқап отырсақ, қазіргі біздердің де кейбір іс-әрекеттеріміз соған ұқсас сияқты.

Осыдан 4-5 ғасыр бұрын өмір сүрген шебер құсбегі, саятшы Дүйсен бабамыз жайлы эпикалық «Алабас» атты дастан жазылды, енді есімін мәңгі есте қалдыру ниетінде ұрпақтары бір ауылының атауын «Дүйсен саятшы» деп атау туралы мәселені қолға алып жатқаны өте орынды деп есептейміз және Отан соғысының 75 жылдығына орай, майданда шаһид болғандарға ескерткіш орнату бастамаларына сәттілік тілейміз.
Көңілімізге қуаныш ұялататын бір жай, осы әулет ішінен көкірегі ояу, ақыл-парасаты көңілге қонатын Жанғали атты азаматтың көзге ілігіп, ел жұмыстарына араласа бастауы жұрттың күтіп жүргеніндей оқиға еді. Мұны көрген тәлім-тәрбиесі бар басқа да жастар қатарға қосылар деп үміттенеміз. Тілегіміз адал сөйлеп, ақ ниетпен, әділдікті, ақиқатты ту етіп, ел үшін, халық үшін еңбек атқарар болса, одан асқан бақыт бар ма?!
2018 жылдың 16 қаңтары күні облыстық тарихи-мәдени мұра орталығы бастығының орынбасары Серік Ысқақов деген азамат екеуіміз Шора өзенінің атауын анықтау мақсатында жасы 94-ке келіп отырған қария Есқожа Итжановқа барып сәлем бердік. Отырған үйі жылы, жұмсақ диван үстінде басын көтеріп отырған ақсақал біршама көңілді сыңайда екен, бір қиыны есту қабілетінен мүлде айрылған. Қызы Әлия қағазға үлкен әріптермен жазып беріп, сұраққа жауап ретінде сөйлеседі. Менің қойған жалғыз сұрағыма жауапты зорға алдық. Ол: «иә, Шора деген өзен болған еді..» деп дауысын созыңқырай айтты да, ойланып, көңілінде бір нәрсені ұмытқандай үзіліс жасап, ақыры басқа еш нәрсеге шамасы болмады. Біз де іштей осыған да разы болып, одан әрі қазбалай беруді жөн көрмей, хош айтыстық. Осы оқиғадан кейін бір жылдан соң 2019 жылдың басында облыстық архив мекемесінің мамандары Тобол қаласының 1916 жылғы картасынан Шора өзенінің атауын тауып хабарлады. Бұған қоса, осы жуырда, 2020 жылдың бас кезінде Жанғали Хасенов те тыңнан түрен түргендей бір әңгімені алдымызға тартты. Ол да 95 жастың табалдырығын аттап отырған ағайыны Есқожа Итжанов атасынан кейбір мәселелерді сұраған екен. Сонда есіне көптен түсіре алмай жүрген бір жай оралып, былай депті: «Қыпшақтың батыры Қошқарбай жаугершілік уақытта Жаулыбай атамыздан сауғалап жер сұрап келгенде, бір таудың атын Қошқарбай атап, қойнауынан жер берген. Бірнеше жылдардан соң батырдың екі баласы Тоқтар мен Шора да ер жетіп, жаз өзен бойын жайлауы еткен. Сол кездерден қазіргі Айдарлы мен Серафимовка елді мекендерінің аралығындағы өзен атауы «Шора» деп аталған» – депті қария. Көненің көзіндей естіп-білгені мол ақсақалдың бұл дерегі шындықты шыңыраудан шығарғандай еткені даусыз. Ендігі жерде Қошқарбай өзенін Шора өзені деп өзгертіп, өзінің тарихи атауын созбаламай, қалпына келтіру бүгінгі ұрпақтарының парызы дер едік.
Біздің бұл пікірімізді естеріне алып, түсінген облыстық, аудандық ономастика комиссиясында отырған ұл-қыздарымыз келешекте іске асырып, нүктесін қояр деген ниеттеміз.
Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, ақын, Біржан сал ауданының құрметті азаматы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *