Әскери міндет – абыройлы парыз

Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылдың 12 ақпанында «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді 2020 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында запасқа шығару, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының азаматтарын 2020 жылдың наурыз-тамызында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында елімізде тиісті ұйымдық шаралар жүзеге асырылуда.

Биылғы шақырылымның ерекшелігі оны өткізудің мерзімінде болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті 2020 жылдың 30 сәуірінде қабылдаған Жарлық бойынша, азаматтарды міндетті әскер қатарына шақыру уақыты маусым айынан тамызға дейін ұзартылды. Бұл елімізде төтенше жағдай жарияланған кезеңде әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылғанымен байланыстырылады.
Қазіргі күні де сақтандыру шаралары қатаң бақыланады. Коронавирус індетінің алдын алу, әскерге шақырылушылар мен науқанды өткізуге тартылған ла-уазымды тұлғалардың вирусты тарату және жұқтыруын болдырмау мақсатында шақыру пункттерінің кіре берістерінде медициналық залалсыздандыру дәліздері (фильтрлер) орнатылған. Бұл аумақта күнделікті дезинфекциялық шаралар өткізіледі. Облыстық медициналық комиссияның құрамына дәрігер-инфекционистер енгізілген. Сондай-ақ, әскерге шақырылушыларды шығарып салу салтанаттары тоқтатылды.
Маңызды науқанның басты міндеті – әскер құрамаларын дені сау, моральдық тұрғыда мінсіз дайындықтағы жас сарбаздармен толықтыру. Бұл орайда, жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылатын комиссияларды аудан әкімінің орынбасары, ал, медициналық комиссияны денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары басқаратын дәстүр қалыптасқанын айту қажет.
Әрбір әскери құраманың ерекшелігіне сай өз талаптары бар және әскерге шақырылушылар осыған байланысты іріктеледі. Мысалы, Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық университеттің әскери-ғылыми взводын толықтыру үшін өзге талаптармен бірге ІТ мамандықтары бойынша білімі болғаны маңызды, ал, десант және арнайы мақсаттағы құрамаларда денсаулығы мықты, бойы 170 сантиметрден кем емес және спортпен айналысушыларға басымдық беріледі. Сонымен қатар, еліміздің Қарулы Күштері музыканттарға, аспаздарға, автомобиль жүргізушілеріне, байланысшыларға және басқа мамандықтағы жастарға да зәру.
Әскери бөлімге келген жас сарбаздар екі апталық оқшаулау әдісімен COVID-19 індетіне қарсы зертханалық байқаудан өткізіледі. Карантин кезінде медициналық тексеріспен қатар олар әлеуметтік-психологиялық талдау мен алғашқы әскери дайындық шараларына тартылады.
Әскери бөлімде, жас сарбаздар оқу орталықтарында 6 ай бойы БТР, БМП, танктердің жүргізуші-механигі, артиллериялық және минометтік қарулардың командирлері, оқтаушылары, инженерлік қамтамасыз ету, байланыс мамандығына машықтанады.
Бұдан кейін жауынгерлер әскери бөлімдерге жіберіледі. Осы ретте, жоғары және орта-техникалық білімі бар жастар алты айдан кейін келісім-шарт (контракт) бойынша әскери қызметке алыну құқына ие болады, яғни, өз өмірін әскери қызметпен байланыстыра алады.
Сондай-ақ, азаматтар төмендегі негізде әскерге шақырудан уақытша немесе толықтай босатылады: отбасы жағдайымен, оқуын жалғастырушылар, денсаулығына қатысты. Бұған қоса, мынадай жағдайлар да қарастырылған: педагогтар – барлық қызмет мерзімінде, селолық жердегі дәрігерлер, өз өкілетті кезеңінде Парламент немесе жергілікті өкілетті органдардың депутаттары, тергеу үстіндегі адамдар, азаматтық әуе кемелері экипажының мүшелері, азаматтық авиацияның инженерлері, механиктері және техниктері, кеме экипажының мүшелері, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіби даярлықтан өтіп жатқан азаматтар әскерге шақырудан босатылады.
Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери қызметтің қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөледі. Әскери прокуратура, сондай-ақ әскери полицияның қатысуымен жауынгерлік ұжымдарда қалыпты моральдық-психологиялық жағдайды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Әскери бөлімнің әрбір ғимаратында бейне бақылау орнатылған. Мұнда гарнизон прокурорының және әскери полиция отряды басшысының сенім жәшіктері қойылған, кез-келген хабарлама жедел қаралып, тиісті шешім қабылданады.

Нұрлан Сұлтанбаев,
Ақмола облыстық қорғаныс істері
департаментінің әскери-патриоттық қызмет бастығы, капитан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар