Ашықтық, тиімділік пен әдептілік – мемлекеттік қызметтің негізі

Мемлекеттік қызметші – бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын жетекші күш. Ол жоғары жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт, яғни, мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып, елінің патриоты болуы тиіс.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет жүйесі мен бірыңғай кадрлық саясатты кәсіби әрі тиімді қалыптастыруға арналған нормативтік-құқықтық база құрылды. Меритократия принципіне негізделген мансаптық өсу моделі енгізіліп, қызметшілерді жұмысқа қабылдап алу тәсілдері жаңғыртылды. Тәлімгерлік пен тағылымдамадан өту сияқты институттар өздерінің оң нәтижесін көрсетті.
Бүгінде облыстың мемлекеттік органдарында бес мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Қызметшілердің біліктілік сапасы жылдан-жылға артып келеді, олардың 88 пайызы жоғары кәсіби білімді мамандар. Оның ішінде 17,4 пайызы екі немесе одан да көп жоғары білім алғандар, олардың қатарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, шет ел оқу орындарында білім алған азаматтар бар.
Кадрлардың ауыса беруін азайту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жалғасын табуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет жүйесінен босатылғандардың, яғни, жұмыстан шыққандардың саны 1,3 пайыздан аспайды. Лауазымды орындарда жұмыс істеп жатқандардың орташа еңбек өтілі 4 жылды құрайды, бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын айқын аңғартып отыр. Жастарды мемлекеттік қызметке тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да өзінің жақсы нәтижелерін беруде. Қызметшілердің 20 пайызы жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындап, оны алға жылжыту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, онда көрсетілген мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасып, оны атқару, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша азаматтардан келіп түсетін өтініштердің жедел әрі сапалы қаралуына ерекше назар аударылады.
Облыстағы мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасы өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары бағаға ие болды. Қызмет алушылардың қанағаттану деңгейінің жоғары екендігін қоғамдық мониторинг та анықтап берді. Кәсіби білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару жүйесі үшін қай уақытта болмасын басым міндет болып қала береді. Заңнамалық талаптарға сәйкес мемлекеттік қызметшілер жүйелі түрде қайта даярлау, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады.
Облыстың мемлекеттік аппараты түрлі өзгерістер мен сыртқы сын-тегеуріндерге қашан да ұйымдасқан түрде дайын екендігін көрсетті. Әлем халқын жегі құрттай жалмаған коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин режимі жағдайында мемлекеттік қызметшілер қашықтықтан жұмыс істеп, алға қойылған міндеттерді сәтті орындады. Қашықтықтан жұмыс істеген қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу еңбек заңнамасымен реттеліп, толық көлемде жүзеге асырылды. Аталған өзгерістер мемлекеттік аппарат жұмысының форматын өзгертуге, мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Қазір облыста эпидемиологиялық жағдай күрделеніп, карантин күшейтілгендігі белгілі. Сондықтан, облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысты.
Бүгінде әрбір мемлекеттік қызметші біліктілігі мен құзыреттілігін, қабілеті мен жетістіктерін және өзінің лауазымдық міндеттерін адал атқарғандығын ескере отырып, мансап жолында өсу мүмкіндігіне ие.
Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибесін тарату, озат мемлекеттік қызметшілерді айқындап, көтермелеу мақсатында «Үздік мемлекеттік қызметші», «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқаулары жыл сайын ұйымдастырылады.
Кәсіби мереке қарсаңында өңірдегі мемлекеттік қызметтің қалыптасуының бастауында тұрған, көптеген білікті кадрларды тәрбиелеп шығарған Марат Құлмағамбетов, Валентина Козинская, Шынарбек Батырханов, Николай Политкин, Ғосман Төлеғұл, Павел Трищ сияқты біздің ардагерлерді ерекше атап өткім келеді. Заманауи мемлекеттік қызметтің көптеген трендтері ең алдымен дәл осы біздің облыста туындаған. Бәрінен бұрын, ол – жастармен бірлесіп жұмыс істеу, тәлімгерліктің өркендеуі, кадрлық қызметті әдістемелік басқару. Бүгін зейнеткерлік демалыста жүрген біздің құрметті ардагерлеріміз облысымыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, жас мамандармен өздерінің өмірлік бай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, қоғам мен мемлекетке адал қызмет етуге шақырып, ақыл-кеңестерін беруде.
Мемлекеттік қызмет әрқашан құзыретті, жауапты, аянбай еңбек ететін, парасатты әрі адал адамдардың ісі болып қала береді. Ал, ашықтық, тиімділік және әдептілік деген ұстанымдар бұл істің негізі. Қазіргі заманғы Қазақстанның мемлекеттік аппараты қоғамның сұраныстарын шұғыл қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірінің жақсаруына ықпал етуге талпынуда.
Құрметті мемлекеттік қызметшілер, әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметші күнімен құттықтаймын! Өздеріңізге және жақындарыңызға мықты денсаулық, бақ-береке және еліміздің игілігі жолындағы барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Берген БЕСПАЛИНОВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар