Салық қызметінің үздігі

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының сәтті жүзеге асырылуы бір есептен, білімді де адал, заңға құрметпен қарайтын және адамдардың қажеттіліктеріне жауап бере алатын мемлекеттік қызметкерлердің арқасы. Мемлекеттік биліктің сауатты, кәсіби аппаратымен ғана кез-келген міндетті жүзеге асыруға болады. Көп нәрсе еңбекке, халыққа өз орныңда адал қызмет етуге байланысты.

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті де өз ұжымында ғана емес, сонымен бірге, тұтастай алғанда облыста лайықты бедел мен құрметке ие қызметкерлерден кенде емес. Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында сондай жандардың бірі – Майра Қарауылова туралы бөле-жара айтқым келеді. Майра Мағжанқызы салық органдарына қызметке 1995 жылы орналасқан. Салық жүйесіндегі жұмысы барысында ол өзін білікті кәсіби маман, жауапкершілігі мол жастар тәлімгері ретінде көрсете білді. Сөйтіп, осы қасиеттерінің арқасында мемлекетіміздің дамуы үшін алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындауға ынталылығын таныта алды. Қатардағы инспектордан Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы қызметіне дейінгі баспалдаққа көтерілген Майра Мағжанқызы қазіргі уақытта осы департаменттің Астрахан ауданы бойынша басқарма басшысы.
Білікті басшы соңғы жаңа қызметіне тағайындалғаннан кейін ұжымның ісі алға басып, департаменттің үш жылдағы рейтингісінің нәтижелеріне сәйкес Астрахан ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы көшбасшы орындардан көрінді. Осы жоғары көрсеткіштері үшін Майра Қарауылова «Үздік салық қызметкері» төсбелгісімен, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Ол Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарының және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құзырындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамоталарының бірнеше мәрте иегері.
–Табысты жұмыс істеу үшін ұжымдағы психологиялық ахуал да өте маңызды,–деген Майра Мағжанқызы өзі басшылық етіп отырған қызметкерлерінің ауызбіршілігі мен ынтымағына дән риза. Өйткені, ұжымның жұмысын үйлестіру мен әр қызметкердің өнімді ісі басшы ретінде өзіне байланысты екенін жақсы түсінеді. Ұжым мүшелері өз салаларында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен ардагерлермен де жиі бас қосып, олардың тәжірибелерін үйреніп қана қоймай, аға ұрпаққа қашанда құрметпен қарау қағидасына баса мән беріп келеді. Мұның да ортақ істе көмегі зор.
Заманауи мемлекеттік қызметшінің басты миссиясы – өз міндетін адал атқарып, ел мүддесі үшін еңбек етудің маңыздылығын барынша сезіну және соны іс жүзінде дәлелдеу болмақ. Бұл тұрғыда, салық қызметінің аудандық буынында басшылық тізгінін ұстаған Майра Мағжанқызы Қарауылованың еңбегі зор.
Нұрлан ЫСҚАҚОВ,
Ақмола облысы бойынша
мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар