Әлеуметтік салаға әрдайым жете көңіл бөлінеді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Аршалы ауданында болып, бірқатар мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау нысандарыдна жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты және алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын пысықтады.

Жұмыс сапарын облыс басшысы №1 агротехникалық колледж жатақханасының күрделі жөндеу жұмысы барысымен танысудан бастады. Бұл нысан 1979 жылы салынған. 400 орындық колледжде бүгінгі күні 240 оқушы білім алады. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», бағдарламасы аясында колледж жатақханасына күрделі жөндеуге 138,8 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазір бұл жұмысты «КРОФАС» серіктестігі жүргізуде. Аудан әкімі Талғат Мұхамеджанов аталмыш бағдарлама бойынша ауданда 7 жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Өңір басшысы колледждің оқу бөлмелерін аралап көріп, оның жабдықталуына оң бағасын берді. Асхананың, спортзал мен зертхананың ағымдағы жөндеу жұмысының сапасына назар аударды.
Бұдан соң облыс әкімі нөмірі №2 Аршалы орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмысының жай-жапсарымен танысты. Бұл білім ошағы 1962 жылы салынған. Өткен жылы « Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлініп, мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. 289 орындық білім ошағында қазір 366 оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратының шатыры ауыс-тырылып, іш-сырты, жылу, су және кәріз жүйесі жөнделген. Ол жөнінде мектептің директоры Ирина Слободянюк айтып берді. Облыс басшысы білім ошағының оқу бөлмелері мен залдарын аралап көрді. Ағымдағы жөндеуден өткен мектеп кең әрі жарық.
Одан әрі өңір басшысы аудандық ауруханада болды. Мекеме ғимараты 1991 жылы пайдалануға берілген екен. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Бас корпустың іші мен сырты қалпына келтіріліпті. Аудандық аурухана бір ауысымда 200 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ, 70 керуеттік тәулік бойғы стационар жұмыс істейді. Облыс әкімі карантин мәселесіне назар аударып, жоспардан тыс көмек бөлмесінің жағдайымен танысты. Аурухананың бас дәрігері Альбина Анохина аудандағы коронавирус індетінің қазіргі жайы туралы айтып берді.
Бұдан кейін облыс басшысы кенттегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысымен танысты. Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлініп «Риголит» серіктестігі құрылыс жұмысын бастаған екен. Бүгінгі күні барлық жұмыстың 85 пайызы атқарылыпты. Өңір басшысы жергілікті жердің еңбеккерлерін жұмысқа тарту, нысан маңайын абаттандыру мәселесіне назар аударды. Бұдан кейін бу қазандығында болып, жылу маусымына дайындық жайын сұрап білді.
Облыс әкімі сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысының барысымен де танысты. 200 орындық көрермен залы бар мәдениет ошағындағы жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталмақшы. Облыс басшысының жұмыс сапары одан әрі Волгодоновка селосында жалғасын тауып, осындағы орта мектептің ағымдағы жөндеу жұмысының барысымен танысты. Мектеп директоры Любовь Гусеваның айтуынша, білім ошағының ғимараты 1967 жылы салынған. 140 орындық мектепте бүгінгі күні 196 оқушы білім алуда. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 17,2 миллион теңге бөлініп, мектеп ғимаратының шатырына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. «Казцентрпроект» және «Сатурн» серіктестіктері мектептің есік пен терезелерін ауыстыруда. Облыс әкімі селолық клубта жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының барысына назар аударды. Мәдениет ошағына музыкалық аспаптар сатып алу үшін 5 миллион теңге бөлінетінін айтты. Одан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары Ерейментау ауданында жалғасын тапты.
(Облыс әкімінің Ерейментау ауданына жұмыс сапарын газетіміздің келесі нөмірінен оқитын боласыздар).
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар