Биыл өңірімізде 111 ет фермасы мен 18 тауарлы-сүт фермасы ашылады

Биыл өңірімізде 111 ет фермасы мен 18 тауарлы-сүт фермасы ашылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды.

Брифингке облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев қатысты. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде биылғы жылы барлығы 4,9 миллион гектар егістік алқапқа тұқым себілді. Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алдын ала белгіленген кестеге сай науқанды ойдағыдай аяқтады. Ендігі уақытта егінді баптап, зиянкестерден қорғау, мал азығын дайындау сияқты жұмыстар күтіп тұр. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу үшін үстіміздегі жылы «Қазагро» ҰБХ», «Аграрлы несие корпорациясы», «Продкорпорация» акционерлік қоғамдары сияқты қаржы институттары арқылы 30,3 миллиард теңге қаржы бөлінді.
Сонымен бірге, «Еңбек» нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы үшін «Аграрлы
несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 903 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жалпы сомасы 3 миллиард теңге несие берілді. Жалпы, биылғы жылы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін 70,5 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.
– Ел экономикасының ең маңызды саласы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қажеттілігі бүгінгі күннің басты мәселесі. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында нақтылы міндеттерді жүктеді. Осы бағытта бірқатар мемлекеттік бағдарлама қабылданып жүзеге асырылуда. Осы арқылы егіс саласын әртараптандыру, тек бидайға ғана иек артпай, майлы және басқа да дақылдарға басымдық беру, асыл тұқымды мал өсіруді қолға алу, тауарлы-сүт фермасын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеп, экспортты әулетті арттыру қажет, – деп атап өтті Ғалымжан Әбдіхалықов.
Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының айтуына қарағанда, өңірде жалпы саны 31,5 мың бас ірі қараға арналған 7 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында Көкшетау қаласында «Биборд» серіктестігінде 5 басқа арналған бордақылау алаңын ашу жоспарланған. Сондай-ақ, биылғы жылы 18 тауарлы-сүт фермасы құрылатын болады. Бұл 2022 жылдары сүт өндірісін жылына 40 мың тоннаға дейін жетікізуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, облыста мал басын көбейту жұмыстары да жүргізілуде. Осы бағытта 2020 жылы 111 ет фермасын ашу жоспарда бар.
– Жалпы облыста 2019-2023 жылдар аралығында барлығы 35 мың бас сиыр сатып алу арқылы етті бағыттағы жаңа 700 ферма ашу межеленіп отыр, – деп толықтырды Димаш Таласбаев.
Брифингте өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзге де салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Жалпы, алдағы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуда үлкен оң өзгерістер күтіп түр. Оны бұл орайда, баяндамашылар келтірген жобалар мен сандардан байқауға болады. Сонымен бірге, суармалы егіншілікті дамыту, экспорттық әлеуетті көтеру және биылғы құрғақшылықтың егіннің өсуіне тигізіп жатқан кері әсері сөз болды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *