Мақсат биігіне қол созған бапкер

Мақсат биігіне қол созған бапкер

Шырайлы Шымкент қаласында туып-өскен шикі сары бала доп теуіп, футболға қызығушылықты мектеп қабырғасында жүргенде бастады. Қала, облыс чемпионатына қатысып, әдемі ойын өрнегі, шапшаңдығы, жасыл алаңды сезіне білуі арқылы бапкерлер назарына ілікті.

Сөйтіп, Алик Салыбеков өңдірісті Кентау қаласындағы «Фосфорит» командасына шақырту алды. Кешегі кеңес кезеңінде де жақсы футболшыларға «құда түсу» жария болмаса да жиі жүзеге асып тұрды. Көкшетаудың «Торпедо» клубының басшылығы да Оңтүстік өрені Алик Салыбековты аттай қалап алды. Әрине, оған тиісті қаражат төленіп, жайлы жағдай жасалды. Жиырмадан жаңа асқан футболшы жасыл алаңда жасындай жарқырап, жауапты кездесулерде қарсыластар қақпасына бірнеше гол салды. Оның бұл қасиеті көкшелік жанкүйерлердің көңілін көтеріп, алғысқа бөленді.
Осы орайда айта кету керек, Алик Салыбеков ойнап жүрген кезде Көкшетаудың «Торпедосы» сан мәрте Қазақ КСРО чемпионаттарында көш бастады. «Шебер футболшы шекара таңдамайды», – дейді осы саланың мамандары. Алик Сүлейұлы да солардың санатындағы спортшы еді. Соның дәлеліндей, ол 1990-1992 жылдары туған өлкесі – оңтүстікке қайта оралып, Кентаудың «Зенитінде» доп тепті. Арасында Петропавл мен Өзбекстан командаларында әдемі ойын өрнегін көрсеткенін айта кеткен ләзім. Десе де, Көкшетаудың дәм-тұзы табанды футболшыны өзіне тартты. Көкшетауға қайта келген Алик Сүлейұлы біршама уақыт «Оқжетпес» футбол клубының құрамында ойнады. Үлкен футболмен қоштасқанымен, спорттан қол үзбеді. Сөйтіп, 2002 жылдан Көкшетаудағы «Телеком» футбол командасын баптап, бірнеше мәрте қала, облыс чемпионы дәрежесіне жеткізді.
Бүгінде футзалдан Ақмола облысы құрамасының аға бапкері Алик Салыбековтің шәкірттері – мектеп оқушылары, студенттер, жұмысшы жастар, мемлекеттік қызметшілер. Олар жұмасына 3 рет жаттығу жасайды. Екі ай карантинде отырып қалған әуесқой футболшылар дайындықты даладағы жасыл жамылғылы алаңда өткізуде. Алик Сүлейұлы баптайтын әуесқой футболшылар арасынан әкелі-балалы Шүкеновтерді, «Оқжетпес» футзалының жетекшісі Қанат Қожақовты, Щучинск қаласынан ат терлетіп, келіп жүретін іскер азамат Жанат Жүсіповті және өзге де жігіттерді көруге болады.
–Олар жас мөлшеріне қарамастан, теңбіл допты жақсы меңгерген,–дейді Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты «Оқжетпес» балалар футбол мектебінің директоры Мұрат Төкеев.
Өткенге көз жүгіртсек, ардагер футболшы, білікті бапкер Алик Салыбеков дайындаған Ақмола облысының құрамасы Өскеменде өткен Қазақстан Республикасы спартакиадасында екінші, «Ақбидай» ауыл спортшыларының біріншілігінде үшінші орын алды. Өзге де жарыстарда жерлестеріміз сан мәрте жеңімпаз атанды. Бұл Қазақстанның «Құрметті спорт қызметкері», облыс әкімі марапатының иегері Алик Салыбековтың ұзақ жылғы тынымсыз еңбегінің мәуелі жемісі болса керек. Алпыстың ауылына аяқ басқан ардагер футболшы өзі сүйген спорт түрін кейінгі толқын жастарға үйретуден әсте жалыққан емес. Аликтің арманы қара домалақ қазақ балаларын әлемдік доп додасының биігінен көру. Ол осы мақсатта әлі де тынымсыз еңбек ете бермек.
Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *