Көкшетау карантинге жабылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина маусымның 24-інен бастап облыс аумағында енгізілетін карантиндік шектеу шаралары туралы хабарлады.

Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, маусымның 24-і кешкі сағат сегізден бастап Көкшетау қаласы және маусымның 26-сы түнгі сағат он екіден бастап Степногорск қаласы карантинге жабылады. Аталған қалаларға кіріп-шығу тек медициналық, санитарлық қызмет мамандарына, полиция, сот органдары қызметкерлеріне және жүріп-тұруға рұқсаты бар тұлғаларға ғана рұқсат етіледі. Рұқсатнаманы stopcorona сайтынан алуға болады. Бұрын мұндай құжаты болған кәсіпорындар рұқсатнаманы тағы да алулары тиіс.

Облыс орталығы тұрғындарының кешкі 22.00-ден бастап таңғы 6.00-ге дейін жаяу және жеке көліктерімен жүруіне тыйым салынды. Егер, жеті күннің ішінде вирус жұқтырғандар саны азайса, онда бұл шектеу шаралары біртіндеп алынады.

–Қазір қалада карантиннің бірінші кезеңімен салыстырғанда ауру жұқтырғандар саны 50 есеге артты. Егер, бұл шектеулер індеттің таралуына тосқауыл бола алмаса, карантиндік шектеу шаралары күшейтіле түседі. Маусымның 23-іне дейінгі жағдай бойынша облысымызда коронавирус жұқтырған науқастардың саны 651 адамға жетті. Оның 349-ында аурудың симптомды түрі анықталды. 8 адам індеттің салдарынан көз жұмды. Соңғы кездері Көкшетау мен Степногорск қалаларында науқастар санының өскені байқалады. Сол үшін карантин шараларын қатаңдатуға мәжбүр болып отырмыз. Облыста коронавирус дерегі тіркелмеген бірде бір аудан қалған жоқ. Стационарлардағы орындардың 60 пайызы толық. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша орындар дайындалуда, – деді бас санитарлық дәрігер.

Жаңадан қабылданған қаулыға сәйкес, тұрғындарға парктерде, алаңдарда және жағалауда серуендеуге шектеу қойылады. Отбасылық шараларды өткізуге, үйге көршілердің, таныстардың келуіне рұқсат етілмейді. Ал, жаназаға келушілердің саны 30 адамнан аспауы тиіс.

Сонымен қатар, облыс бойынша барлық медициналық мекемелерде ауруханаға жоспарлы жатқызу уақытша тоқтатылады. Тек, шұғыл түскен науқастар ғана жатқызылады. Дәрігерлік мекемелер бұрынғыша күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимде жұмыс істейді. Скринингтер мен профилактикалық тексерулер ғана болмайды. Балаларға екпе егу жалғасады.

Көкшетауда қоғамдық тамақтану кәсіпорындары тапсырысты үйге жеткізу форматына көшіріледі. Тек, столдардың арақашықтығы екі метрден кем емес жаздық дәмханалар жұмыс істейді. Мұндай орындарда үлкен жиындарды өткізуге рұқсат етілмеген.

Айта кететін тағы бір жай, мемлекеттік қызметшілердің 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшеді. Брифингте сөз алған бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Көкшетаудан облыстық рейстерде жүрген автобустар енді қатынамайтынын айтты. Теміржол мен әуе қатынасы тоқтамайды. Тағы бір жаңашылдық, облыс орталығында және Степногорск қаласында қалаішілік қоғамдық көліктер бұрынғыша санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақтала отырып күні бойы жүреді.

Банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы онлайн форматқа көшіріледі. Онлайн көрсетілмейтін қызметтер алдын ала жазылу арқылы сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін көрсетілетін болады. Монша, хауздардың, азық-түлік дүкендерінің және азық-түліктік емес сауда орындарының жұмыс уақыттарына да шектеу қойылды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар